Accessibility links

Египет сайлауында «Мұсылман бауырлар» жеңіске жеттік дейді


"Мұсылман бауырлар" қозғалысының кандидатын қолдаушы каирлік әйел Мохаммед Мурсидің үгіт-насихатын оқып тұр. 18 маусым 2012 жыл
"Мұсылман бауырлар" қозғалысының кандидатын қолдаушы каирлік әйел Мохаммед Мурсидің үгіт-насихатын оқып тұр. 18 маусым 2012 жыл
Египетте маусымның 16-17 күндері өткен президент сайлауының ақтық кезеңінде «Мұсылман бауырлар» қозғалысымен тығыз байланысты Еркіндік және әділет саяси партиясының үміткері көбірек дауыс жинады. Дүйсенбі күні қозғалыстың саяси қанаты өз кандидаттары Мохаммед Мурси жеңіске жетті деп жариялады.

Діни ұйымның кандидатымен бәсекеге түскен экс-премьер дауыстың түгел саналып бітпегенін айтады.

TWITTER АРҚЫЛЫ ЖАРИЯЛАНҒАН «ЖЕҢІС»

Египеттегі президент сайлауында үміткер Мохаммед Мурсидің жеңісі туралы хабарлама Twitter арқылы тарады. «Мұсылман бауырлар» вебсайты Мурсиді «Египеттің халық сайлаған алғашқы президенті» деп мәлімдеді.

Өзінің қолдаушылары алдына шыққан Мурси Египеттегі барлық топтарға, елдегі мұсылман мен христиандардың бәріне тең қарайтын президент болып қызмет етуге уәде берді.
Ахмед Шафиктің плакатына аяқ киімін қойып тұрған египеттік. Каир, 15 маусым 2012 жыл
Ахмед Шафиктің плакатына аяқ киімін қойып тұрған египеттік. Каир, 15 маусым 2012 жыл

Египеттегі президент сайлауының «Мұсылман бауырлар» жариялаған алдыңғы бейресми мәліметтеріне қарағанда, дауыстардың 95 пайызы саналып біткен. Ол көрсеткіштер бойынша, Мурси 52 пайыз дауыс жинаса, бұрынғы премьер-министр Ахмед Шафик 48 пайыз дауыс алған.



МУРСИ МЕН ШАФИК

Шафиктің сайлау алды штабы «Мұсылман бауырлар» қозғалысының жеңіске жеттік деген хабарламасына таң қалып, қорытындыны тек сайлау комиссиясы ғана жариялай алады деді.

Бұл тұста уақытша билік құрып отырған қарулы күштердің жоғарғы кеңесі өзінің қаржылық бақылау мен билік құзыретін күшейтетін конституциялық декларация қабылдады.

Жаңа құжат бойынша жоғарғы кеңес елдің жаңа конституциясын дайындайтын 100 мүшесі бар комиссия құра алады. Жаңа конституция қабылданғанша, парламент сайлауы өтпейді. Әскери кеңесті Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәк билігі кезінде 20 жыл қорғаныс министрі болған, фельдмаршал Хуссейн Тантави басқарып отыр.

ӘСКЕРИ БИЛІККЕ ҚАРСЫЛЫҚ

«Мұсылман бауырлар» қозғалысының өкілі дүйсенбі күнгі баспасөз мәслихатында, әскери кеңестің конституциялық декларациясын мойындамайтынын, парламент сайлауын заңсыз деп таныған сот шешімін қабылдамайтынын мәлімдеді. Қозғалыстың қолдаушылары «Әскери билік кетсін!» деп ұрандап шықты.
Әскери билікке наразылық таныту шерулерінің бірі. Каир, 15 наурыз 2012 жыл
Әскери билікке наразылық таныту шерулерінің бірі. Каир, 15 наурыз 2012 жыл

Египетте президент сайлау науқаны қызу жүрді. Кейбір сайлаушылар бұрынғы әуе күштерінің қолбасшысы, 2011 жылы биліктен құлатылған Мүбәрәк режимінің соңғы премьер-министрі Шафикті бұрынғы биліктің жалғасы ретінде қабылдады.

Екінші жағынан, Мурсидің қарсыластары «Мұсылман бауырлар» қозғалысы Египетті ислам мемлекетіне айналдырып, әйелдер құқын шектеп, христиандарға қарсы саясат жүргізеді деген қауіптерін білдірді.

Жергілікті сайлау комиссиясы президент сайлауының түпкілікті қортындысы маусымның 21-і жарияланады деп хабарлады.
XS
SM
MD
LG