“Хьюман райтс уотч” ұйымының бүгін (сейсенбі, 6 сәуір 2004 жыл) жарық көрген кезекті есебінде, Қазақстан билігі өзінің саяси бәсекелестерін, яғни оппозициялық партиялар мен жекелеген өкілдерін қудалауымен, еркінді де әділ сайлаудың болашағын жоққа шығарады делінеді. “Қазақстандағы саяси бостандық” деген 53 беттік есепте Қазақстан билігінің оппозиция мен оның жекелеген жетекшілерін қудалаған жайттар тізіп келтіріледі. Мысалға, оппозиция жетекшілеріне қарсы нақақтан-нақақ қылмыстық істер қозғап, бас бостандықтарынан айырған оқиғалар түгел көрініс тапқан. Оның ішінде 2001 жылдың қараша айында құрылған “ҚДТ” қозғалысының 2 тең төрағасы Ғ.Жақиянов пен М.Әбіләзовтің ұзақ мерзімге сотталып, соңғысының өткен жылы мамыр айында бостандыққа шығарылуы, сондай-ақ белгілі журналист С.Дувановтың да алдымен түрмеге жыбылып, осы жылдың басында шартты түрде еркіндікке шығуы, сондай-ақ Н.Назарбаев бастаған Қазақстан басшылығының Швейцария банктерінде құпия есеп-шоттар ашып, мұнайдан түскен табысты халықтан жасырып ұстап отырғаны және т.б. түгел атап көрсетілген.
“Хьюман райтс уотч” ұйымының есебінде оппозиция өкілдерін сайлау үрдісіне жібермеу үшін ресми биліктің жүзеге асырған өрескел әрекеттері және саяси партиялар туралы 2002 жылы қабылдаған заң арқылы, елдегі 19 саяси партияны 9-ға дейін қысқартқанын атап көрсетеді.
Бір сөзбен айтқанда, адам құқықтары жөніндегі Халықаралық ұйымды Қазақстанда күзге белгіленген кезекті парлсайлауының тағдыры толғандырып отыр. Мысалға, “Хьюман райтс уотч” ұйымының Брюссельдегі Кеңсесінің баспасөз-хатшысы Ванесса Сэйнен “Азаттық”-қа телефон арқылы берген сұхбатында былай деп атап көрсетті:
В.С.: “Бізді алаңдатып отырған ең басты мәселе - Қазақстан үкіметі оппозициялық партияларды қыспаққа алу мен оларды сайлаудан аластату арқылы, алдағы парламент сайлауын еркін де әділ өту мүмкіндігінен айырып отыр”.
Сонымен қатар, “Хьюайтс уотч ұйымы”, бүкіл өркениетті қоғам “саяси тұтқын” деп мойындаған, Ғалымжан Жақияновты дереу түрмеден босатуды үзілді-кесілді талап еіп отыр.
Алайда, Қазақстандық омбудсманға қарайтын адам құқықтары бойынша ұлттық орталығының жетекшісі В.Калюжный “Хьюман райтс уотч” ұйымының есебінде келтірілген жайттарды негізінен жоққа шығарады.
В.К.: “Мен не айтайын? “Хьюман райтс уотч” ұйымының жазып отырғандары шындыққа онша жанаспайды. Атап айтқанда, саясаткерлерді қудалайды дегені... Мысалы, М.Әбіләзов қазір бостандықта кәсіпкерлікпен шұғылданып, оны ешкім қудаламайды. Ғ.Жақиянов - өзінің белгілі қылмыстық істері үшін жазасын өтеп жатыр. Өзінің әкімшілік-шаруашылық істерінде жіберген заңсыздықтары үшін абақтыда отыр. Сондықтан да оны “саяси тұтқын” деп айтуға болмайды.
Ал С.Дувановқа келсек, айта кету керек: ол да шартты түрде бостандыққа шығарылды. Сондықтан да кімде-кімді саяси көзқарасы немесе күресі үшін қудаланды деп айтуға негіз жоқ. Біреу-міреу түрмеде отырса, істеген қылмыстары үшін отыр”.
