Accessibility links

Қытай: Бежінге Д.Рамсфельдтің ізін басып И.Иванов келді


АҚШ-тың қорғаныс министрі Д.Рамсфельд Қытайдың қарулы күштерін нығайтуына алаңдаушылық білдірумен Бежінге 3 күндік сапарын аяқтады. Бейсенбі күні Бежіннен аттанары алдында Д.Рамсфельд: “Қытайдың ядролық қуатының арта түсуі – Бежіннің көздеген ниетіне күмән келтіреді” деп мәлімдеді. Ал Рамсфельдтің ізінше Бежінге ат басын тіреген Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің хатшысы И.Иванов Қытай басшылығына ешқандай алаңдаушылық білдірмейтін тәрізді. Өйткені күн тәртібінде – қауіпсіздік саласында Ресей мен Қытай арасындағы стратегиялық ынтымақтастық мәселесі тұр.

Бейсенбі күні ресми Қытай Дональд Рамсфельдтің Бежінге келген сапарын американ-қытай қатынастарын жақсарту жолындағы бірінші де маңызды қадам болды деп Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Конг Куанның сөзімен жоғары бағалады.

“Рамсфельдтің осы сапарының нәтижесінде, Қытай мен АҚШ өзара байланысы мен әскери саладағы қатынасына қатысты жақсы пікір алмасты. Бұл – жемісті сапар болды. Бұл сапар екі ел арасындағы байланысты жақсартты, екі жақ та өзара білім беру мен әскери теңіз күштері саласындағы және басқа да ынтымақтастықты жетілдіру туралы уағдаласты”, - деді К.КУАН.

Алайда АҚШ қорғаныс министрінің өзі онша көп сөйлемеді. Қытайдың Әскери Академиясында сөйлеген сөзінде Д.Рамсфельд таяуда Қытайдың қарулы күштерінің бюджетін ұлғайтуы – Бежіннің түпкілікті мақсат-мүддесі жайынан халықаралық қауымдастықтың күдігін туғызды деп атап көрсетті.

“Қорғаныс шығындары көлемінің жарияланған шығындар көлемінен әлдеқайда жоғары болуы – “сөз бен істің арасындағы осындай айырмашылықтың болуында қандай сыр жатыр?” - деп ойлаған көрші елдерді аң-таң қалдырды”, - деді Д.РАМСФЕЛЬД.

Сәрсенбі күні Д.Рамсфельд Қытайды ашық болуға шақырды. Пентагонның мәліметтеріне қарағанда, Қытай өзінің қарулы күштеріне ұлттық бюджетте көрсетілген қаржыдан 3 есе көп қаражат жұмсай алады.

“Қытай үкіметінің бюджет шығындарын ұлғайтуды жоспарлауы өзге елдерді “Бежіннің көздеген түпкілікті мүддесі не?” деп ойлануға жетелеп, ол елдерді тиесілі шара қабылдауға мәжбүрлейді. Қарулы күштерді табиғаты беймәлім себеппен және шұғыл нығайту, біздің көзқарасымызша, кем дегенде, өзге елдерді састырады”, - деді Д.РАМСФЕЛЬД.

Д.Рамсфельдің бұл сөздері Американың ғаламдық мүддесіне Қытай жағынан төнген қатердің ұлғая түсуіне АҚШ-тың алаңдап отырғанын аңғартады. Атап айтқанда ресми Вашингтон экономикалық әлеуеті өсе түскен Қытайдың кейде астыртын түрде әскери күш-қуатын арттырып жатқанына алаңдайды. Ал Қытай өзінің қорғаныс саласына бөлген шығындарын бағалауға келгенде екі жақтың, яғни Бежін мен Вашингтонның, есептері екі түрлі деп ақталып, АҚШ-тың осы күдігін сейілтуге асықты. Қытайдың қорғаныс министрі Као Гангчуань:

“Қытайдың ең басты көздегені қарулы күштерді нығайту емес, экономика”, - деп мәлімдеді.

Алайда Вашингтонды ресми Бежіннің қарулы күштерін астыртын түрде нығайтуы ғана алаңдатпайды. Д.Рамсфельд АҚШ-тың Азияға келуіне деген Қытайдың екіұшты саясатын атап көрсетті. Ол “ Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына” мүше елдердің шілде айындағы бас қосуында Ресей мен Қытайдың атқарған рөлін мысалға келтірді. Астанада өткен осы саммитте АҚШ-қа Орта Азиядағы әскери күштерін шығарудың кестесін жасау талабы қойылды. Ұмытпасақ, “Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына” Ресей мен Қытайдан басқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан кіреді.

АҚШ-ты Орта Азиядан ығыстырып шығаруды мақсат етуі мүмкін “Ресей-Қытай одағы” туралы Вашингтонның күдігі – Д.Рамсфельдтің ізінше Бежінге Ресейдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы И.Ивановтың келуі себепті сейіле қоймайды. Мәскеу мен Бежін Орта Азияны өздерінің ықпалына қарайтын аймақ деп қарастырады және АҚШ-тың таяуда осы аймаққа ентелеп кіргеніне қызғанышпен қарайды.

Алайда, Мәскеудегі “Қытайдың, Орта және Солтүстік Азияның қауіпсіздігі” Орталығының сарапшысы Василий Мукеев Ресей, Қытай және АҚШ арасындағы үшжақты қарым-қатынас бірыңғай теке-тіреспен өтеді деп қарастыру адасқандық болар деп санайды.

“Егер біз осы екі сапарға үңілетін болсақ, онда біз өзінің экономикалық жетістігінің арқасында Қытайдың ғаламдық саясаттағы ықпалға ие болуға тырысып жатқанын көреміз. Оған, ең алдымен, АҚШ-пен арадағы саяси, қауіпсіздік және әскери саладағы жақсы ынтымақтастығы жатады. Екінші жағынан, Қытай – қауіпсіздік мәселесінде Ресеймен де жылы ынтымақтастық орнатуға ұмтылады. Міне сол себепті де Қытайдың бүкіл дүние жүзіндегі саяси супермемлекетке айналуына деген тың көзқарасты талқылау үшін Ресейдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Бежінге келіп отыр”, - дейді В.МУКЕЕВ.

Мұның кілті, деп санайды В.Мукеев, ғаламдастыру мен экономикалық өркендеу болып табылады. Ресей мен Қытайдың экономикалық әлеуеті өскен сайын, олардың экономикалық жүйелері мен ұлттық мүдделері АҚШ-тың ғаламдық мүддесімен қақтығысады. Бұл, әрине, айшықтары көп теория. Бірақ, әскери салада Мәскеу мен Бежіннің және Вашингтонның тең бақталасуы мүмкін емес.
XS
SM
MD
LG