“Өтпелі кезеңнің құқықтық соты” Халықаралық орталығының – тәуелсіз ұйымның сарапшысы Ханни Мегелли (Hanny Megally) Ирақ трибуналының өкілдеріне бұрынғы репрессивтік жүйеге қалай еліктемеу қажеттігін түсіндіріп көрді. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Мегеллидің өзі атап көрсеткеніндей, С.Хусеинге қарсы сот процесін бастау туралы шешім саяси қысымға қарсы жауап ретінде қабылданып отыр.
“Сіздер (яғни Ирақ шенеунектері. Ред.) дауласа аласыздар, олар әбден бабына келіп дайын болғанша, бәлкім, ұзақ тосқан да боларсыздар. Бірақ, менің ойымша, бірқатар жетістіктің және алға жылжудың болғанын көрсету үшін саясат та асықтырды. Қанша дегенмен де халық бұл соттың басталғанын 2 жыл күтті, қысым да болды”, - деді Х.МЕГЕЛЛИ.
Осы сәрсенбі күнгі сот мәжілісі барысында Саддам мен оның ең жақын 7 үзеңгілесі өздеріне тағылған айыптармен танысып, сот, яғни Жоғарғы трибунал процедураға көшуге тиіс. Одан кейін сот бірнеше апта үзіліске кетеді. Кейбіреулердің болжауынша, желтоқсан айына белгіленген жаңа сайлау өтіп болғанша сот процесі қайта жалғаспайтын сияқты. Сәрсенбі күні Саддамды қорғайтын адвокаттардың ұжымы бұрынғы президентті соттауға бұл трибуналдың құқы мен құзыры жоқ деп дәлелдеуге тырысатынын мәлімдеді. Олар АҚШ басқыншылығы кезінде құрылған соттың Саддамды соттауға еш құзыры жоқтығын айғақтайтын құжатты алға тартпақшы. Ханни Мегелли Ирақта қайта қалпына келтірілген өлім жазасына БҰҰ-ының қарсы екенін атап көрсетті. Оған қоса, елдегі қауіпсіздіктің жоқтығы салдарынан, әскери қылмыстар бойынша басқа трибуналдарға қарағанда, Ирақтың Жоғарғы трибуналы сараптама жағынан айтарлықтай мұқтаж көретін сияқты.
“БҰҰ-ының өлім жазасына қарсы болуына және елдегі қауіпсіздіктің мүшкіл халіне байланысты, көптеген азамат куәгер болып трибуналға көмек беруден жасқанады. Жалғыз жол – АҚШ-тың қамқорлығымен сотта куәгер болу. Менің ойымша, мұның өзі проблема болайын деп тұр”, - дейді Х.МЕГЕЛЛИ.
Ирақ сотының ең басты қаржыландырушысы әрі оның жападан-жалғыз кеңесшісі Америка Құрама Штаттары болды. Сейсенбі күні Ақ үйдің ресми өкілі Скотт Мак-Леллан “ресми Вашингтон Ирақтағы сот процесінің халықаралық стандаттарға лайық өтетініне үміт артатынын” айтты.
“Бұл – Ирақтың сот процесі. Ендеше Саддам Хусеинді Ирақ халқына қарсы жасаған хайуандығы мен адамзатқа қарсы қылмыстары үшін оны қандай жазаға тарту қажеттігін Ирақ халқының өзі шешетін болады және ол процесті халық ертең бастайды”, - деді С.МАК-ЛЕЛЛАН.
Адам құқын қорғайтын халықаралық “Хьюман райтс уотч” ұйымы Ирақ трибуналын сынға алатын мәлімдеме жасады. Ол мәлімдемесінде аталмыш ұйым Трибуналдың бүкіл Ирақ халқының көңілінен шығатын әділ өкім қабылдай алатын құзырының барлығына күмән келтірді. “Хьюман райтс уотч” ұйымының заңгер сарапшысы Ричард Диккердің мәлімдеуінше, ең басты проблема - Саддамның ісін қарайтын Ирақ трибуналы заманы өткен қылмыстық кодексті басшылыққа алады. Ол кодекстегі баптардан дүниежүзі елдерінің көпшілігі бас тартқан. Оның айтуынша, әлгі кодексте Гаага, Танзания және Сьерра-Леонеде жуырда болып өткен халықаралық сот процестерінде басшылыққа алынған стандарттар жоқ. Ал Ирақтың қазіргі қылмыстық кодексі бойынша ауыр жазаға тарту үшін онша көп айғақ-дерек талап етілмейді.
“Бұл трибунал Ирақтың қылмыстық кодексін, Ирақтың 1971-інші жылы қабылданған қылмыстық кодексін негізге алады. Айыпқа бұйыру үшін ол кодекстің талап-шарты жеңіл – судьялар айыпталушыға тағылған айыптарды “қанағаттанарлық” деп тапса болғаны... Бұл стандарт – халықаралық құқық ережелерінің бүгінгі талаптарына тіпті лайық емес”, - дейді “Хьюман райтс уотч” ұйымының заңгер сарапшысы Р.ДИККЕР.