«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Маңғыстау облысындағы «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компанияларында мұнайшылар ереуілінің тоқтатылғанын мәлімдеді.
«ЕРЕУІЛ ТОҚТАТЫЛДЫ»
Қыркүйектің 21-і күні ақпарат құралдарына тараған баспасөз мәлімдемесінде еңбек дауының «заң аясында шешілгені» жазылған.
«Мұнай өндіруші компанияларда қызметкерлердің штаты жинақталған, мұнай өндіруді толыққанды қалпына келтіру жүргізілуде. Сонымен қатар, еңбек шарттарының бұзылуына байланысты жұмыстан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесі өзекті болып қалуда» деп жазылған баспасөз мәлімдемесінде.
Заңсыз ереуілдің салдарынан 2 мыңға жуық адам жұмыстан босатылды. Бұл біздің азаматтарымыз, олардың тағдырына бей-жай қарай алмаймыз.
Дәл осы мәселеге арналған жиында сейсенбі күні «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қор басқармасының төрағасы Тимур Құлыбаев ереуіл салдарынан жұмыссыз қалған мұнайшыларды жұмысқа орналастыру жағына мән беру керек деген пікір білдірді.
- Заңсыз ереуілдің салдарынан 2 мыңға жуық адам жұмыстан босатылды. Бұл біздің азаматтарымыз, олардың тағдырына бей-жай қарай алмаймыз, - деді Тимур Құлыбаев.
Қыркүйек айының басында ереуілшілермен «кездескен кезде» Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев та Жаңаөзендегі мұнайшыларға «жұмыс табу» жағынан ғана жәрдемдесе алатынын айтқан еді. Алайда алаңда тұрған ашынған халық әкімнің ұсынысына қарсы шығып, өздерінің заңды құқықтарын әрі қарай да талап ете беретінін шуласа жеткізген.
«БАСҚА ЖҰМЫСТЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ!»
«Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшысы Айман Оңғарбаеваның айтуынша, қазіргі кезде Жаңаөзен қаласының орталық алаңында ереуіл әлі жалғасып жатыр. Оның айтуынша, сәрсенбі күні мұнда мыңнан астам адам ереуілдеп тұрды.
Мұнай саласынан басқа жерде жұмыс жасай алмаймыз. Басқа жұмысқа бармаймыз. Бұл - бір. Екіншіден, Наталья Әжіғалиева, Наталья Соколованы босатпай, бұл жерден қозғалмаймыз. Сол екеуін бостандыққа шығарсын!
Ол билік өкілдерінің ұсынысы ақылға сыймайды дейді.
- Біз заң бойынша тиесілі еңбекақыны сұрап отырмыз. Мұнай саласынан басқа жерде жұмыс жасай алмаймыз. Басқа жұмысқа бармаймыз. Бұл - бір. Екіншіден, Наталья Әжіғалиева, Наталья Соколованы босатпай, біз бұл жерден қозғалмаймыз. Сол екеуін бостандыққа шығарсын! Одан кейін барып келісім үстеліне отырамыз, - деді ол сәрсенбі күні Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, осы аптаның басында Ақтау мен Жаңаөзенге бір топ мемлекеттік ақпарат құралдары журналисі келіп, ереуіл аймағымен де «танысып кеткен». «Алайда олар мәселемізге мән берген жоқ» деп ренжиді ереуілшілер.
- Өзенге келгеннен кейін олар әуелі әкімшілікке кіріп шықты. Содан кейін бірлестікке кірді. Содан кейін біздің алаңға келді. Ешқандай камераларын қосқан да жоқ. Ешқандай интервью де алған жоқ. Тек келді де, 5-10 минуттай тұрды да кетті. Тек көзбояушылық үшін келіп кетті. «Мәселеміз қашан шешіледі?», «Қашанғы отыра береміз мына жерде?» «Қашан бізді көрсетіздер телеарнадан?», «Төрт айдан бері қай жақта жүрсіздер?» деп оларға сұрақ жаудырдық жан-жақтан. Бірақ олар үндемей, сұрақтан қашып кетті, - дейді Айман Оңғарбаева.
Ешқандай интервью де алған жоқ. Тек келді де, 5-10 минуттай тұрды да кетті. Тек көзбояушылық үшін келіп кетті.
Ақпарат бойынша, бұл пресс-турға «Vox Populi», «Аргументы и факты», «Алаш айнасы», 7-арна, «Тенгриньюз», «Мегаполис» тілшілері қатысқан. Мұндай пресс-турдың болғанын «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі де растады. Бірақ олар пресс-турдың мақсатын ашып айтқан жоқ.
Ал Қаражанбас мұнайшылары «нағыз ереуілдің» әлі алда екенін айтады. Мәлік есімді мұнайшы төрт айдан бері еңбек дауының жалғасып келе жатқанын (еңбек кодексінде «локаут»), енді ресми түрде ереуіл басталатынын айтады.
- Қазір біз ереуіл комитетін құрып, 25 адамды таңдадық. Ресми түрде ереуілдің басталғанын мәлімдегіміз келеді. Яғни ереуіл әлі тоқтаған жоқ. 1000 адам жұмыстан шығарылды. «Қаражанбасмұнай» компаниясынан 993 адам жұмыстан босатылды. Қазір олардың бәрі далада қалды, - дейді ол.
ПРОКУРАТУРАНЫҢ СЫНЫ
Ал қыркүйектің 20-сы күні Маңғыстау өңірінде болып қайтқан Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев «Қарамағындағы жұмысшылармен қарым-қатынас орната алмаған» жұмыс беруші компанияларды сынады. Оның сөзін мемлекеттік арналар да таратты.
«Ереуілдің орын алуына, ең алдымен, жұмысшыларға жұмыс берушілер тарапынан Еңбек кодексіне сәйкес түсіндіру жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмеуі себеп болған. Сондықтан, түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу қажет. Егер олардың талаптары орынсыз болса, заңға сәйкес шешу керек» дейді Асхат Дауылбаев.