Орта мектептің тоғызыншы сыныбын бітіріп, колледждің «туризм» мамандығы бөліміне грантпен түскен Лолита Ташухаджиеваның жаңа оқу жылы жанжалмен басталды. Хиджаб таққан 16 жасар бойжеткеннің айтуынша, бұл жағдай қыркүйектің 2-сі күні колледждің бас корпусында оқулық алып жүргенде болған.
«ХИДЖАБ ПЕН ОҚУДЫҢ БІРІН ТАҢДА!»
– Кітапхананың жанында тұр едік, жаныма бір әйел екпіндей басып келді. Кім екенін білген жоқпын, колледждегі бірінші күнім ғой. Ол қолымнан ұстап, «Жүр кабинетіме! Кураторын шақырыңдар!» деді. Кабинетіне кіргізіп алып, «Мына түріңмен колледжге қалай келдің? Мұнда қалай түсіп жүрсің? Не осы колледжде оқисың, не хиджабыңды тағып жүресің!» деп айғайлай бастады, – дейді Лолита Ташухаджиева.
Бойжеткен колледжге түскенде де осындай киіммен жүргенін, тіпті оқуға тапсырған құжаттарының арасында орамал таққан фотосуреті болғанын
айтып ақталуға тырысады. Ол хиджабты жаздан бері таға бастапты. Бірақ қыркүйектің 2-сінде колледж әкімшілігі оған «жақсылап ойланып, оқу мен діннің бірін таңда» деген талап қойған.
– «Сен ренжіме. Жеке басыңа тағар ешқандай мініміз жоқ. Бірақ әп-әдемі бойжеткенсің, шашың да әдемі, оны неге жабасың? Ұзын юбка киюіңе болады, бірақ орамал тақпайсың» деді. Мен ештеңе деместен кетіп қалдым, – дейді Лолита Ташухаджиева.
Оның анасы Хава Гойгова сол күні колледжге барған екен, бірақ әкімшілікпен сөйлесе алмапты. Анасының айтуынша, қызы мектепте жүргенде хиджаб таққысы келген, бірақ оқушылар бірыңғай форма кигендіктен тақпаған. Хава Гойгова «өзім алты жылдан бері орамал тағып жүрмін, жұрттан құрметтен басқа ештеңе естіген жоқпын» дейді.
– Олар білім департаментінің «бірыңғай киім үлгісі болуы тиіс» деген әлдебір бұйрығына сілтейді. Бірақ колледжде форма кимейді ғой. Оқушылар қалауынша киінеді. Әлгі бұйрықты көрсетіңіз десек, «сізбен сөйлесуге бүгін дайын емеспіз, ертең келіңіз» деп шығарып салды, – дейді Хава Гойгова.
Бірақ келесі күні анасы мен бойжеткенмен ешкім сөйлеспеген. Колледж
басшылығы оларға «Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің түсіндірме хаты» деп жазылған бір парақ қағазды ұстатқан.
Азаттық тілшісіне көрсеткен мәтіннің көшірмесінде былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасының «Діни сенім еркіндігі және діни бірлестіктер туралы» заңының 5-бабына сәйкес мемлекеттік білім беру мен тәрбие жүйесі діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатқа ие. Білім беру жүйесін діннен бөлу және оқушылар үшін бірыңғай киім үлгісін енгізу кемсітушілік емес. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 47-бабы 14 тармағына сәйкес, оқушылар мен тәрбиеленушілер ішкі тәртіп ережелерін орындауға, білім беру мекемесінің жарғысы мен білім беру қызметін көрсету туралы келісім-шартта қарастырылған басқа да талаптарды орындауға міндетті».
ІШКІ ЕРЕЖЕЛЕР МЕН ЗАҢ
Лолита Ташухаджиевамен сөйлескен адам, политехникалық колледж директорының орынбасары Зәуреш Жүсіпованың сөзінше, бұл оқу мекемесінде хиджаб киюге тыйым салынған. Директордың орынбасары колледжде киім кию тәртібі туралы бұйрық барын, оны бұза алмайтынын айтады.
– Менің қолымда білім министрлігінің арнайы хаты бар. Идеология жағын қадағалайтын маман болғандықтан, басқарма бастығы Бимендинаның алдына барып, сөгіс естігенмін. Ол «колледждеріңде хиджаб киетін қыздар болмасын»
деп анық айтты. Сондықтан студентті шақырып, «Хиджабыңды сабақтан кейін, үйде немесе басқа жерде тақ, ал мектепке кәдімгі киіммен кел» дедім, – дейді Зәуреш Жүсіпова.
Бойжеткеннің «Бұйрықтан да жоғары Қазақстанның конституциясы және республика қол қойған халықаралық пактілер бар емес пе?» деген уәжіне директордың орынбасары жауап бермеді. Тілшімен телефон арқылы сөйлескен ол әңгімені осы арадан үзді.
Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне бұл жағдайға қатысты түсінік ресми сауал жолданса ғана берілетінін айтты. Жаңа тағайындалған білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің хиджаб туралы көзқарасы да әлі белгісіз. Студент қыздың анасы Хава Гойгова көмек сұрап білім министріне хат жолдаған, енді ведомство басшысынан жауап күтеді.
Биыл наурыз айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман әйелдерінің орамалы туралы пәтуасын шығарған. Басқарманың пікірінше, «біреудің тарапынан орамалды тастауға мәжбүрлеу, орамалды шешуден бас тартқаны үшін сабаққа кіргізбеу сияқты әрекеттер заңды діни қызметке кедергі келтіру, азаматтардың дін еркіндігі құқын бұзу және олардың діни сенімін кемсіту болады».