17 желтоқсанда Исламабадта өткен сот отырысында үш судьяның екеуі Мушаррафты өлім жазасына кесуді қолдады. Ол 2016 жылы Дубайға емделуге баруға рұқсат алып, содан бері БАӘ елінде тұрып жатыр.
Мушарраф 1998 жылы Пәкістан әскерінің басшысы болып тағайындалды.
1999 жылы мамырдағы Пәкістан мен Үндістан арасындағы Каргил соғысынан соң Мушарраф пен сол кездегі премьер-министрі Наваз Шариф арасына сызат түсті.Генерал Мушарраф 1999 жылы елде әскери төңкеріс жасап, Наваз Шарифті биліктен құлатқан. Мушарраф елде 2001-2008 жылдары президент болды.
2007 жылы қарашада генерал Мушарраф ел конституциясын уақытша жарамсыз деп танып, елде төтенше жағдай жариялады. Оның бұл шешімінен соң Пәкістанда наразылық күшейді. 2008 жылы ол биліктен кетуге мәжбүр болды. Сол жылы генерал елден қашып кетті. 2013 жылы Пәкістанға қайта оралып, сайлауға түспек болғанымен, сот оның сайлауға қатысуына тыйым салды.
2013 жылы билікке Наваз Шариф қайта оралып, сол жылы Мушаррафты "отанына сатқындық жасады" деп айыптап, үстінен іс қозғады.
Мушаррафқа "билігін нығайту үшін 2007 жылы ел конституциясының күшін жойды және елде төтенше жағдайды негізсіз жариялады" деген айып тағылған.
Биыл желтоқсанның басында Мушарраф Дубайдағы ауруханадан видео жолдап, өзіне қозғалған істі "негізсіз" деген. Оның ойынша, бұл істің саяси астары бар.
Ол – Пәкістанда жауапқа тартылған алғашқы әскери басшы. Дубайда тұрып жатқан Мушарраф сот отырыстарына барудан бас тартқан.
Пәкістан конституциясына сай, "отанына сатқындық жасағандар" өлім жазасына кесіледі.
2008 жылға дейін елді басқарған генерал Мушарраф бірнеше рет қастандықтан аман қалды.