Назарбаевқа сұрақ қойған шетелдіктің әсері

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон. Астана, 1 шілде 2013 жыл

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның Қазақстанға жасаған сапары кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың адам құқықтары туралы айтқан сөздерін әлемдік БАҚ сынап шықты.
Ұлыбританиялық The Huffington Post (HP) басылымы осы елдің премьер-министрі Дэвид Кэмеронның Қазақстандағы сапары кезінде адам құқықтары мәселесін қозғағаны туралы жазады. «Азаптау оқиғалары өте көп, ондаған тәуелсіз БАҚ жабылған, ал кәсіподақтары арқылы талап қойған мұнайшылары қатыгез түрде басып-жаншылды. Соның ішінде құқық қорғаушы Роза Төлетаева түрмеде сексуалдық қорлауға да ұшыраған, полиция оның 14 жасар қызына қоқан-лоқы жасаған» деп сипаттайды басылым.

HP осы жайттарды айта отырып, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронды «Назарбаевтың ығына жығылды» деп сынайды. Оның «Мен 30 шақты ұлыбританиялық кәсіпорын өкілдерін ерте келдім. Бұл өз еліміздің азаматтарын жұмыспен қамтуға пайдасын тигізеді. Қазақстанның да тез дамып келе жатқан экономикасына сеп болады. Бірақ, әрине, біз күн тәртібінен адам құқықтары мәселесін алып тастай алмаймыз» деген сөзін келтіреді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронды Атырау әуежайында қарсы алып тұр. Атырау, 30 маусым 2013 жыл.


HP президент Назарбаевтың The Daily Telegraph газетінде шілденің 1-і күні жарияланған мақаласын мысалға келтіреді. Ол мақаласында Назарбаев Қазақстанның жетістіктерін санамалай келе, Ұлыбританиямен арадағы қатынастар «17 мың қазақ жұмысшысының 80 пайызына» тәжірибе алмасу жағынан пайда беретінін айтып өткен. Назарбаевтың осы сөзін келтірген HP оның елдегі жұмысшылардың жағдайы мен еңбек дауларын және адам құқықтарын қатысты проблемаларды жасырып, айтпай отырғанын ескертеді.

Кэмеронның сапары туралы ұлыбританиялық эксперттің сұхбаты

Басылым Amnesty International ұйымының өкілі Алан Хогарттың «Қазақстан мұнай мен газды тізеден кешіп жүрген бай ел болса да, онысы елдегі шынайы жағдайды көлегейлей алмайды» деген сөзін келтірген.
Бұл - саяхатқа шыққан ұлыбританиялық БАҚ өкілдерінің "мәңгілік президентке" тіке сұрақ қою үшін енді ешқашан тумайтын жалғыз мүмкіндігі еді.

Тағы бір ұлыбританиялық БАҚ ITV телеарнасының сайты Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстандағы адам құқықтары туралы тікелей сұрақ қойған журналист Ромили Уикстің мақаласын басқан. Журналист екі ел басшысының әзілдері жарасып отырған сәтін "бұзуға" мәжбүр болғанын жазады.

"Бұл - саяхатқа шыққан ұлыбританиялық БАҚ өкілдерінің "мәңгілік президентке" тіке сұрақ қою үшін енді ешқашан тумайтын жалғыз мүмкіндігі еді" деп сипаттайды Ромили Уикс.

Ол Назарбаевқа: «Мен Астанадағы жастармен сөйлестім. Олар елдегі саяси оппозицияның түрмеге қамалуына, сайлау нәтижелерінің бұрмалануына, азаптау оқиғаларының болып жатқандығына алаңдайтындарын айтты. Сіз адам құқықтарын жақсарту үшін қандай кепілдік бере аласыз?» деген сұрақ қойған.

Журналист осы сұрақты естіген кезде Назарбаевтың түрінің бұзылғанын, оған «мұздай суық көздерімен» тесіле қарағанын суреттейді. Қазақстан президенті «Бұл сұрақты қойған журналист Қазақстанға бірінші рет келіп отырғанға ұқсайды. Сіздердің елдеріңізде Қазақстанды әлі түйе мен атқа мініп жүрген ортағасырлық ел деп елестетеді. Әрине содан кейін сіздің де бізге көзқарасыңыз осындай болады» деп жауап берген. Ары қарай ол «Қазақстандағы жағдайдың Ауғанстан мен Пәкістаннан жақсы екенін, ешқандай саяси қуғын-сүргіннің жоқ екенін» баяндаған. Назарбаев сөзін «Маған «саяси қысым бар» деп жүрген адамдардың аты-жөндерін атаңызшы. Кеңестеріңізге рахмет, бірақ бізге ешкім қалай өмір сүру керек екенін үйретпесін» деп аяқтаған.
Ұлыбританияда парламенттік демократияның пайда болғанына 600 жыл болды. Бізде ол сонша көп уақыт алмайды. Сол жолға енді ғана түстік, соған бара жатырмыз.

Reuters агенттігінің ақпараты бойынша «Дэвид Кэмерон сапары барысында Ұлыбритания мен Қазақстан арасында 1 миллиард доллардан астам сомаға келісімдер жасалған». Бұл агенттік Назарбаевтың саяси сұрақтарға жауап берген сәттерде «беті тастай қатайып» кеткенін суреттейді. Reuters Кэмеронның Назарбаевқа Қазақстандағы адам құқықтары ахуалының нашарлап кеткенін ескерткенін, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғаушы ұйымының есебі туралы айтқанын хабарлаған. Агенттік Назарбаевтың елді 20 жылдан астам уақыт басқарып отырғанын, жақында 73-ке келетінін де назардан тыс қалдырмаған.

Reuters Назарбаевтың «Ұлыбританияда парламенттік демократияның пайда болғанына 600 жыл болды. Бізде ол (демократияның дамуы) сонша көп уақыт алмайды. Сол жолға енді ғана түстік, соған бара жатырмыз» деген жауабын келтіреді.