Accessibility links

«Магнитский тізімі» ұзаруы мүмкін


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) G20 саммитінде кездесті. Ресей, Санкт-Петербург, 6 қыркүйек 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) G20 саммитінде кездесті. Ресей, Санкт-Петербург, 6 қыркүйек 2013 жыл.

АҚШ прокурорлары Ресей заңгері «Магнитский тізіміне» қатысты қандай активтерді тұтқындау қажеттігін тексеріп жатыр. Прокурорлар арызында жазылған бірнеше ресейлік АҚШ-тың «қара тізіміне» енуі мүмкін.

Америкалық прокурорлар АҚШ-қа кіруіне тыйым салынған Ресей шенеуніктерінің санын көбейтуге тырысып жатқан Конгресс мүшелеріне дәлел тауып беретін тәрізді.

ЖАҢА ТІЗІМ

Заңсыз бизнеспен айналысқан Ресей кәсіпкерлері Нью-Йорктен сәулетті апартаменттер сатып алып жатқанда, заңгер Сергей Магнитский Мәскеуде түрмеде отырды. Ресей қазынасынан 230 миллион АҚШ доллары ұрланды деп мәлімдеген ол 2009 жылы құпия жағдайда өлді. Америкалық прокурорлардың айтуынша, ол айтқан ұрлық ақша Манхэттендегі нысандарды сатып алуға жұмсалған.

Магнитский ісі бойынша прокурорлар шағымында аталатын ресейліктер сатып алған пәтерлер. Нью-Йорктің қаржы ауданы.
Магнитский ісі бойынша прокурорлар шағымында аталатын ресейліктер сатып алған пәтерлер. Нью-Йорктің қаржы ауданы.
АҚШ әділет министрлігі қыркүйектің 10-ы күні Уолл-стриттегі төрт қымбат пәтер мен екі коммерциялық ғимаратты тәркілеу туралы арыз жазды. Құжатта алаяқтық әрекеттің жоспары жан-жақты баяндалған. Егер арыз қанағаттандырылса, еуропалық елдердегі сияқты АҚШ-та тұңғыш рет есеп-шот құлыпталады.

АҚШ әділет министрлігінің бұл арызы АҚШ-Ресей қарым-қатынасына жаңаша әсер етуі мүмкін. Өйткені онда "Магнитский тізіміне" бұрын кірмеген Ресей шенеуніктері аталады. Бұл «Магнитский тізімін» кеңейтуге тырысып отырған Конгресс мүшелеріне тиімді. Себебі Обама әкімшілігі Кремль мен Ақ үй арасы шиеленісіп кетеді деген қауіппен бұл мәселеде сақтық танытып келе жатқан. Енді Конгрестің дәлелі көбеюі мүмкін.

Конгресс өкілі Азаттыққа «арызда нақты есімдер жазылғанын, енді оның әкімшілікке жіберілетінін» айтты.

Заңгердің өліміне қатысы бар Ресей шенеуніктерінің активтерін құрсаулап, оларға виза беруге тыйым салатын «Магнитский тізімі» туралы заң бойынша АҚШ үкіметі мен қаржы департаменті «жаңа ақпарат түскен бетте» қара тізімге тиісті адамдарды қосып отыруға міндетті.

Ресей оппозициясы лидерлерінің бірі Борис Немцов Сергей Магнитскийдің суретін ұстап, наразылық акциясына шықты. Мәскеу, 21 наурыз 2012 жыл.
Ресей оппозициясы лидерлерінің бірі Борис Немцов Сергей Магнитскийдің суретін ұстап, наразылық акциясына шықты. Мәскеу, 21 наурыз 2012 жыл.
Обама әкімшілігі желтоқсанның 14-іне дейін я тізімді толықтырады, я бұл мәліметке қатысты комментарий береді. Сәуір айында жарияланған тізімнің бірінші нұсқасында іске қатысы бар 16 адам, басқа іске байланысты тағы екі адам аталған. Мәскеу тарапы бұған ашуланып, жауап ретінде "Дима Яковлев заңын" қабылдады.

Конгресс өкілі «Әділет министрлігі жаңа есімдер мен жымқырылған ақшаны тауып жатыр, сонда қаржы министрлігі мен АҚШ үкіметі қайда қараған? Жаңартылған, кеңейтілген тізімді қашан көреміз?» деп мәлімдеді.

