Accessibility links

БҰҰ: мемлекет басшыларының жиыны реформаға деген үміт сөне бастаған таңда өтпекші


Сәрсенбі күні БҰҰ-ының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде бүкіл әлемнің мемлекет және үкімет басшыларының ең ірі жиыны басталады. БҰҰ-ына мүше елдер соңғы сәтте Ұлттар Ұйымын реформалау құжатына өз келісімдерін берді. Ол құжатта адам құқын қорғаудан бастап ядролық қаруды таратпау мәселесін шешу ісінде БҰҰ-ының екпінділігін өсіру мақсаты әлдеқайда жеңілдетілген көрінеді. Дегенмен де, кейбір ресми тұлғалардың мәлімдеуінше, реформаның ең маңызды тұстары жойылған жоқ, бірақ олар БҰҰ-ының Бас Ассамблеясының мүддесіне қарай өзгертілген тәрізді. Әйтсе де 170-тен астам елдің басшылары реформалау процесін қайта күн тәртібіне қоя алады деген үміт те жоқ емес.

БҰҰ-ының Бас Ассамблеясының мәжілісі оған мүше елдердің Ұлттар Ұйымын реформалау қажет деген талап-тілегі бойынша шақырылып отыр. Осы сейсенбі күні Бас Ассамблея Ұлттар Ұйымының адам құқын қорғаудан бастап барлық салаға қатысты іс-қимылын жетілдіруді көздейтін құжатты мақұлдады. Бірақ бұл құжат Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы К.Аннанның осы жылы нақты атап көрсеткен қадамдарына толық сәйкес келмейді. К.Аннанның айтуынша, аталмыш құжат қажетті реформаларды жалғастыруға негіз бола алады. Ұлттар Ұйымы ішінде адам құқықтары бойынша Кеңес және жанжалдан кейінгі елдердегі қайта құру шаралары бойынша Комиссия сынды жаңа екі құрылымды Бас Ассамблеяның мақұлдауына ол өз ризалығын білдірді. Бірақ қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша келісімге келе алмағанына К.Аннан наразы болды.

“Қарусыздандыру және ядролық қаруды таратпау жөніндегі баптардың болмауы – зор кемшілік. Бұл барып тұрған масқара. Бұл үлкен масқара. Біз осы жылы екі рет жығылдық. Біз қазір тағы жеңіліп отырмыз. Ендігі жерде лидерлер осындай маңызды проблеманы шешуге бел буып отырғанын көрсете алады ғой деп үміттенемін”, - деді К.АННАН.

Ресми Вашингтоннан қолдау тапқан осы құжатта БҰҰ-ының Демократия қоры арқылы мұқтаж елдерге көмек беру құзырын кеңейту мәселесі қарастырылған. Сәрсенбі күні сөйлейтін сөзінде АҚШ президенті Дж.Буш Демократия қорының мақсат-мүдделерін нақты атап көрсетуге тиіс. БҰҰ-ына мүше елдер, сонымен қатар, қайсыбір мемлекетте геноцидке, этникалық қырығынға немесе тағы басқа қырғын-сүргінге жол бермеу шараларының принциптерімен де келісті. Оған қоса аталмыш құжатта терроризмге сипаттама беріледі. Дж.Буш пен басқа да лидерлердің қатысуымен сәрсенбі күні БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесі арнайы сессиясын өткізіп, онда дүние жүзі елдерін терроризмге қарсы заң қабылдауға шақыратын Қарар шығаруға тиіс. АҚШ-тың БҰҰ-ындағы елшісі Джон Болтонның айтуынша, Бас Ассамблеяда талқыланатын құжатта Вашингтонның алға қойған маңызды да басты мәселелері қамтылған. Бірақ, деп ескертті АҚШ дипломаты, реформаға жетелейтін шынайы қадамдар әлі алда.

“Бұл – тек бірінші қадам. Бұл – ерте ме, кеш пе жүзеге асуға тиісті қадам. Өйткені БҰҰ-ының қазіргі табиғаты мен мәдениеті өзгертуді қажет етеді. Хатшылықтың құзыры да, Ұлттар Ұйымына мүше елдердің үкіметтерінің құзырлары да айтарлықтай өзгеруге тиіс және мұның тек бірінші қадам болғанына біз қуанамыз”, - деді ДЖ.БОЛТОН.

БҰҰ-ының Бас Ассамблеясына президент болып сайланған Ян Элисонның мәлімдеуінше, артта қалған елдердегі жоқшылықпен күрес, ас сумен қамтамасыз ету сынды осыдан 5 жыл бұрын қабылданған бағдарламаға келгенде бай елдер тым жай әрекет етуде. Соған байланысты БҰҰ-ындағы қайырымдылық бағдарламасының бұрынғы өкілі Ян Элисон ішетін судың жетіспеуінен бүкіл әлемде 100-деген млн. адамның жапа шегіп отырғанын атап көрсетті.

“Мұндай фактілерді біз осы залдарда келтіруге тиіспіз. Осы және өзге фактілер кедей елдердің өмірінен алынған жайттар. Бұл - бір ынтымақтастық мәселесі ғана емес, бұл дамыған елдердің кедейлікпен күреске өз ықыласымен атсалысу мәселесі. Бұл - әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан масқара көрініс”, - деді Я.ЭЛИСОН.
XS
SM
MD
LG