Accessibility links

Ресей: “Тыңшылар” туралы мәлімдеме Батыста сынға тап болды


Дүйсенбі күні ағылшын үкіметі Мәскеудегі өз дипломаттарының “тыңшылық” іс-әрекеті туралы Ресейдің мемлекеттік “Россия” телеарнасынан берілген хабарына “аң-таң болып”, оған “алаңдайтынын” мәлімдеді. Аталған телеарнадан жексенбі күні берілген бағдарламада өздерін “ресейлік барлау қызметінің өкілдеріміз” деп таныстырған адам ағылшын агенттері Мәскеу көшелерінің біріне астыртын хабар беретін жабдық орнатты деп мәлімдеді. Ресейдің ФСБ немесе Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәлімдеуінше, әлгі жабдық британ елшілігінің 4 өкілі мен Англияның барлау қызметіне “жансыз” ретінде тартылған бір Ресей азаматының өзара құпия байланысы үшін орнатылған көрінеді. Бұл хабар Ресейде іс атқаратын үкіметтік емес шетелдік ұйымдарды қаралау мақсатын көздесе керек. Осы айдың басында қабылданған жаңа Ресей заңына сәйкес, шетелдік ұйымдардың іс-қимылы күрт шектеледі. Біздің тілшіміз Джули Корвин Ресейдегі осы жанжалды ресми Вашингтонның қалай қабылдағанын хабарлайды.

Ресейдің ФСБ немесе Федералдық қауіпсіздік қызметі 22-нші қаңтар - дүйсенбі күні “Россия” телеарнасынан шетелдік тыңшыларды әшкерелегені туралы берілген хабарға түсініктеме беру үшін бір топ журналиспен кездесті. ФСБ-нің төрағасы Сергей Игнатченко Мәскеу көшелерінің бірінде жатқан бір қара тасқа жасырылған хабар беруші жабдыққа британдық тыңшылардың қатысы болғанын суреттеп берді.

“Ноу-хау немесе жаңалықтың мәнісі – тыңшы өзінің агентімен жүздеспей-ақ байланысы алады. Мысалға, көзге елестетіп көрейік: тың ақпарды беруге тиісті агент тастың маңында серуендеп жүріп, оған шамамен 20 метрге жақындайды да арнайы жабдық арқылы ақпарын хабарлайды. Ал тыңшының өзі де дәл солай серуендеп жүріп тың ақпарды алады және өзінің агентіне жаңа нұсқауын береді”, - деді С.ИГНАТЧЕНКО.

Сонымен бірге С.Игнатченко ағылшын тыңшыларына Ресей азаматының қызмет еткенін, қолға түскеннен кейін ол өзінің британдық барлау қызметі үшін тыңшылық жасағанын мойындады деп мәлімдеді. ФСБ жетекшісінің атап көрсетуінше, Ұлы Британия елшілігінің 1 қызметкері сыртқы істер министрлігінің бір Қоры арқылы Ресейдегі үкіметтік емес ұйымдардың қаржыландырылуын қамтамасыз етіп отырған. С.Игнатченконың сөзіне қарағанда, Ресейдің 12 үкіметтік емес ұйымы, оның ішінде “Адамды азаптауға қарсы Комитет”, “Демократияны дамыту Орталығы”, “Еуразия” Қоры және “Мәскеудің Хельсинки тобы” сынды ұйымдар осы жолмен қаржыландырылып келген.

Әдетте британ үкіметі барлау қызметінің іс-әрекетіне сипаттама-түсініктеме бермейді. Әйтседе Ұлы Британияның сыртқы істер министрлігі Ресейдің үкіметтік емес ұйымдарымен қандайда бір заңсыз байланысы болғанын түбегейлі жоққа шығаратын мәлімдемесін жариялады. “Ұлы Британия үкіметі, делінеді бұл құжатта, Ресейдің адам құқына қатысты үкіметтік емес ұйымдарының бірқатар жобасын қаржыландыратыны жақсы мәлім. Біздің барлық қаржылай көмегіміз оларға ашық көрсетіледі және Ресейдегі салауатты азаматтық қоғамның дамуын қолдауға бағытталады. Біз “Ресейдің үкіметтік емес ұйымдарымен заңсыз байланыста болды” деген кез-келген айыпты қабылдамаймыз”, деп мәлімдейді британдық Форин офис немесе сыртқы істер министрлігі.

“Азаттық” Радиосына үнемі үн қосып жүретін Мәскеудегі Хельсинки тобының төрайымы Людмила Алексеева өзі бастаған ұйымның 2004-інші жылы Ұлы Британия елшілігінен қаржылай көмек алғанын мойындады. Оның айтуынша, бұл қаражат ұйым белсенділерінің адам құқын қорғайтын халықаралық құжаттармен танысу үшін Англияға баруына қажет болды. “Тыңшылық жанжалын” Л.Алексеева 2007-нші жылғы Мемлекеттік думаға депутат сайлауы мен 2008-інші жылғы президент сайлауы алдында сөз еркіндігін тұншықтыру мақсатында қасақана ұйымдастырылып отыр деп санайды.

