Accessibility links

Тәжік оппозициясы президент сайлауына бойкот жариялады


Президент сайлауы туралы жарнама. Қорғантөбе қаласы, Хатлон облысы, Тәжікстан. (Көрнекі сурет)
Президент сайлауы туралы жарнама. Қорғантөбе қаласы, Хатлон облысы, Тәжікстан. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан социал-демократиялық партиясы (ТСДП) осы айда өтетін ел президенті сайлауына бойкот жариялады.

Жұма күні жариялаған мәлімдемеде оппозициялық партия сайлау науқаны «Конституцияны бұзып, мемлекеттік дәрежеде бұрмалаушылыққа жол беруге негізделіп» отырғаны туралы айтқан. Сонымен бірге ТСДП сайлауға түсуге ниет білдірген кандидаттардың шетелде жұмыс істеп жатқан тәжік азаматтарынан қолын жинауға тосқауыл қойылып, «бір жарым миллионнан астам тәжік мигранттарының» құқығы аяқасты болғанын айтады.

Бұған дейін Тәжікстан оппозициясы президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынған Ойнихол Бобоназарованы сайлау комиссиясы тиісті мерзімге дейін тіркеуге қажетті 210 мың адамның қолын жинай алмады деп тіркемей қойған еді. Бобоназарова Азаттыққа берген сұхбатында сайлауға түсуден бас тартатыны туралы мәлімдеген.

Тәжікстанда 6 қарашада өтетін президент сайлауына үміткер алты адам тіркелген. Олардың арасында қазіргі президент Эмомали Рахмон да бар.
XS
SM
MD
LG