Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12 мамыр 2005 жыл


Бейсенбі күнгі газеттерде Шымкенттегі оппозиция өкілдеріне қарсы шабуыл жасаған топтың ішінде жергілікті қылмыстық топтың атышулы мүшелері болғаны туралы жазылыпты.

“Сөз” басылымында жарық көрген Әлихан Смағұловтың мақаласында Шымкентке барған кезде оппозиция басшыларына қарсылық білдіруге қатысы болған Мұхтар Мұхамбетжан, "чернобыльдік" Әшірбек Бақытжан, студент Мақсат Нұрқалиев, Гүлбахрам Пердебаева, оралман-қазақ Шарафуддин Жарылқаптың Алматы қаласына келіп, журналистермен кездескендігі хабарланыпты.

Мақала авторының айтуынша “Жастар орталығының” директоры Мұхтар Мұхамбетжан осы оқиға кезінде болған төбелеске өздерінің ешқандай да қатысы жоқ екендігін мәлімдепті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Шымкент сапары кезінде оппозицияға қарсы наразылықты ұйымдастырушылардың бірі Мұхтар Мұхамбетжаннан құқық қорғау орындарының адамдары тек түсініктеме ғана алған.

Сондай-ақ, “Сөз” газетінде жарық көрген Мақсат Мұратовтың мақаласында Шымкентте оппозиция өкілдеріне қастандық әрекеттері жасалған уақытта, сол күндері Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы – Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын туысы Қайрат Сатыбалдиевтың жүргендігі айтылыпты.

“Жас Алаш” басылымында “Боевое братство” одағының президенті Сергей Пашевич, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқан совет жауынгер-мүгедектерін қорғау одағының төрағасы, Совет одағының батыры Николай Кремениш, “Боевое братство” одағының Алматы қалалық бөлімшесінің төрағасы В. Слиденконың Шымкенттегі оппозиция өкілдеріне жасалған қастандықты айыптап мәлімдеме жасағандығы баяндалыпты.

Олар өз мәлімдемелері арқылы Шымкенттегі Жармахан Тұяқбайға жасалған шабуылды интернационалист-жауынгер ұйымдастырған деген ақпарат таратылуының өздеріне ауыр тиіп отырғандығын да атап өтіпті. Сондықтан да олар Мұхтар Мұхамбетжанның ауған ардагерлерінің атынан сөйлегендігіне наразылық білдіріп, құқық қорғау орындарынан оның Ауғаныстандағы соғысқа қатысы қаншалық екенін анықтап беруді талап етіпті.

Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Литер” басылымына берген сұхбатында Шымкенттегі орын алған оқиғаға қатысы бар, заңды бұзған адамдардың жауапқа тартылуы керек екендігін мәлімдепті. Оның айтуынша, бұл оқиға алдағы уақытта Батысқа Қазақстандағы президент сайлауын әділетсіз, қорқытып-үркіту нәтижесінде өтті деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Газет тілшісіне берген сұхбатында Ермұхамет Ертісбаев бұл мәселе бойынша президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековпен, оның бірінші орынбасары Марат Тажинмен және Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Болат Өтемұратовпен сөйлескендігін, олардың да осындай ойда екендігін тілге тиек етіпті.

“Время” газетінде Шымкентте орын алған оқиғаның куәгерлерінің бірі, кәсіпкер Нұрлан Сейтжаппаровпен жүргізілген сұхбат жарияланыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Нұрлан Сейтжаппаров Шымкенттегі орын алған оқиғаны тергеуге байланысты Мемлекет басшысы тапсырма бергенімен, бұл істің жылы жауып тасталатындығына сенімді екендігін білдіріпті.

Оның себебін ол Шымкенттегі құқық қорғау орындары қызметкерлерінің бұл тергеу жұмысын өз дәрежесінде жүргізуге құлықты болмай отырғандығымен түсіндіріпті. Оның айтуынша, “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшылары Шымкентке келген кезде, оларға қарсы шабуыл жасаған топтың ішінде жергілікті қылмыстық топтың басшыларының бірі жиырма жасар Арман Жұмагелдиев те болған.

Нұрлан Сейтжаппаровтың айтуына қарағанда жарты жыл бұрын Арман Жұмагелдиев адам өліміне байланысты қылмысқа қатысуы мүмкін деген күдікпен қозғалған іске байланысты, құқық қорғау орындарынан қашып жүрген. Оған іздеу салынып, кейіннен ол табылғанымен құқық қорғау орындары Арман Жұмагелдиевті босатып жіберген. Сондай-ақ Нұрлан Сейтжаппаров “Время” газетінің тілшісіне берген сұхбатында Шымкенттегі оппозиция басшыларына қарсы қастандықтың алдын-ала ұйымдастырылған әрекет екендігіне байланысты өз тұрғысынан дәлелдер келтіріпті.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген Алжан Дүйсембаеваның мақаласында Шымкенттегі оппозицияға қарсы шабуыл биліктің ұйымдастыруымен істелген әрекет деген қорытынды жасалыныпты. Сондай-ақ “Свобода слова” басылымында жарық көрген мақалада жастардың “Айбат” қозғалысының саясаттың лас әрекеттеріне жастардың тартылып жатқандығын айыптағандығы туралы мәлімдеме жасағандығы да хабарланыпты. Олар елдің билігінен және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан саяси көзқарасына байланысты азаматтардың қудалауға ұшырауының тоқтатылуын талап етіпті.
XS
SM
MD
LG