Л.АЛЕКСЕЕВА: “...менің түсінігім бойынша, бұл идея мынадай: Ресейдегі “үшінші биліктің” және азаматтық қоғамның мейлінше белсенді, мейлінше тәуелсіз бөлігі болып табылатын адам құқын қорғайтын қауымдастығын талқандауға қоғамның пікірін қалыптастыру. Бұл идеяның мәнісі – адам құқын қорғаушыларды басып-жаншыған соң,2007-2008-інші және одан кейінгі жылдары жұртқа ауыз аштырмас үшін азаматтық қоғамды да тұншықтыру болып табылады”.

Мәскеудегі “Еуразия” Қорының директоры Ирина Якишина Ұлы Британия елшілігінің 2005-інші жылы қандай да бір қаржы бергенін жоққа шығарды. Алайда, Мәскеудегі Хельсинки тобы да, “Еуразия” Қоры да 2004-інші жылы елшіліктен қаражат алған. Шамамен 105 мың доллар болатын ол қаражат, бірақ, Ресей провинцияларындағы тәуелсіз басылымдарды жетілдіруге бағытталған. “Тыңшылық жанжалы” – Ресейдің үкіметтік емес ұйымдарына қарсы бұрын-соңды болмаған қысым көрсету науқаны - Батыс елдерінің назарын елең еткізген ең бірінші оқиға болды. Бұл жанжалдың қақ ортасында – осы айдың басында Ресей президенті В.Путиннің қол қойып бекіткен үкіметтік емес ұйымдар туралы жаңа заңы болып отыр. Ол сәуір айында күшіне енуге тиіс. Оған сәйкес, үкіметтік емес ұйымдардың тіркелуі қатаңдатылып, іс-қимылына күрт шектеу қойылады және саясатқа қатысы бар кез-келген үкіметтік емес ұйымды шет елдерден қаржыландыруға қатаң тыйым салынады.

Кеңсесі Вашингтонда орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға қызметкері Сара Мендельсонның атап көрсетуінше, ФСБ үкіметтік емес ұйымдарды ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірді деп тек осы жолы ғана айыптап отырған жоқ – бұдан бірталай жыл бұрын да осыған ұқсас жағдай болған, дейді Сара ханым. Бірақ, деп келіседі Сара Мендельсон, бұл жолғы оқиғаның айырмашылығы – ресми билік еселеп қысым көрсетіп жатыр. Алғаш рет дүйсенбідегі “тыңшылық жабдық орнатылған тас” туралы бейнесюжетті РТР немесе “Россия” телеарнасы қайта-қайта көрсетті. Людмила Алексеева аңқау бұқара халық бұл хабарға оңай сенеді деп алаңдайды.

ФСБ немесе Федералдық қауіпсіздік қызметінің жексенбі күні Ресейдің “Россия” телеарнасынан, ал келесі күні “Ресейдің қоғамдық теледидары” атты бірінші телеарнасынан берілген әлгі “әшкерелеу” хабарын аты-шулы КГБ-нің осы күні Ұлы Британияда тұратын тыңшысы әрі барлау қызметінің тарихшысы Олег Гордиевский былай деп бағалады: “Бұл хабардың көздеген екі немесе үш мақсаты болды. Оның біріншісі – жай ғана ағылшындарға қыр көрсету; өйткені ағылшындар Лондонда Ресейдің 30 және 30-дан да көп тыңшылары бар үнемі айтып келеді. Бұл тым көп. Ал Мәскеудің өзінде ағылшындардың 2-3 барлаушысы бар, олар ФСБ-ға мәлім, ішкі істер министрлігінің, ФСБ-ның, сыртқы барлау қызметінің және т.б.-ның кеңселеріне барып жүреді.

Екінші мақсат – үкіметтік емес ұйымдардың шет елдердің барлау қызметтерімен ауыз жаласқаны туралы және олардың шпиондық ұйымдармен тығыз байланысы туралы өзінің тезисін дәлелдеу. Үкіметтік емес ұйымдар туралы заң жобасы елдің ішінде де, шет елдерде өткір сынға тап болған соң, оны ресми биліктің ұстанымы есебінде қолдау керек болды. Міне осы мақсатта әлгі “спектакльді” ұйымдастырды”, деп санайды бұрынғы совет тыңшысы Олег Гордиевский.

“Ал үшінші мақсат, деп ойын жалғастырады барлау тарихшысы О.Гордиевский, Ресейдің жарқын чекстерінің мақтан тұтатындай іс-қимылы мен жағдайын көрсету керек болды. Сол себепті де теледидар арқылы әлгі қойылым жүзеге асырылды”.
XS
SM
MD
LG