“Хьюман райтс уотч” ұйымының Қазақстандағы алдағы парламент сайлауының тағдырына білдірген алаңдаушылығына да адам құқықтары бойынша Қазақстандық ұлтық орталықтың жетекшісі Вячеслав Калюжный келіспейді.
В.К.: “Мен қазір ондай пікірмен келісе алмаймын. Әзірше! Өткені, сайлауалды науқаны Қазақстанда енді-енді ғана басталды және де сайлауға қатысудан немесе сайлауда дауысқа түсуден кімде-кімнің немесе оппозициялық саяси партиялардың аластатылғаны туралы жайтты мен растай алмаймын.
Әйтсе де, адам құқықтары мен заңдылықтардың орындалуы жөніндегі Халықаралық Қазақстан Бюросының директоры Евгений Жовтис, керісінше, “Хьюман райтс уотч” ұйымының есебінде келтірілген келеңсіз жайттарды толық растайды.
Е.Ж.: “Ия, мен ондай пікірмен келісемін және өзім де мынадай ой айтқым келеді. Елдегі экономикалық еркіндік пен еркін бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан билігі әйтеуір бір амалын жасап жатса да, өкінішке орай, саясат саласында “баяғы жартас – сол жартас” болып қалды. Қазақстан халқы, бұрынғыша, өзінің саяси құқықтары мен азаматтық еркіндіктеріне қатысты заңдардың халықаралық стандарттарға сай келмейтін жағдайында тіршілік етуде. Оған қоса, баспасөз құралдарының тәуелсіздігі мен сөз бостандығы, бейбіт бас қосулар мен жиындар өткізу құқықтарына, азаматтардың қоғамдық бірлестіктер мен саяси партияларға бірігу еркіндігіне қатысты заңдары да іс жүзінде жүзеге аспай жатыр.
Е.Жовтистің атап көрсетуінше, өткен жылы болған маслихат сайлауында Қазақстан билігі әкімшілік ресурстарды шексіз қолданып, оппозиция өкілдерін елдегі билік тармағының бірде-біріне жібермеді. Сол себепті де, деп есептейді адам құқықтары жөніндегі Қазақстан Бюросының директоры, “Хьюман райт уотч” ұйымы алаңдайтындай-ақ, алдағы парламент сайлауының еркін де әділ өтуі үлкен күмән туғызады.
Сөз соңында айта кету керек, “Хьюман райтс уотч” ұйымы сияқты, Қазақстандық Бюроның директоры Евгений Жовтис те ресми билік Ғалымжан Жақияновты ешқандай талап-шартсыз дереу босатуға міндетті деп санайды. Өйткені, Ғ.Жақияновтың түрмеде қалуы – елдегі саяси ахуалдың өзгеруіне де, күзде болатын парламент сайлауына дайындықтың да ойдағыдай болуына кері әсер етеді.
Human Rights Watch ұйымы оппозициялық саясаткерлерді қудалағаны үшін Қазақстан басшылығын ащы сынға алуда
Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан адам құқықтары жөніндегі Халықаралық “Хьюман райтс уотч” ұйымы оппозициялық саясаткерлерді қудалағаны үшін Қазақстан билігін ащы сынға алуда. “Хьюман райтс уотч” ұйымы басшылығының өкілі Рэчел Денбер ханым Қазақстан билігін өзінің іс-қимылын баспасөз құралдарында ашықтан-ашық әрі ащы сыналуына тосқауыл қойып отыр деп айыптайды. Мұндай саясат, адам құқын қорғашулардың пікірінше, күзге белгіленген кезекті парламент сайлауының әділ де ашық өтуіне кедергі болады. Басқаша айтқанда, адам құқықтарын қорғайтын Халықаралық ұйымды Қазақстанда күзде өтетін кезекті парламент сайлауының тағдыры толғандырып отыр.