Accessibility links

БҰҰ: Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріндегі шетел инвестициясы толассыз өсуде


БҰҰ-ының жаңа есебіне қарағанда, Шығыс Еуропа мен ТМД-ның 19 еліндегі тікелей шетел инвестициясының көлемі төртінші жыл қатарынан үнемі өсумен келіп, 2004-інші жылы бұрын-соңды болып көрмеген 35 млрд. долларлық көрсеткішке жетті. Инвестиция көлемі 2005-2008-інші жылдары да өсетін түрі бар және, БҰҰ-ының соңғы есебіне сәйкес, инвестицияның 81 проценті 19 елдің ішінен Әзірбайжан мен Болгария, Қазақстан мен Румыния және Ресейдің үлесіне тиеді. Осы есепке қарағанда, Оңтүстік-Шығыс Еуропаға құйылған шетелдік инвестицияның басым бөлігін Еуроодаққа қабылдануға дайындалып жүрген Болгария мен Румыния алатын көрінеді. ТМД елдерінде инвестиция негізінен табиғи ресурстарды игеру саласына, оның ішінде мұнай мен газ өндірісіне бағытталған. БҰҰ-ының есебінде көрсетілген болжам бойынша, таяу болашақта шетелдік инвестицияның денін Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдері және әсіресе Украина алатын тәрізді.

БҰҰ-ының сауда және экономикалық даму жөніндегі Конференциясы жариялайтын жыл сайынғы “Әлемдік инвестицияның есебі” - бүкіл дүние жүзіндегі шетелдік тікелей инвестициялардың бағыты мен көлемін жан-жақты қамтып көрсете алған бірден-бір құжат болып саналады. Осы жылы жарық көрген есептің ең маңызды ерекшелігі – егер 2003 жылы шетелдік тікелей инвестициялардың (FDI) басым бөлігін әлемнің дамыған елдері алған болса, 2004-інші жылы тікелей инвестциялардың денін дамушы елдер тартқан. БҰҰ-ының бүкіл әлемнің қоғамдарындағы азаматтық және еңбек топтары мен компаниялардың жұмысын үйлестіруші Ғаламдық байланыс тобының жетекшісі Джордж Келлдің (George Kell) атап көрсетуінше, экономистердің көбі тікелей шетелдік инвестицияны немесе FDI-ды әлемдік нарықты интеграциялау мен ғаламдастырудың “ең үздік агенті” деп қарастырады. FDI-дың бағыт-бағдары, оның пікірінше, әлемнің қаншалық өзгергенін аңғартады.

“Қарқыны 3 жыл бойы бірте-бірте бәсеңдеген шетелдік тікелей инвестициялар тағы да еңсесін көтере бастады. Инвестицияның өсуі – дамушы елдерге қарай бағытталған тікелей шетелдік инвестицияның ұлғаюы ретінде болуға тиіс. 2003-інші жылмен салыстырғанда, іс жүзінде, дамушы елдерге ағылған инвестициялардың көлемі іс жүзінде 40 процентке жуық өсіп, қазір 230 млрд. доллардан асып жығылды”, - дейді ДЖ.КЕЛЛИ.

