Accessibility links

Бұрынғы советтік елдер Газадағы жанжалға бей-жай қарай алмайды


Израиль әскерінің танкілері Газадағы Бейіт Лахада тұр. 7 қаңтар, 2009 жыл.
Израиль әскерінің танкілері Газадағы Бейіт Лахада тұр. 7 қаңтар, 2009 жыл.

Совет Одағының ыдырауынан кейін Израильмен қарым-қатынас орнатқан ТМД кеңістігіндегі, негізінен, мұсылман елдерінің ресми билігі, ел ішінде Израильдің соғысына қарсы қоғамдық пікір қалыптасып отырса да, соғысушы жақтардың бірін де ашықтан-ашық қолдауға асықпады.

Ал өздерінің стратегиялық мүдделерін көздеген Ресей мен Грузия сынды өзге елдер екі жақтың бірін ашық қолдап шықты.

Жыл басынан бері Әзірбайжанның исламшыл ұйымдары Израильдің Газа аймағындағы соғысына қарсы бірнеше рет наразылық митингісін өткізді. Соңғы рет - 5 қаңтар күні Бакудің жанындағы Нардаран қышлағында бейресми наразылық митингісі болып өтті. Оған бірнеше жүз адам жиналды. Митингіге қатысқандардың бірі Мұстафаев Абдулла Азаттыққа берген сұхбатында Израильдің Палестина халқына қарсы соғысын геноцид деп бағалады.

- “Біз, Нардаранның мұсылмандары, Израильдің палестиналықтарға қарсы геноцид саясатына қарсымыз. Біз Израильден соғысты доғаруын талап етеміз және біз Палестина халқымен бірге екенімізді мәлімдейміз”.

Бұл Нардаран қышлағындағы екінші наразылық митингісі. 2 қаңтар күні әзірбайжан полициясы Бакудегі Израиль елшілігінің сыртында болған шеруді қуып таратып, шамамен 20 кісіні ұстады.

Ең қызығы, бейтарап сыртқы саясат ұстанатын Түркменстан мен Қырғызстанның ресми билігі сияқты ресм Баку де Израиль басқыншылығына қатысты ешқандай ресми көзқарасын білдірген жоқ.

Ал осы кезде Қазақстан мен Тәжікстанның және Өзбекстанның ресми биліктері Газадағы қантөгіске байланысты ақырын ғана мәлімдеме жасады. Аталған үш елдің Сыртқы істер министрліктері Израиль-Палестина жанжалының ешқандай әскери шешімі жоқ дегенді айтып, екі жақты бітімге шақырды.

Әзірбайжан мен Орта Азияның мұсылман мемлекеттері қолайсыз жағдайға тап болғанға ұқсайды. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері аталған мемлекеттердің биліктері Израильмен дипломатиялық байланыс жасаса, кейбірі түрлі салада, оның ішінде қауіпсіздік мәселесінде жақын ынтымақтастық орнатты.

Аталған елдер, ендігі жерде, қоғамда Израильге қарсы ішкі көңіл-күй мен көзқарастың кең етек жаюынан сескенеді және сөйтіп халықаралық сахнада оқшау қалған Иранмен және Сириямен қатар Израильге қарсы коалицияның құрамдас бөлігі ретінде Батыстың көзіне түсіп қалмаймыз ба деп алаңдайды.

Алайда Израильдің соғысына қарсы осындай қоғамдық пікірдің қысымына жалғыз Әзірбайжан билігі ғана душар болып отырған жоқ. Тәжікстандағы оппозициялық Исламның қайта өрлеу партиясы Израильдің Газадағы соғысына үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

Желтоқсанның 31-і күні Душанбеде партияның 2 мыңдай өкілі жиналған митингіде партия төрағасының орынбасары Мухиддин Кабири үкіметтен Израильге наразылық білдіруін және Исламның қайта өрлеу партиясының қоғамдық наразылық ереуілдерін өткізуге рұқсат беруін талап етті:

- “Бұл - Тәжікстандағы жалғыз Исламның қайта өрлеу партиясының ғана үні емес, бұл – Палестинадағы біздің мұджаһид бауырларымыздың атқарған ісін жалғастырған бүкіл Тәжікстан халқының, керек десең бүкіл Орта Азия халықтарының үні! Аллаһи ақбар!”

Көрші Қырғызстанда тәуелсіз саясаттанушы Марс Сариев, Азаттық радиосына берген сұхбатында, Исламның саясаттанып бара жатқанына алаңдайтынын айтты.

- “Палестинадағы ахуал неғұрлым нашарлай түссе, Ислам да соғұрлым саясаттана түседі. Исламды өзінің мақсат-мүддесіне пайдаланған бірқатар саясаткер бар. Ұстамды, нағыз мұсылмандардың қатары сиреп, керісінше бітіспес Ислам өсіп барады. Бұл факторды қарудың күшімен ауыздықтауға болмайды. Ол дұрыс емес”.

