Accessibility links

Түркімендер күнтізбелерін өзгертті


Бүгін Түркіменстандағы газет-журналдардың барлығы григориан күнтүзбесіндегі ай атауымен жарық көрді. Сөйтіп, Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың тұсында өзгеріске ұшыраған күнтізбе бұрынғы қалпына қайтып оралды.

2002 жылдың тамыз айында Түркіменстанның президенті Ниязовтың шешімімен, ай, күн және апта атаулары мемлекеттегі маңызы жоғары оқиғаларға орай өзгертіліп, сонымен қатар, тарихи тұлғалардың есімдерімен алмастырылған еді. Соның себебінен қаңтар айы бүгінгі күнге дейін түркіменбашы болып аталып келді.

Осыдан алты жыл бұрын президент Ниязов түркімендік күнтізбенің жаңа нұсқасын жасатқанда, сәуірді Гурбонсолтан деп анасының, қарашаны әскери қолбасшы болған Санжардың есімдерімен, ал тамыз айын түркімендердің ежелгі тайпасы болып саналатын Оғыз және ақпанды ұлттық жалау мерекесіне орай, Байдаг деп өзгерткен болатын.

Апта күндерінің ішіндегі сенбі «рухгюн» деп аталды. Өйткені, бұл - түркімен халқының «Рухнама» кітабын оқитын күні болып саналды. Сапармұрат Ниязовтың бұл кітапқа деген ықыласы ерекше болғандықтан, қыркүйек айы осы туындының атымен аталды.

Билік басына Гурбангулы Бердімұхамедов келген соң, Ниязовтың тұсындағы кейбір ережелер мен міндеттер қолданыстан шығарылды. Мәселен, 2001 жылы Сапармұрат Ниязов, түркімен халқының мәдениетіне жат екенін айтып, опера және балет театры мен цирк өнеріне қатаң тиым салған болатын. Ал Бердімұхамедов болса, «күннен-күнге гүлденіп келе жатқан Түркіменстанға әлемдік өркениетпен бірге даму керек» деп, өзінің алдындағы басшының сөзін жоққа шығарды. Сонымен қатар, 2007 жылдың 11 наурызынан бастап, президент пен мемлекетке ант беру рәсімі де тоқтатылды.
XS
SM
MD
LG