Accessibility links

Әкемнің рухы риза болса екен


Қазақстанда жападан-жазықсыз репрессияға ілігіп, қуғын-сүргінге ұшырағандар әлі күнге шейін ақталмай отыр. Сондай азаматтардың бірі Ақылтай Мырзаханұлы. Ол кісі атақты Шәкәрім қажының досы, елге үлкен еңбек сіңірген азамат болған.

А.К. Ақылтай аға! Сіздің әкеңіз Қазақстан тәуелсіздік алса да әлі күнге шейін ақталмай жүрген азаматтардың бірі. Ақылтай ақсақалдың басты жазығы не?

Қ.А. Менің әкем отызыншы жылы ұсталды. Ол уақыттағы әкеме байлармен байланысың бар, олар Кеңес үкіметіне қарсы топ ұйымдастырған деп кінә тақты. Тамыз айында ұсталған әкемді екі ай тергеуден кейін атып тастады. Жерленген жері Семейде. Оны мен көп уақыт бойы білмей келдім. Әкем атылған кезде мен екі жаста болатынмын. Туыстарымыздың біразы әкем атылып кеткеннен соң Қытайға қашып кетіпті. Олар сол жақта жүріп елу бесінші жылдың мамыр айында қайтып келді. Шет елге шығып кеткен туыстарымыз қайтып келгеннен кейін ғана жағдайды түсіне бастадық Қалай атылғанын, қалай сотталғанын сол кісілер әңгімелеп берді. Енді ол кісілердің бізді алып кетпеуі ол кезде қиыншылық уақыт. Сонымен қатар біз кішкентай балалармыз, өз бетімізбен атқа міне алмаймыз. Аяққа тұсау болар едік. Бізді қалдырып кеткен де, атқа міне алатындары Қытайға тартып отырған. Менің әкем жалғыз өзі сотталған жоқ .. Өзінен басқа немере інісі Әзімханов Балтахан деген кісі, Дүйсекенов Хамза, Нұрмағамбетов Бекежан, және Иманғожин Ахман деген бес кісі бірге ұсталады. Осы бесеуінің төртеуін атады да, Нұрмағамбетов Бекежан деген кісіні он жылға соттайды.

А.К. Әкеңізді ақтап алу үшін сіз қандай мекемелерге арыздандыңыз?

Қ.А. Ең бірінші мен Жоғарғы соттың төрағасы болған Нәрікбаев Мақсұт деген азаматқа жаздым. Ол кісі менің хатымды көмекшісіне береді. Көмекшісі маған Орталық архивте сіздің әкеңіз туралы материалдар жоқ, егер сіздің қолыңызда сондай материалдар болса бізге жіберіңіз деп жауап қайтарды. Одан кейін мен Бас прокурорға жаздым. Бірақ өкінішке қарай ол жақтан ешқандай да жауап келген жоқ. Бас прокурор менің хатымды Семейдің прокурорына жіберген. Ал Семейдің прокурорынан мен әкемнің қай жылы ұсталғандығы туралы қағазды алдым. Ол қағазда сіздің әкеңіз банды тобын ұйымдастырған, колхоздастыруға қарсы болған, оның істеген қылықтары дәлелденді, сондықтан оны ақтауға болмайды деген жауап жазылған. Ақтау туралы заңның әр түрлі бабы бар екен. Бесінші бабы бойынша ақтауға келеді, ал алтыншы бабы бойынша егер өз кінәсін мойындаса онда ақтауға келмейді деп жазылған екен. Одан кейін мен “Әділет” деген ұйымға жаздым. Одан да еш жауап жоқ. Тіпті парламенттің осыған орай құрылған комиссиясына да жаздым. Шешемнің немесе ағайындардың айтысы бойынша менің әкем елдің арасында үлкен беделі бар болған азамат. Елмен жақсы тіл табыса білген. Бұл кісі атақты атақты Шәкерім қажының досы болған. Біздің тұрағымыз төрт ру түйісетін Бақабұлақ дейтін жерде. Арғы атамыз Бозанбай үлкен бай, би болған кісі.

Қуантай Ақытайдың әжесі Қазақстанға үлкен еңбек сіңірген Дінмұхамет Ахметұлының атасы Қонай Ақсақалдың туған қызы болып келеді. Ол туралы Дінмұхмет Қонаевтың “Өтті дәурен осылай” атты кітабында әдемі жазылған естелік те бар. Ал, бұл әңгімені Қуантай Ақылтайдың өзі былайша баяндап берді.

Қ.А. Ол уақытта үлкен шешей немесе кіші шешей деген болады. Мырзахан бабам кіші шешейден. Ол кісі бір күні туған-туыстарымен ренжісіп қалып,Жетісу жағындағы туыстарына кетпек болады. Дінмұхамет Қонаевтың бір кітабы бар. Сонда жазады ғой. Олар да өздерінің туыстарымен ренжісіп қалып, Қонай ақсақал Семей жаққа барады да, Тобықтының бір қызына үйленеді. Сол жақта жүргенде Қонай ақсақалдың әкесі қайтыс болады. Қонай ақсақалдың мінезі тентектеу екен. Қайын жұртына көнгісі келмейді. Ел-жұрт шақырады. Қонай ақсақал елге қайтатын кезде Тобықтыдан алған қызды, Тобықтылар жібермейді. Олар жиенменен, қызбенен бақытымыз кетіп қалады, жиен де қалады, қыз да қалады деп отырып алады. Қонай ақсақалдың Тобықтыдан алған қызынан екі баласы болады. Біреуі ұл, екіншісі қыз. Қонай ақсақал мені өлтірсеңдер де мен ұл баланы тастамаймын деп ұл баланы алып кетеді. Қыз бала сол жақта қалып қояды. Қыз бала кейіннен біздің бабамыз Бозанбай ақсақалға тұрмысқа шығады. (Жалғасы бар)
XS
SM
MD
LG