Accessibility links

Human Rights Watch: Өзбекстанда 6 мыңға жуық саяси тұтқын бар


Адам құқықтары жөніндегі халықаралық Human Rights Watch ұйымының мәліметі бойынша, Өзбекстанда шамамен 6 мыңға жуық саяси және діни тұтқын бар. Олардың көбі Hizb-ut-Tahrir тобының мүшелері болып табылады. Оларға діни экстремизммен шұғылданды деген айып тағылды. Тәуелсіз бақылаушылар мен адам құқын қорғаушылардың ортақ пікірінше, олар мемлекеттің қадағалауындағы мешіттерден тыс жерде намаз оқитын бейбіт мұсылмандарға қарсы өзбек өкіметі қолданған қатаң саясаттың құрбандары болып табылады. Өзбек президенті И.Кәрімов мемлекетке алақанын созған исламды ғана қолдап, тәуелсіз саяси және діни ұйымдарды қуғынға ұшыратты. Олар темір қапаста мерзімдерін өтеп жатқан кезде, олардың әйелдері мен отбасылары экономикалық дағдарыстың ауыртпалығын бастан кешуде. Өзбекстандағы адам құқын қорғаушылардың мәлімдеуінше, нақақ айып тағылған ерлерінің құқын қорғауда әйелдер асқан қажырлық көрсетуде.

