Accessibility links

Ауғанстан: редактордың “Құдайға тіл тигізді” деген айыппен тұтқындалуы журналистердің алдында тұрған қиындықтардың бетін ашып берді


“Құдайға тіл тигізді” деген айыппен Ауғанстандағы әйелдер журналының редакторын тұтқындау – осы елдегі журналистер қауымын ерекше алаңдатып, дүрліктірді. Әйелдердің құқы туралы “Әйел және Заң” (Hoquq-e Zan) деп аталатын журналдың редакторы Әли Моһақиқ Назаб - басылымның бетінде жарық көрген мақалалар “Құдайға тіл тигізеді” және исламға қарсы көзқарасты насихаттайды деген айыппен осы айдың басында қамауға алынды. Ауғанстаннан жеткен хабарға қарағанда, өз мақалаларында ол шариғаттың кейбір қатыгез тұстары мен елдегі реформалардың проблемаларын сынға алады. Оның тұтқындалуына Ауғанстандағы сөз бостадығын қорғайтын ұйымдар мен баспасөз құралдарының құқын қорғайтын халықаралық топтар ащы наразы болды.

“Әйел және Заң” журналында жарық көрген материалдың бірінде “ерінің көзіне шөп салған” немесе зинақорлық жасаған әйелді таспен атқылау сияқты қатаң жазаға тарту қарастырылған шариғат заңы өткір сынға алынады. Екінші бір мақалада “исламнан бас тарту – қылмыс емес” деген көзқарас келтірілген. Ауғанстан президенті Х.Қарзайдың дін мәселелері бойынша кеңесшісінің Жоғарғы Сотқа шағым жолдауынан кейін аталған журналдың бас редакторы Әли Моһақиқ Назаб (Ali Mohaqiq Nasab) 1-інші қазан күні қамауға алынды. Содан бері ол 2 рет сотқа шақырылды. Назабтың ісін қараған судья оны исламға қарсы келетін мақалаларды “қасақана” жариялады деп айыптап, оны қатаң жазаға тарту керек деп мәлімдеді. Ислам дінін зерттеуші ғалым болып табылатын Моһақиқ Назаб өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Ауғанстандағы тәуелсіз журналистер Ассоциациясының президенті Раһимулла Самандари (Rahimullah Samandar) “Баспасөз құралдарының Комиссиясы” сейсенбі күні бас қосып, “Моһақиқ Назаб өз мақалаларында исламға тіл тигізген жоқ” деген қорытындыға келгенін хабарлады. Бұл Комиссия Ауғанстандағы ақпарат құралдары топтырының сұрауы бойынша жиналған. Осы Комиссияның мүшесі болып табылатын Самандари аталған топтар Жоғарғы Сотқа Моһақиқ Назабты босату туралы өтініш жолдайтынын хабарлады.

“Комиссия мүшелері өзінің барлық сөзінде Моһақиқ Назабтың исламнан теріс айналғанын немесе исламға тіл тигізгенін дәлелдейтін ешбір сөзді таба алмады. Сол себепті Комиссия оны айыпсыз деп тапты және осы сәттен бастап журналистік тәжірибесінің аздығынан ол бас редактор немесе басылымдарға басшы қызметкері бола алмайды дегенге күмәін келтірді”, - деді Р.САМАНДАРИ.

Бас редакторды түрмеден шығаруға судья келісі ме, жоқ па - Самандари оны айта алмады. “Ашық қоғам Институты” ұйымының Ауғанстандағы өкілі Роберт Клюйвер (Robert Kluyver) бұл оқиғаның саяси астары бар деп санайды. Оның атап көрсетуінше, Моһақиқ Назаб парламент депутаттығына үміткер ретінде сайлау науқанын жүргізіп жатқан кезінде консервативтік шийттердің лидерлерімен жанжалдасып қалды.

“Бұл – консервативтік немесе кертартпа шийттердің одан әлдеқайда ұстамды шийттерге қарсы күресінің көрінісі. Басқаша айтқанда, Иранда орын алып отырған проблеманы көзге елестетеді. Бұл шийт генералының проблемасы болатын. Сонымен қатар Әли Моһақиқ Назаб – парламент депутаттығына үміткер болып, өзінің дін саласындағы тың бастамалары үшін консервативтік шийт лидерлерінің тарапынан түрлі шабуылға душар болған еді”, - дейді Р.КЛЮЙВЕР.