“Мұсылман партияларының одағы” 12 қаңтар күні Бішкекте қатарын біріктіріп көрмекші. Ресми түрде тіркелмеген, үкіметтік емес жаңа құрылым егер халықаралық қауымдастық Израильдің басқыншылығын тыя алмаса, палестиналықтарды қолдайтын ауқымы кең іс-қимылға көшетінін ескертті. “Еркін Қырғызстан” демократиялық партиясының серкесі әрі “Мұсылман партиялары одағының” тең төрағасы Тұрсынбай Бәкірұлы Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деп мәлімдеді:

- “Израиль, ешкімнің пікірімен санаспай, армиясын Газа аймағына айдап салып, шамамен бейкүнә 500 азаматты, арабтарды қырды. Соған байланысты біз БҰҰ-на, Америка Құрама Штаттарына, Ресей мен Қытайға және өзге елдердің президенттеріне үндеу жолдадық. Соғыс дереу тоқтатылуға тиіс, ал Израиль өз армиясын алып кетуге міндетті”.

Осы кезде Ресей мүфтилерінің кеңесі Израильдің соғыс операциясына наразылығын айтып, Кремльдің Таяу Шығыстағы саясатын қолдады.

Бүкіл халқының қомақты бөлігі мұсылмандардан тұратын және Ислам мемлекеттерімен жақын байланыс орнатуға тырысатын Ресей Израильдің Газадағы құрлық соғысын “өте қауіпті жайт” деп бағалады. Сонымен қатар Мәскеу Таяу Шығысты бітімге көндіру үшін өзінің арнаулы өкілі Александр Салтановты аттандырды.

Бірақ Ресей, сонымен бірге, екінші жақпен де байланысын үзгісі келмейді. Ресей мен Израильдің қарым-қатынасы өте күрделі. 1947 жылы совет көсемі Йосиф Сталин еврей мемлекетінің құрылуын қолдады. 1967 жылғы 6 күндік соғыс кезінде Совет Одағы Израильмен арадағы қатынасын үзіп, көп ұзамай Израильге қарсы соғысқан араб елдерін қару-жарақпен қамтамасыз етіп тұрды.

Бақылаушылардың пікірінше, Мәскеудің Таяу Шығыстағы қазіргі саясаты прагматикалық негізге арқа сүйейді. Өткен 15 жылда Ресей мен Израильдің қарым-қатынасы кәсіпкерліктен бастап мәдениетке дейінгі барлық салада жақсы дамыды. Өйткені Израильдің орыс тілді халқының саны 20 пайызға жетіп қалды. Оған қоса Ресейдегі чешен соғысы мен террористік шабуылдар қарапайым орыстардың Израильге деген көзқарасын жақсарта түсті.

Мәскеу мен Тель-Авивтің арасындағы қарым-қатынас - Ресейдің Иранмен және Сириямен арадағы көптен бері жалғасқан ынтымақтастығына және Мәскеудің Газа аймағын билеп отырған ХАМАС ұйымымен байланыс орнатуына қарамастан дамып келеді. Ал көрші Грузиядағы жағдай әлдеқайда анық көрінеді.

Өткен дүйсенбі күні Тбилисиде студенттер қолдарына Израильдің туын және “Израильдің өзін қорғауға құқы бар!”, “Терроризм ауыздықталсын!” деген үндеулер көтеріп, шеруге шықты.

Ал осы кезде Грузияняң “батысшыл” билігі Газа аймағындағы қайырымдылық ахуалдың нашарлауына “алаңдайтынын” мәлімдеді. Бірақ, сонымен бірге, “бейкүнә Израиль азаматтарын ХАМАС ұйымының зымырандармен атқылауы” Газадағы осындай ахуалға себеп болғанын ресми Тбилиси жақсы түсінеді.

Грузин үкіметінің Израильді ашық қолдап шығуының сырын Тбилисиден Азаттық радиосына берген сұхбатында Грузияның Стратегиялық және халықаралық зерттеулер қорының президенті Александр Рондели былайша түсіндірді.

- “Біздің Израильде тұратын мыңдаған “грузин” еврейіміз бар. Сол себепті біздің байланысымыз өте тығыз. Соның арқасында біз Израильден қару-жарақ сатып алдық және олар біздің армиямызды жаттықтыруға атсалысты. Израильдің өзін қорғап жатқанын біз түсінеміз. Сонымен қатар бізде ХАМАС ұйымын жақтырмайды. Өйткені, біріншіден, ол экстремистік ұйым, екіншіден – өткен тамыз айындағы орыс-грузин соғысы кезінде ХАМАС-тың көсемдері Ресей жағын қолдап шықты”.

Грузиядан бөлініп, Мәскеудің қамқорлығына ие болған Абхазия мұсылмандарының рухани кеңесі “Израильдің жаңа басқыншылығына” және ресми Тбилисидің оны қолдап шығуына наразылығын білдірді.
XS
SM
MD
LG