Америка Құрама Штаттары – FDI-ды ең көп тартатын және өзге елдерге ең көп беретін жетекші ел болып қала берсе, Ұлы Британия мен Қытай – екінші және үшінші орындарда тұр. Әлемдік инвестициялық ақпараттың мәліметіне қарағанда, 2004 жылы инвестициялардың (FDI) жалпы көлемі 9 трлн. долларды құрап, шамамен 70 мың ұлтаралық немесе трансұлттық компанияны қамтыған. Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінен тікелей шетелдік инвестицияның басым бөлігін немесе 5 млрд. доллардай қаржыны Румыния алды. Әлемдік инвестициялық ақпаратқа сәйкес, бұл қаржыға Румынияның “Petrom” мұнай компаниясын Аустрияның жартылай жекешелендіріп алған қаражаты да жатады. Бір Румыния – Албания, Босния-Герцоговина, Хорватия, Сербия-Черногория және Македония сынды Балқан аймағындағы 5 елінен де көп инвестиция тартып отыр. Инвестициялардың Балқан аймағына “асықпауы” – бұл елдердегі жалпы ұлттық ішкі өнімнің тым баяу өсуі мен ұлтаралық жанжалдан кейінгі кезеңнің әлі тұрақсыздығын байқатады. Мысалға, Болгарияда Аустрияның “Telekom” компаниясы телекоммуникацияның операторы болып табылатын “MobiTel” компаниясын сатып алып жатқанда, АҚШ-тың “Viva Ventures” фирмасы Болгарияның телекоммуникациялық компанияларының көпшілігін өз бақылауына алды. Ал осы 2004-інші жылы Ресей өз экономикасына шамамен 12 млрд. доллар шетелдік тікелей инвестиция тарта алды. Инвестицияларды ынталандыру агенттіктернінің әлемдік Ассоциациясының президенті Кай Хаммерихтің (Kai Hammerich) пікірінше, Ресейдей алып және ондай әлеуеті зор ел үшін бұл тым мардымсыз инвестиция.

“Ресейге инвестиция бағыттау мәселесіне келгенде кез-келген шетелдік инвестор онша көп ықылас білдіре қоймайдыі. Өйткені, ол елде, инвесторлардың көзқарасынша, инвестициялық ахуал онша тұрақты емес. Әйткенмен де, Ресей, әрине, өте маңызды да алып базар. Өзіңіз де көріп отырсыз: Ресейге айтарлықтай мол инвестиция келіп, игеріліп жатыр. Менің ойымша, Ресейдің әлеуеті өте зор”, - дейді К.ХАММЕРИХ.

Хаммерихтің мәлімдеуінше, мұнай магнаты Михаил Ходорковскийді түрмеге жабу сынды төтенше оқиғалар кейбір инвестордың үрейін туғызды. Соған қарамастан, деп есептейді Кай Хаммерих, көптеген инвестор Ресейді одан аяғын аулақ басатындай “тым құнды” мүмкіндік деп санайды да, оның әсіресе мұнай мен газ жобаларында басын қатерге тігуге дайын тұр. Оның атап көрсетуінше, шетелдік инвестициялар саласында әр елдің жетекші компаниялары арасындағы “стратегиялық ынтымақтастық” деген сынды жаңа ағымдар пайда бола бастады. Белгілі 2 фирманың арасында құрылған сондай компанияның бірі – бір жағынан Жапонияның “Sony” және екінші жағынан шведтердің “Ericsson” фирмасының 2001-інші жылы сымсыз телефон байланысы саласында бірлескен кәсіпорын құруы болды.

“Мысалға, біз қазір тікелей шетелдік инвестиялардың жаңа сипаттарын байқаймыз және сондай сипаттың бір түрі – “стратегиялық одақ” құру. Ендігі жерде біз инвестициялардың қарама-қарсы бағытта қозғалатын сипаты - дамыған және дамушы елдердегі корпорациялар арасындағы “стратегиялық одақтар” үшін тың жол ашқанын бақылаймыз. Бұл жол, менің ойымша, табиғатымен де, мүмкіндігімен де бұрынғыдан өте-мөте айрықша болмақшы”, - деді К.ХЭММЕРИЧ.

ТМД елдеріне бағытталған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 2000 жылғы 5 млрд. доллардан, негізінен - энергия көздеріне деген әлемдік бағаның аспандауы нәтижесінде, 2004 жылы 24 млрд. долларға дейін дерлік ұлғайды. ТМД елдеріне құйылған осы инвестицияның 1/3-ін немесе 33 проценті бір ғана Ресейдің үлесіне тисе, Қазақстан мен Әзірбайжан - бірлесіп ¼-ін немесе 25 процентін алды.
XS
SM
MD
LG