Ауғанстанның баспасөз құралдары туралы заңына сәйкес, журналистер БАҚ істері бойынша комиссиясының тиесілі қаулысынан кейін ғана қамауға алынуы мүмкін. Ал Моһақиқ Назабтың жағдайында бұл бап орындалмады. Бұл оқиға, Р.Клюйвердің пікірінше, жаман ырым болып көрінді.

“Өкініштісі, бар проблема, ең алдымен, осы елдегі сот өкімін басшылыққа алу, екіншіден – сөз бостандығының проблемасы сынды ұстанымдар сақталған жоқ. Басқа сөзбен айтқанда, бұл адам бостандыққа шығады, бірақ бірнеше айдан соң өзге бір журналистің “Құдайға тіл тигізді” деген айыппен Жоғарғы Сотта жауапқа тартылмауына ешқандай кепілдік жоқ. Бұл – журналисті қамауға алып, “Құдайға тіл тигізді” деген айып бойынша оның ісін қарау Жоғарғы Соттың құзырына қарамайды”, - деді Р.КЛЮЙВЕР.

Әли Моһақиқ Назаб – “Құдайға тіл тигізді” деп айыпталған бірінші ауған журналисі. 2003-інші жылы “Aftab” апталық басылымының 2 редакторы исламның консервативтік лидерлерінің саясатын әшкерелеп жазған мақалалары үшін қамауға алынған болатын. Көп ұазамай олар босатылды, бірақ өмірлеріне қатер төнген соң елден кетуге мәжбүр.

Раһимулла Самандаридің пікірінше, мұндай жайттар Ауғанстандағы сөз бостандығына қарсы ауыр соққы болды. Осындай оқиғалар, деп алаңдайды Самандари, ауған журналистерінің арасында өзіндік цензураның етек жаюына жетелеуі әбден мүмкін.

“Мен байқап отырмын: соңғы күндері журналистер өзара сыр бөлісіп, өзегі жеткен проблемаларды қозғамау керек деген ұйғарымға келіп жатыр. Бұл оқиғаның алдында біз Толо телекомпаниясының проблемаға тап болғанын бақыладық. Ал одан бұрын біз Герат университетінде кейбір ислам проблемасына күмән келтірген 2 журналистің 1 жыл ішінде оқудан қуылғанына куә болдық. Егер осындай жайттар қанат жаятын болса, онда Ауғанстанда ешбір журналист өзекті поблеманы көтеріп жазуға бара қоймас”, - дейді Р.САМАНДАРИ.

Ақпарат құралдарын дамыту жөніндегі жергілікті ұйымның таяуда жасаған зерттеуіне қарағанда, журналистерді қудалау Ауғанстанда өрістеп барады. Осы зерттеуге сәйкес, журналистерге қоқан-лоқылдық көрсету немесе қорқыту әдістерін көбіне, әдетте, әскери қолбасылар мен үкімет өкілдері қолданатын көрінеді. Раһимулла Самандаридің атап көрсетуінше, міне осындай жайттарға жол бермеу үшін тиесілі шаралар қабылдану керек.

“Ауғанстанның “БАҚ туралы” заңының 31-інші бабын жою керек. Ол бапта журналистердің жазуына болмайтын проблемалар тізіп келтірілген. Журналистердің ислам проблемалары мен дін мәселесін көтеріп жазуға құқы жоқ. Бұл өзгеруге тиіс. Бұл – журналистердің еркіндігі үшін қажет. Оған қоса, сөз бостандығын қорғайтын халықаралық ұйымдар Ауғанстан журналистеріне қарсы бағытталған қысымды жеңілдету үшін ауған үкіметін қыспаққа алуға тиіс”, - деді Р.САМАНДАРИ.

Әли Моһақиқ Назабтың қамауға алынуынан кейін жариялаған арнайы мәлімдемесінде “Шекараны білмейтін репортерлер” халықаралық ұйымы баспасөз құралдарын Ауғанстанның ресми дінін құрметтеуге тиіс деп атап көрсетті. Сонымен бірге аталмыш ұйым ислам туралы өзінің бейбіт көзқарасын білдірген адамды үкіметтің түрмеге жабуға құқы жоқ деп ескертті. Ауған авторларының Канадада орналасқан тобы Ауғанстан президенті Х.Қарзайдың атына ашық хат жолдап, онда Әли Моһақиқ Назабтың қамалуын – “Ауғанстандағы барлық авторды абақтыға жабу” деп бағалады.
XS
SM
MD
LG