Accessibility links

“Холокост қасыретінен” кейін “ешқашан болмайды” деген геноцид тағы да қайталанды


Ондаған адамдардың өмірін қиған екінші дүниежүзілік соғысынан соң адамзат қауымдастығы “ешқашан қайталанбауы тиіс” деп, БҰҰ қарарымен тыйым салған геноцид қылмысы ХХІ ғасырда тағы да қайталанды.

Неміс нацистерінің 6 миллион еврейді қырып-жоюын британ премьері Уинстон Черчилль “ешқандай атауы жоқ қылмыс” деп атаған еді. Бірақ оның “геноцид” немесе біртұстас “халықты” не “ұлтты жою” деген атауы бар-ды.

БҰҰ-ның “Геноцид туралы” 1948 жылы қабылдаған қарары еврейлердің “Холокост қасыретінің” қайталанбауына кепілдік беру мақсатында қабылданған болатын. Алайда содан бері әлем қауымдастығы Камбоджа, Руанда және Солтүстік Ирақтағы геноцидтің алдын ала алмады.

Адамзат қауымдастығының “бұдан былай ешқашан қайталанбауы тиіс” деген қылмыстың қайталануы неліктен?

Геноцид – нацистік соғыс қылмыскерлерінің үстінен 1945-1946 жылдары болған Нюрнберг процесінде тұңғыш рет заңдық сипаттамасын алды. Адольф Гитлер режимінің өкілдері адамзат баласына қарсы жасаған, оның ішінде халықтарды нәсілшілдік, ұлтшылдық және діни тұрғыдан қырып-жойған қылмысы үшін айыпталды.

15 жылдан кейін Израиль телеарнасынан берілген сот процесінде нацистердің Еуропа еврейлерін жою жоспарын жүзеге асыруға жауапты болған Адольф Айхманның (Adolph Eichmann) да геноцид қылмысын кең ауқымда жүзеге асыруға зор үлес қосқаны аян болды:

Диктор: “Айыпталушы, нацистердің еврейлердің көзін түгел жою туралы “Еврей проблемасы бойынша түпкілікті шешім” деген атауымен белгілі жоспарын орындауға жауапты адам ретінде, басқалармен бірге 1939-1945 жылдар арасында миллиондаған еврейді қырды”.

Бұл хабар Израиль телеарнасынан 1962 жылы мамырдың 31-і күні берілді.

Нацистердің үстінен болған “Нюрнберг соты” мен БҰҰ-ның “геноцид” туралы 1948 жылғы қарары – еврейлердің “Холокост қасыреті” сынды құбылысқа бүкіл әлемде қайтып жол бермеу мақсатын көздеді. Алайда олай болмай шықты.

Ұлттық, этникалық және рулық тұрғыдан жаппай қырғын жиі қайталана берді: геноцид қылмысы соңғы рет Африканың Судан елінде қайталанды. Ресми билікке жақын Джанджауид арабтарының қарулы жасақтары аталған елдің Дарфур аймағындағы қара нәсілді халқын он мыңдап қырды деп айыпталды.

Америка Құрама Штаттары Дарфурдағы оқиғаны “геноцид” деп бағалап, оған халықаралық қауымдастық араласуға тиіс деп мәлімдеді. Алайда іс жүзінде осы күнге дейін Дарфурдағы қасыретке ешкім араласқан жоқ.

Халықаралық қауымдастық геноцидтің пайда болуына неліктен бөгет бола алмады? Геноцид құбылысына қарсы күресетін үкіметтік емес ұйым – Лео Купер қорының президенті Бернард Гамильтонның Лондоннан білдірген пікіріне қарағанда, халықаралық қауымдастық өзі қабылдаған геноцид туралы қарарға сәйкес белгіленген өз міндеттемелерін орындауға асықпады.

“Қылмыстың ауырлығы салдарынан ол қылмыс бойынша айып тағуға немесе айыптаушыларға байланысты белгілі алаңдаушылық болды-ау деп ойлаймын. Сондықтан да халықаралық қауымдастық геноцид туралы қарарды орындаудың құралдарын қарастырғанда “сабырлық жасады”. Бұл, өз кезегінде, геноцидтің пайда болуына БҰҰ-ның сақадай сай тұратындай, халықаралық қылмыстық соттың жұмысын, оны қадағалайтын механизмнің қызметін тежеді”, – дейді Бернард Гамильтон.

Оның пікірінше, халықаралық қылмыстық сотты құру – геноцидтің алдын-алу жөніндегі БҰҰ-ның арнайы кеңесшісінің кеңсесін ашу сияқты геноцид туралы қарарды жұмыс істетуге бағытталған ең үлкен қадам болып табылады. Бұл лауазымға 2004 жылы аргентиналық адвокат Хуан Мендес тағайындалды. Оның іске асырған бірінші үлкен жобасы – Дарфурдағы ахуал туралы баяндамасы – 25 қаңтар күні БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннанның алдына қойылды. Бірақ одан өзге де бөгеттер баршылық.

АҚШ-тың Флорида университетінің еңбегі сіңген профессоры әрі салыстырмалы геноцид бойынша сарапшы Рен Лемарчанның (Rene Lemarchand) пікірінше, сабақтас проблемалардың бірі, оның өз сөзімен айтқанда, көбінесе “ешкімге белгісіз алыс халықтар” жаппай қырғын-сүргіннің құрбаны болып жатады деген Батыстың түсінігінен болып отыр.

“Өзге бір проблема – геноцидке соқтыратын құбылыстардан біздің тіпті бейхабарлығымыз және қасыретті оқиғаның алдын-ала білуге қабылетіміздің жетпейтіндігі. Мысалы, Холокостан бастап жаппай қырғын болған бірнеше елді алып қарайық: Босния, Камбоджа, Руанда, Бурунди”.
XS
SM
MD
LG