Accessibility links

Жаңаөзен құрбандарын еске алу 13 желтоқсанға белгіленді


Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа қатысушылар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 14 желтоқсан 2013 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа қатысушылар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 14 желтоқсан 2013 жыл.

Жаңаөзенде 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу үшін ас беруге дайындық жасалып жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Оны ұйымдастырушы жаңаөзендік мұнайшылардың айтуынша, ас жылдағыдай қала іргесіндегі «Теңге әулие» қорымында желтоқсанның 13-і күні берілмек.

«ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамының мұнайшылар ереуілінен кейін құрылған бұрғылау жұмыстары басқармасы кәсіподағының төрағасы Мақсат Жақсыбаевтың Азаттық тілшісіне мәлімдеуінше, биыл Жаңаөзен оқиғасының құрбандарының рухына тағзым етуді барлық мұнайшылар ақылдаса отырып шешкен. "Еске алу шараларына Жаңаөзендегі барлық мекемелер қолдау көрсетіп отыр. Ешкім қолдан келген көмегін аянып отырған жоқ" дейді Мақсат Жақсыбаев.

Жаңаөзендегі «МұнайФилдСервис» компаниясы кәсіподағаның жетекшісі Ахмет Сүйірханов өз компаниясы Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандар жерленген "Теңге әулие" қорымын қоршау үшін ұзындығы 2,5 километрге жететін темір қоршау шығарғанын айтты.

"Жаңаөзен қайғысы бәріне ортақ" деген мұнайшылардың сөзінше, Жаңаөзен оқиғасының құрбандары енді жыл сайын еске алынып тұрмақ.

Мұнайшылар бұған дейін қарашаның 27­-сі күні Жаңаөзен қаласы әкімі Серік Тұрымовқа ресми хат жолдап, Жаңаөзен құрбандарын арнап ас беретіндерінен хабардар еткен.

Желтоқсанның 2-­сі күні бұл хатқа жауап жолдаған Серік Тұрымов садақаны өткізуге қарсылық білдірмейтінін, «Садақаға қатысушылардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау қажеттігін ескеру қажеттігін» айтқан.

Жаңаөзенде 2011 жылғы желтоқсанның 16-17-сі күнгі оқиғаларда қаза тапқандарды еске алу 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Мұнайшылар биыл желтоқсанның 13-і күні таңғы сағат 11:00-­ден түскі 15:00-­ге дейін, «Теңге» қорымында ас садақа беріп, құран бағыштамақ.

XS
SM
MD
LG