Наразылық танытушылардың сөзі бойынша, қазанның 4-і күні Алмалы аудандық соты қылмыстық істің қозғалуына қатысты профессорды қамауға алу туралы шешім шығарған. Құқық қорғау органдары бұл әрекетіне қатысты ешқандай ақпарат бермей отыр. Айыпталушының әйелі Ләззат Ыбыраеваның айтуынша, Саят Ыбыраевты құқық қорғау органы өкілдері қазанның 1-і күні түнде ауруханада емделіп жатқан жерінен ұстап әкеткен. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқанын туыстары дүйсенбі күні ғана біліпті.
ТАҒЫ БІР ЖАБЫҚ ІС
- Тек дүйсенбі күні ғана оның үстінен қылмыстық іс қозғауға қатысты Алмалы аудандық соты санкция шығарып жатқанын білдік. Сол жерге қатысқымыз келіп, судьяға өтініш жаздық. Өтінішімді қабылдаған жоқ. Залға кіріп бара жатқан адамдармен бірге кіреміз дегенде әкесін бір прокурор жағасынан алып, ішіне кіргізбеуге әрекет жасады. Әйтеуір, итеріп кірдік. Сондағы естігеніміз, сот Қылмыстық кодекстің 126-шы бап 3-ші бөлім, «А» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғауға санкция берген, - деді Ләззат Ыбыраева.
Туыстарының айтуынша, Саят Ыбыраев қазіргі таңда Алматыдағы уақытша қамау изоляторында. Оған ешкімді кіргізбейді, не тамақ, не киім бергізбейді. Олар оған қандай айып тағылып отырғанын білмейді.
- Бұл өзі түсініксіз нәрсе. Сот залына төбелесіп кірдік. Ол жерде естігеніміз - бір нашақорлар оның (Саят Ыбыраев – ред.) үстінен арыз жазған екен. Соны желеу қылып, нашақор адамдардың сөзіне сеніп, осында отырған ғалымдар айтқандай, атағы дүниежүзіне жайылып кеткен ғалымды соттауға бола ма? Айыптауға бола ма? Немесе қамап қоюға бола ма? Оған қазір кіргізбейді. Не тамақ бергізбейді. Не киім апарып бергізбейді, - деді ғалымның әкесі Мұрат Ыбыраев.
ҒАЛЫМДАР СӨЗІ
Дәл осы жайтқа алаңдаған бір топ ғалым қазанның 7-сі күні Алматы қалалық бас прокуратурасына өтініш хат түсірді. Онда Қазақстандағы техникалық ғылымның дамуына еңбегі сіңген ғалымның айыптауда жазылған іске қатысы болуы мүмкін еместігі, оның қамалуы университеттегі ғылыми жұмыстарға кедергі келтіретіні баяндалған. Ғалымдар прокуратурадан тергеу аяқталғанша оны қамамай, «кетпеу туралы қолхатқа» немесе «үйқамаққа» ауыстыруды сұрайды. Және осы іске қатысты соттың қоғамға ашық болуын да өтінді.
Асқар Жұмаділдаев, академик. Профессор Саят Ыбыраевқа қолдау көрсету шарасында. Алматы, 7 қазан 2010 жыл
Саят Ыбыраевқа қолдау көрсетуге келген әріптестерінің бірі академик Қуаныш Сартаев ғалымдар тобының атынан профессорды жақсы жағынан сипаттайтын мінездеме оқып берді.
- Қазақстанда ғылыми атағы бар ғалымдар өте көп. Бірақ, соның ішінде шын әлемдік деңгейде жұмыс істеп жатқан ғалымдар саусақпен санарлық. Солардың бірі – Саят інім. Осындай қазақтың бетке ұстар азаматын қамап қоюы маған түсініксіз жағдай тудыртады. Мен осы есебінде алаңдаушылық білдірем, - деді белгілі математик ғалым Асқар Жұмаділдаев.
РЕСМИ ОРЫНДАР ЖАУАП БЕРМЕЙДІ
Біз бұл мәселеге қатысты Алматы қалалық ішкі істер басқармасына хабарласқан кезде баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбекова ІІМ-не сілтесе, министрлік өкілдері бұл істен хабары жоқтығын айтты.
Саят Ыбыраевтың адвокаты Таир Назханов та қандай да бір ақпарат беруге аса құлықты болмады.
- Алмалы аудандық соты оған (Саят Ыбыраев – ред.) қамау түріндегі жаза тағайындау туралы қаулы шығарған. Мен бұл қаулының үстінен шағым түсірдім. Енді бәрін қалалық сот шешеді. Қалалық сот менің шағымымды қарамайынша ешқандай түсініктеме бере алмаймын, - деді Таир Назханов қазанның 7-сі күні Азаттыққа.
Қазанның 7-сі күні болған баспасөз жиынында Саят Ыбыраевтың «Сенім.Білім.Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі екені де айтылып қалды. Дәл осы ұйымның Исматулла Мақсұмды "рухани ұстаз" санайтын Қазақстандағы Яссауия сопылық тариқатын ұстанушыларға қатысы барлығы жиі айтылады. Адам құқығын қорғау бюросының қызметкері Андрей Гришиннің пікірінше, қазіргі таңда құқық қорғау органы өкілдері бұл ұйымның немен шұғылданатынын білмейтіндіктен оның мүшелерін қуғындауға көшті дейді.
- Сот отырыстарын жабық өткізуге ұмтылған құқық қорғау органдарының әрекеті әрине, заңсыз. Ең оңайы, қоғамдық резонанс тудыратын процестердің барлығын жабық өткізу. Бұл бізде дәстүрге айналып барады. Біріншіден, жаңа айтқанымдай, ақпаратты жабық ұстау үшін, екіншіден, егер тергеу әрекеттері заңсыз жүргізілсе, (көп жағдайда солай болады – Гришин) яғни, қоғамға осы заңбұзушылықтарды білдірмес үшін жасалады, - деді Андрей Гришин.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ибраев үш ғылыми монография мен 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы. Механика мен машинажасау саласы бойынша бес патентке ие болған.