КАЦЫВ ІСІ

АҚШ әділет министрлігінің арызында Ресей бизнесмені Денис Кацыв басқаратын Кипрдегі «Превезон Холдингс» (Prevezon Holdings) те аталған. Бұл жылжымайтын мүлік корпорациясын кезінде Магнитский «алаяқтық жасады» деп айыптаған еді.

Арызда көрсетілгендей, аталған компания мен оның сегіз еншілес филиалы жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы ұрлық ақшаның ізін жасырған.

Прокурорлар еншілес екі компанияның да активтерін іздеп жатыр. АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік департаменті осы іске қатысты 65 беттен тұратын шағым түсірді.

Денис Кацыв.
Денис Кацыв.
Шағымда «Мәскеу облысының бұрынғы көлік басқармасы бастығының баласы Кацыв «Магнитский тізіміне ілінбеген, бірақ алаяқтық операциясына қатысып, одан тікелей пайда көрген адамдардың бірі» ретінде аталады.

Америкалық прокурорлардың мәлімдеуінше, 2008 жылы Кацыв «Превезон Холдингстің» жалғыз қожайынына айналған тұста, компания Ресей қазынасынан миллиондаған доллар қаржы алған. Бұл ақша молдовалық жасанды компаниялардың атынан Молдава және Швейцария банктеріне аударылған.

Шағымда Ресейдегі «Әмбебап жинақтау банкінің» (Универсальный Сбербанка России - ред.) қожайыны Дмитрий Клюев те "алаяқтықты ұйымдастырған, Магнитскийді қамауға ықпал еткен тұлға" ретінде сипатталады.

Құжатта Магнитский тізіміне енген Владен Степанов пен оның бұрынғы әйелі Ольганың да Дубайдан жылжымайтын мүлік сатып алғаны айтылған. Бұдан өзге, «Превезон Холдингстің» бұрынғы директоры Тимофей Крит пен Кацывтың бизнес серіктесі Александр Литвак та аталады. Прокурорлар шағымдарына алаяқтыққа қатысы бар адамдар ретінде заңгерлер Андрей Павлов пен Юлия Майорованы да қосқан.

РЕСЕЙ «МАГНИТСКИЙ ТІЗІМІН» МОЙЫНДАМАЙДЫ

Уильям Браудер - Hermitage Capital Management компаниясының бас директоры. Бұл компанияның да активтерінің ұрланғанын Браудердің адвокаты болған Магнитский мәлімдеген еді.

Hermitage Capital Management компаниясының бас директоры Уильям Браудер. Париж, 11 ақпан 2013 жыл.
Hermitage Capital Management компаниясының бас директоры Уильям Браудер. Париж, 11 ақпан 2013 жыл.
Браудер Азаттыққа 2012 жылдың қыркүйегінде шағым түсіргенін, содан кейін активтерді құлыптау процесі басталғанын айтты. Оның ойынша, «енді Магнитский тізімін кеңейтуге жол ашылды».

- Біздің уәжімізді АҚШ үкіметі дәлелмен растай бастады, - дейді ол.

АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Азаттық тілшісіне:

- Заң талабы бойынша, кез-келген ақпаратты мұқият тексереміз, жеке тұлғаның Магнитский актісіне сай келетін-келмейтіні анықталады, - деді.

Манхэттендегі жылжымайтын мүліктері тұтқындалған Кацыв сот ісін күтіп жүр. Ол «алаяқтыққа қатысы бар» деген айыпты мойындамайды.

Ұлыбританиядағы Wellington International қоғаммен байланыс фирмасы өкілі Азаттық тілшісіне:

- Кацыв мырза Магнитский ісіне қатысы бар екенін жоққа шығарып отыр. Ол осы бір саяси, әрі әділетсіз айыпқа қарсы күресетін болады, - деді.

Егер судья оны «жазықсыз қожайын» деп таныса, оның мүліктері тәркіленбейді. Ал айыбы дәлелденген жағдайда, оның дүниесі АҚШ үкіметінің меншігіне өтеді. АҚШ ол мүлікті Мәскеумен бөлісуі не бәрін қайтаруы мүмкін. Ресейдің ол активтерді қабылдай қоюы екіталай, олай болған күнде АҚШ прокуратурасының айыбын Ресей мойындаған болып шығады. Ресей соты Магнитскийді қаза тапқаннан кейін соттап, «қаржылық қылмыс жасады» деп мәлімдеген еді.

Вашингтондағы Ресей елшілігі түсініктеме беруден бас тартты. Сот уақыты әлі белгіленген жоқ.

Ричард Солаштың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG