Accessibility links

“Хьюман райтс уотч”: қазіргі жағдайда С.Хусеин сотының әділ өтуі екіталай


Ирақтың бұрынғы диктаторы С.Хусеиннің көптен бері күтілген соты Бағдадта осы сәрсенбі күні басталуға тиіс. Алайда осы сот процесінің қарсаңында адам құқықтарын қорғайтын халықаралық “Хьюман райтс уотч” ұйымы соттың әділ өтетініне күмән келтіріп, «Ирақтың қазіргі заң кодексі соттың әділ өтуіне кепілдік бере ме?» деген мәселені көлденең қойып отыр.

Адам құқын қорғайтын “Хьюман райтс уотч” ұйымының өкілдері миллиондаған Ирақ халқымен бірге С.Хусеиннің заң жүзіне арқа сүйеген соттың алдында жауапқа тартылуын көптен бері асыға күткендерін мәлімдейді. Олардың ішінде АҚШ-та құрылып тіркелген “Халықаралық әділ сот бағдарламасының” директоры Ричард Диккер де бар. Ол “Азаттық” Радиосының тілшісімен телефон арқылы Бағдадқа бара жатқан жолында аялдаған Иорданияда жүріп тілдескен болатын. Р.Диккер С.Хусеиннің ісін қарайтын соттың барысын бақыламақшы. Оның атап көрсетуінше, “Хьюман райтс уотч” ұйымы Ирақтың бұрынғы лидеріне қарсы 10 жылдан астам уақыттан бері айғақ-дерек жинап келді. Алайда Р.Диккер қаншама халық көптен бері тағатсыздана күтіп, ақыр-аяғында осы сәрсенбі күні Бағдадта басталуға тиісті сот процесі әділ болмай ма деп сескенеді.

“Ирақ өкіметінің халыққа қырғын салған 1994-інші жылғы және одан 6 жыл бұрын – күрд жұртшлығына қарсы бағытталған 1988-інші жылғы геноцид науқаны жайында дерек-айғақ жинауға мен 1 жыл уақытымды, ал “Хьюман райтс уотч” ұйымы – одан көп уақытын сарп етті. Осылайша біз аталған қылмыстар үшін ең басты айыпты адамның (С.Хусеиннің. Ред.) сотқа тартылғанын көргіміз келді. Біз егер “қара қылды қақ жарған” әділ де бейтарап сот болса, онда ол құрбан болғандар мен зорлық-зомбылық көргендердің есесін қайтарғандық болар еді деп ойладық. Бірақ әділдік болу үшін сот та әділ болуға тиіс”, - дейді Р.ДИККЕР.

“Хьюман райтс уотч” ұйымы С.Хусеиннің ісін қарайтын сотқа қатысты 19 беттік есебін жариялап, құжатта соттың әділ болмайтын себептерін бірінші кезекте тізіп келтірді. С.Хусеин мен оның жақын 7 үзеңгілесінің ісі Бағдадтың жақсы күзетілетін “Жасыл аймағында” арнайы трибуналдың отырысында осы сәрсенбі күні қарала бастайды. Алғашқыда оларға 1982-нші жылы Дужайыл елді-мекеніндегі 140 ер кісі мен бозбаланы қыруына байланысты айып тағылады. Олар, негізінен, Ирақтың сол кездегі президенті С.Хусеиннің өміріне қарсы ұйымдастырылып, сәтсіз аяқталған қастандыққа байланысты құпия полиция асып өлтірген шийттер болатын. Ең басты проблема, деп атап көрсетеді Р.Диккер, бұл сот процесі ескірген заң кодексі бойынша жүзеге асырылмақшы, ал ол кодекстегі баптардан дүние жүзі елдерінің көпшілігі әлдеқашан бас тартқан. Оның айтуынша, ол кодексте Гаага, Танзания және Сьерра-Леонеде жуырда болып өткен халықаралық сот процестеріндегі басшылыққа алынған стандарттар жоқ. Ал Ирақтың қазіргі қылмыстық кодексі бойынша ауыр жазаға тарту үшін онша көп айғақ-дерек талап етілмейді.

“Бұл трибунал Ирақтың қылмыстық кодексіне, Ирақтың 1971-інші жылы қабылданған қылмыстық кодексіне сүйенеді. Айыпқа бұйыру үшін ол кодекстің талап-шарты жеңіл – судьялар айыпталушыға тағылған айыптарды “қанағаттанарлық” деп тапса болғаны... Бұл стандарт – халықаралық құқық ережелерінің бүгінгі талаптарына тіпті лайық емес”, - деп санайды Р.ДИККЕР.

Ирақтың сот процедурасы туралы ескі де қазіргі кодексі С.Хусеинге өз адвокаттарының көмегін пайдалануға шектеулі болса да мүмкіндік береді. “Хьюман райтс уотч” ұйымының өзге белсенділері сияқты Р.Диккер де мұны өте маңызды деп санайды. Алайда бұл демократиялық әділ соттың негізгі принципіне сәйкес келмейді.

“Бұл кодексте адвокаттардың өз клиенттерімен еркін кездесуіне толық мүмкіндік берілмейді. Судья тағылған айыптарға күмән келтіргенде ғана көре адвокаттар өз клиенттерін көре алады. Біз адвокат айыпталушымен тергеудің басында-ақ көрісуге құқылы деп санаймыз”, - деді Р.ДИККЕР.

Р.Диккердің мәлімдеуінше, қорғаушыларға тергеу материалдарымен сот басталмай тұрып-ақ танысуға мүмкіндік берілуі керек, сот процесіне дайындалуға олардың жеткілікті уақыты болуға тиіс. Алайда іс жүзінде олай болмады.

“Біздің пікірімізше, Баас партиясының жетекші болғанын жалтартпай дәлелдейтін айғақтар жетспейді емес. Бірақ ең маңызды мәселе: айыпталушылар мен олардың адвокаттарында сот барысында айыпталушының кінәсін дәлелдеу үшін куәгерлердің немесе деректі фильмдердің ондай дәлел-деректерін не жоққа шығаратын, не дауласатын, тіпті болмаса оларға қарсы дәлел келтіретін мүмкіндіктері мен құқы болуға тиіс”, - дейді Р.ДИККЕР.

“Файнэншл таймс” газетінің сейсенбі күні жарық көрген санында С.Хусеинді қорғайтын адвокаттардың бірінің пікірін келтіреді. Онда адвокат өзінің айыпталушымен кеңесетін және сотта келтірілетін айғақ-деректермен танысу мүмкіндігінің болмауы себепті, С.Хусеиннің адвокаттары сот процесін кейінге қалдыру құқын пайдалануы мүмкін деп мәлімдеген. Оның атап көрсетуінше, айыптау қорытындысы адвокаттардың қолына өткен айда ғана берілген. Қорытындыда куәгерлердің аты-жөндері олармен адвокаттардың тілдесуіне мүмкіндік бермес үшін қара сиямен өшірілген.

Ирақ халқының көпшілігі және адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдар С.Хусеин мен оның сыбайластарының 1982-нші жылғы Дужайылдағы қырғын үшін ғана емес, басқа да қылмыстары үшін жаза тартылғандарын көргісі келеді. Алайда, Р.Диккерді тағы да сот барысында қырылған халықты жаппай көмген зираттар мен басқа да айғақтар ескерусіз қала ма деп алаңдайды.
XS
SM
MD
LG