57 жастағы Саиданың 3 ұлы “діни экстремизммен шұғылданды” және “билікті құлатпақ болды” деген айыптармен Өзбекстан түрмелеріне жабылды. Екі ұлы 1999 жылдың ақпанында Өзбекстан астанасында болған бірнеше дүркін бомба жарылыстан кейін тұтқындалды. Ол жарылыстар үшін барлық айып ислам экстремистеріне тағылды. Ақыр аяғында екеуі де бірдей 17 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айрылды. Соңғы үшінші ұлы – осы жылдың көктемінде 50-ге жуық адам қаза тапқан Ташкент пен Бұқарадағы террористік қастандықтардың ізінше арада бірнеше күн өткен соң ұсталды. Оған да дәл сондай айыптар тағылды. Келіндерімен және 2 немересімен Ташкентте тұратын Саида өз ұлдарының еш айыбы жоқ деп санайды. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында ол үш ұлым түрмеде отыр, ал төрт әйел олардың тағдырынан бейхабар отыр деп мәлімдеді: САИДА: “Менің үш келінім де жұмыссыз отыр. Бірі күлше пісіріп, көшеде сатады. Қалған екеуі көршілердің үйін жинап, табыс табады. Мен зейнеткермін. Менің зейнетақым тым аз - 17 мың сом. Бірақ олар маған зейнетақымның жартысын ғана береді де, тең жартысын коммуналдық төлемдерге басып қалады.” Саида түрмеде отырған ұлдарына ізін суытпай барып тұрады, бірақ жол оған ауыр әрі қымбатқа түседі. Екі ұлы Өзбекстанның оңтүстігіндегі Қарши түрмесінде отыр. Ташкенттен Қаршиге дейін автобус 8 сағат жүріп барады. Өзі мен келіндеріне ұлдарымен кездесуіне рұқсат алуға тағы 8 сағат кетеді. Өйткені, діни және саяси тұтқындардың туған-туысқандарымен жүздесуіне рұқсат алу үшін, басқа тұтқындарға қарағанда, ұзақ тосуы керек және туыстарының түрмеге киім-кешек пен азық-түлік алып өтуіне де қатаң шектеу қойылған. Ең қорқыныштысы, дейді Саида, өткен жылдың көктемінде үлкен ұлының хабар-ошарсыз жоғалуы болды. Оның айтуынша, прокуратура мен полицияның табалдырығын тоздырып, ұлының тағдыры жайында бірауыз хабар ала алмаған. Үш апта өткеннен соң ғана Саида ұлының қамауға алынғанын біледі. Өзбекстандағы тәуелсіз адам құқықтарын қорғаушы Сурат Икрамов Өзбекстан үшін мұндай жағдай үйреншікті құбылыс деп мәлімдейді. С.И.: “Бұл – бірінші кезекте адам құқықтарын бұзатын ішкі істер министрлігі мен милицияға және прокуратураға тән істер. Заңға сәйкес, құқық сақшылары кімде-кімді қамауға алса, оның жата-анасына немесе басқа жақын туысына 2-3 сағаттың ішінде хабарлауға тиіс. Содан кейін күдікті адамды олар 3 тәулік немесе 72 сағат қамауда ұстай алады, егер ол кісінің айыбы тергеліп, дәлелденген күнде, оны прокуратураның санкциясы бойынша тұтқында қалдыруға құқы бар”. С.Икрамовтың атап көрсетуінше, туған туыстары қамалған әйелдер, көбіне, бірнеше проблемаға тап болады. Ол проблемалардың бірі, дейді С.Икрамов, Саида сынды әйелдердің өз құқықтарын білмеуі. Екінші мәселе: діни көзқарасы үшін түрмеге жабылған туған-туыстары бар адамдарға тағылатын жаман “айдар”. Саида мен оның келіндері бастарына орамал – хиджаб байлап жүреді. Бұл жұмыс іздегенде алдынан көлденең шығатын көп проблеманың бірі. С.Икрамовтың атап көрсетуінше, Өзбекстанның ресми билік өкілдері мен кәсіпкерлері ислам дәстүрін ұстанған әйелдерді онша жақтырмайды. Аза Шәріпова басына ешқашан хиджаб байлап көрген емес. Бірақ өзіне ресми билік өкілдерінің ала көзбен қарайтынын сезініп үлгерді. 2003 оның ұлы Руслан Шәріповке гомосексуал және өзінен кішілерге зорлық қылды деген айып тағылды. Human Rights Watch сынды халықаралық ұйымдардың пікірінше, Русланға – тәуелсіз журналистік қызметі үшін саяси астарлы айып тағылып түрмеге жабылды. Ақыр аяғында Руслан Шәріпов осы жылы бостандыққа шығарылып, АҚШ-тан саяси баспана алды. Аза Шәріпова ұлының тұтқындалуын былай деп есіне алады: А.Ш.: "Мен қатты шошынып, психотерпевтке баруыма тура келді. Мен қалалық ішкі істер басқармасына барғанымда, Русланның қолы кісендеулі, ыстығы көтеріліп, қалтырап отыр екен. Оған не дәрі-дәрмек, не тамақ немесе т.б. беруіме рұқсат етпеді. Соны көріп мен қатты шошындым”. Тәуелсіз адам құрғаушы С.Икрамовтың мәлімдеуінше, сан-алуан тосқауылдың болуына қарамастан, Өзбекстан әйелдері түрмеге жабылған туған-туысқандарының құқы үшін асқан қажырлықпен арпалысуда: С.И.: "100 оқиғаның 99-ында қылмыскерлердің аналары немесе әйелдері бізден көмек сұрап келеді. Олардың араларында әкелері мен бауырлары жоқ. Менің пайымдауымша, ерлер қорқады. Мен бірнеше ер кісіден сұрап көріп едім: билік мекемелерінің табалдырығын аттауға қорқатындарын олар ашық мойындады. Ресми билік өкілдері ерлерге қарағанда, әйелдерге онша қатаң қарай алмайды деп ойлайды олар”. Өзбекстанда өлім жазасын жою науқанына да әйелдер білек сыбана атсалысты. Тамара Чикунова – “Өлім жазасы мен қорлауға қарсы аналар” атта үкіметтік емес ұйымның құрылтайшысы. Ұйым құруды Тамара 2000 жылы өзінің ұлы Дмитрий өлім жазасына келісгеннен соң қолға алды. Ал жоғарыда аталған Саидаға оралсақ, ол үшін ең маңызды мәселе – немерелерінің болашақ туралы сауалдарына жауап табу көрінеді. САИДА: “Балалар билікке деген теріс көзқараспен өсіп келеді. Олар менен әкем не үшін түрмеде отыр деп сұрайды. Жуырда 4 жастағы немерем менен: “Әже, олар менің әкемді абақтыға қамап қойды, бізге қарсы олар не істемекші?” –деп сұрады. Мен оған “Қарағым, олар бізге ештеңе істейін деп жатқан жоқ!” дедім. Ал ол маған: “Мен де түрмеге отырғым келмейді” –деп тіл қатты”. Саиданың екі ұлының түрмеге жабылғанына 5 жыл болды. Олардың бостандыққа шығуына әлі 12 жыл бар. Саида екі ұлының еркіндікке шыққанын көре алмай арманда кетем бе деп қорқатынын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG