Британия мен Израиль Дубайда Хамас қолбасшысының өліміне байланысты британиялық және ирландиялық жасанды төлқұжаттардың қалайша пайдаланылғанына қатысты тергеу ісін бастап отыр. Британия мен Ирландия бұл мәселені талқылау үшін Израиль елшілерін шақыртып алды.
Британия мен Ирландия үкіметтері Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Хамас қолбасшысын өлтірген күдіктілердің жасанды британиялық және ирландиялық төлқұжаттарды пайдаланғандығын талқылау үшін Лондон мен Дублиндегі Израиль елшілерін шақыртып алды.
Израилдің Лондондағы елшісі Рон Просордан Сыртқы істер министрлігіндегі жоғары лауазымды ресми өкілмен кездесуін сұрады. Осыдан бір күн бұрын премьер-министр Гордон Браун төлқұжаттар жанжалына байланысты «толық тергеу» жүргізуге шақырды.
Ирландияның сыртқы қатынастар бойынша министрі Майкл Мартин Израиль елшісін шақыртып алып, ирландиялық төлқұжаттардың пайдаланылуын «өте күрделі оқиға» деп сипаттады.
Осы аптада Дубай полициясы Махмуд әл-Мабхухтың өліміне қатысы бар күдікті 11 азаматтың аты-жөндері мен суреттерін және
Дубай полициясының басшысы Дхафи Халфан Хамас қолбасшысының өліміне қатысты қылмыстық іздеу жарияланған 11 күдіктінің суреттерін баспасөз-мәслихатында көрсетті. 15 ақпан 2010 жыл.
еуропалық төлқұжаттарының мәліметтерін жариялады. Хамас қолбасшысы қаңтар айында Дубайдағы қонақ үйде өлтірілген болатын.Әлгі күдіктілердің арасында 6 британиялық, 3 ирландиялық, бір германиялық, сондай-ақ, француз азаматы бар делінеді. Олардың кемінде жетеуінің Израилдегі нақты адамдардың аты-жөндерімен сәйкес келгендігі анықталған.
Британия төлқұжаттарында көрсетілген адамдардың қос азаматтығы - Британия мен Израиль азаматтығы бар екендігі айтылып отыр. Бірақ күдіктілердің барлығы Хамас қолбасшысының өліміне қатысымыз жоқ дейді.
Олардың бірі британдық Израиль азаматы Стефен Ходес Израиль теледидарына берген сұхбатында енді өзінің өмірі үшін қорқатындығын айтты.
«Мен не болып жатқандығын білмегенім үшін таң қалып отырмын. Олардың мені қалай тапқандығын білмеймін. Мен туралы мәліметтерді қайдан алғандығын да білмеймін. Мен елден 2 жыл шықпағанмын және Дубайға ешқашан барған емеспін. Мұның артында не тұрғанын білмеймін. Мен қорқып отырмын. Бұл ірі күштер», - дейді Ходес.
Британия премьер-министрі Гордон Браун бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізуді бұйырды. Британия билігінің айтуынша, табылған британиялық құжаттар қолдан жасалған жасанды болған.
Ұйымдасқан қылмыстар бойынша агенттік Дубайда пайдаланылған төлқұжаттардағы суреттер мен қолтаңбалар Британияда берілген төлқұжаттардағылармен сәйкес келмейді дейді.
Сәрсенбі күні Ирландия сыртқы істер министрі Майкл Мартин де Дубайда пайдаланылған үш ирландиялық төлқұжаттың нөмірлері дұрыс, бірақ олар өзге адамдарға берілген деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Сыртқы қатынастар жөніндегі департамент әлгі құжаттардың ұрланғанын немесе жоғалған болуы мүмкіндігін тексеріп жатыр.
Дубайдағы оқиғаға Израилдің «Моссад» тыңшылық агенттігі мен оның агенттерінің қатысы бар болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.
Израиль сыртқы істер министрі Авигдор Либерман радиодан сөйлеген сөзінде «Израиль ешқашан жауап бермейді, ешқашан растамайды
Қастандықпен өлтірілген Махмуд әл-Мабхухтың денесі. Марқұмды жерлеу алдында Дамаск ауруханасында түсірілген сурет. 29 қаңтар 2010 жыл.
және еш уақытта жоққа шығармайды» деп атап көрсетті.Ол сондай-ақ «неге біз Израилдің немесе «Моссадтың» әлгі төлқұжаттарды пайдаланғандығы жөнінде болжам жасап отырғанымызды білмеймін» деп мәлімдеді.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Әл-Баян» газеті Дубай полициясының басшысы Дхафи Халфанның айтқандарын келтіре отырып, әл-Мабхухты өлтірді деп күдіктелген азаматтардың төлқұжаттары жасанды емес деп хабарлады.
«Әл-Баянның» жазуынша, бұл өлімге қатысы бар деп күдіктеліп, Иорданиядан экстрадицияланған екі палестиналық азаматтың біреуі Газада бақылау орнатқан Хамас қауіпсіздік күштерінің офицері болған.
Басылым аты-жөнін атағысы келмеген бұлақтардың айтқандарын келтіре отырып, Хамас тобы әлгі азаматтың Израиль барлау агенттігімен байланысы бар екендігін анықтаған соң ол Газадан қашып кеткен деп хабарлады. Сөйтіп, ол азамат Дубайдағы күдікті команданың мүшесімен кездескен деп жазады аталмыш газет.
Күдікке ілінген кісілер Дубайға қаңтардың 19-да барған. Сирияда тұрып жатқан әл-Мабхух содан бір күн бұрын Дубайға ұшып келген. Әлгі күдіктілер Біріккен Араб Әмірліктерінен қаңтардың 20-да шығып кеткен, ал дәл осы күні әл-Мабхухтың мәйіті табылған.
Хамас өз кезегінде бұл өлімнің артында кімнің тұрғандығына күмән жоқ дейді.
Сәрсенбі күні Газаның солтүстігінде 3 мыңға жуық қолдаушысының алдында сөйлеген сөзінде бұл жауынгерлік топтың әскери қанаты Израиль туын таптап, кек алуға уәде етті. Хамастың баспасөз хатшысы Абу Убайда былай деп мәлімдеді:
«Бүгін біз осы қылмысты жасаған жауымызға кек аламыз деп айтуға келдік. Міндетті түрде кек қайтарамыз».
Дубай мен Израиль арасында ресми дипломатиялық байланыс жоқ. Бірақ Дубайдағы оқиға Британия мен Израиль қарым-қатынастарына әсер етуі мүмкін.
Британия парламентінің мүшесі Джереми Корбин егер Израиль елшісі лайықты жауап қайтара алмаса, оны елден шығаруға шақырды.
Айта кету керек, Израилдің «Моссад» тыңшылық агенттігі бұдан бұрын да жасанды құжат жасады деп айыпталған болатын.