MH17 ұшағының апаты. Үш ресейлік, бір украиналық сепаратист сотқа тартылмақ

MH17 ұшағы құлаған аймақ. Украинаның шығысы, 17 шілде 2014 жыл.

2014 жылы Украинада құлаған Malaysia Airlines әуе компаниясының MH17 ұшағының апатына байланысты 9 наурызда Гаагада (Нидерланд) сот басталды.

КҮДІКТІЛЕР КІМ?

Қылмыстық іс бойынша, Ресей азаматтары Игорь Гиркин, Сергей Дубинский және Олег Пулатов; Украина азаматы Леонид Харченко 298 жолаушының өліміне айыпталған.

Ұшақ апатына күдіктілердің суреті.

2014 жылы, Украина мен Ресей арасында қақтығыс күшейген тұста, Malaysia Airlines әуе компаниясының Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып шыққан MH17 рейсі Украинаның шығысында құлаған. Бұл уақытта Украинаның шығысы Ресей қолдайтын сепаратистердің бақылауында еді. 2014 жылы Мәскеуден қолдау көріп отырған сепаратистер Украинаның шығысын бақылауға алып, содан бері Украина әскерімен қақтығысып келеді.

Тергеушілер ұшақты Ресейдің «Бук» зымыран жүйесімен атып түсіргенін айтады. Апаттан ұшақтағы 298 адамның барлығы қаза болды. Олардың арасында 193 нидерландық, 43 малайзиялық, 38 австралиялық бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тізімдегі төртеу. Донбастағы ұшақ апатына күдіктілер

Төрт күдікті де Ресей қолдайтын сепаратистер аймағында жоғарғы қызмет атқарған.

  • Игорь Гиркин (Стрелков) – Ресей федералды қауіпсіздік кеңесінің (ФСБ) бұрынғы полковнигі. Ұшақ құлаған тұста ол сепаратистердің жариялап алған «Донбасс халықтық республикасының» (ДНР) қорғаныс министрі
  • Олег Пулатов (Халиф) – Ресей әуе күштерінің бұрынғы подполковнигі. Ұшақ апатқа ұшыраған кезде «ДНР ГРУ» 2-бөлімінің командирі болған. Тергеушілер ол «Бук» зымыран жүйесін орналастыруға жауап берген деп айыптайды.
  • Сергей Дубинский (Хмурый) 2014 жылы шілдеде «ДНР ГРУ» бөлімін басқарған. Bellingcat зерттеу тобының дерегінше, ұшақ апатынан кейін Дубинский Гиркинге хабарласып, «Бук» зымыран жүйесін тез арада Ресейге апарып тастауды талқылаған.
  • Украиналық Леонид Харченко (Крот) де Гиркинге хабарласып, украиналық әскерилерді артиллериялық соққы жасауды сұраған.

Күдіктілердің төртеуі де 9 наурыздағы сотқа келмеді. Егер олар алдағы отырыстарға келмесе я заңды өкілдерін жібермесе, сот төртеуінің қатысуынсыз өтпек. Гаагадағы сот 2021 жылдың наурызының соңына дейін жалғаспақ.

УКРАИНА, НИДЕРЛАНДЫ, МАЛАЙЗИЯ БИЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Украина президенті Владимир Зеленский сот алдында Twitter парақшасында «әділдік орнап, 298 кінәсіз адамның өліміне кінәлілар жауап береді» деп жазды.

Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте 6 наурызда сотты «шындықты ашуға, әділдікті орнатуға өте маңызды қадам» деп атады. Рютте MH17 апаты бойынша басқа да соттар болатынын мәлімдеді. «Қайғылы оқиғаға басқа да адамдардың қатысы бар-жоғы қазір тексеріліп жатыр» деді ол.

Гаагада жұрт Ресей елшілігі алдында бос орындықтар қойып, қарсылық шарасын өткізді. Бос орындықта ұшақ апатынан қаза болған жолаушылардың суреті. 8 наурыз 2020 жыл.

Малайзия мен Австралия үкіметі де соттың басталғанын қолдады. Малайзия сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде «бұл сот – адамдарды өліміне кінәлілерді табатын маңызды қадам» деді.

Апатты бірнеше жыл бойы тергеген Нидерланд тергеушілер тобының пайымдауынша, сотта жауап беруі тиіс төртеу ұшақты атып түсіру жоспарын құрған. Ал ұшақты атып түсіруге тікелей қатыспаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейшіл содырлар мақтанып, MH17 ұшағы құлаған күн

2018 жылы батыс тергеушілері ұшақты атып түсірген «Бук» зениттік жүйесі Ресейдің 53-зениттік-ракеткалық бригадасына тиесілі екенін анықтаған.

Апатты тергегендер Донецктегі сепаратистер Ресейдегі серіктестерімен жиі телефонмен байланысқанын, телефон желісін Ресей қауіпсіздік қызметі қорғағанын айтады.

РЕСЕЙДІҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Батыс тергеушілері ұсынған дәлелдерге қарамастан ресми Мәскеу Украинадағы ұшақ апатына қатысы жоғын бірнеше рет мәлімдеп келеді.

6 наурызда Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова «сот алдында басылымдар Ресей мен оның халқына қарсы кампания жүргізді» деп айыптады.

Кремль Украинаның шығысындағы сепаратистерге әскери я қаржылай қолдау көрсетпейтінін де алға тартып, халықаралық тергеу топтарының дәлелдерін жоққа шығарады.

Ресей билігі MH17 ұшағының тергеуіне қатысқан жоқ. Мәскеу ұшақ апатына Украина әскерилерін де айыптаған.