Accessibility links

Amnesty International Берік Жағыпаровқа ара түсті


Журналист, белсенді Берік Жағыпаров.
Журналист, белсенді Берік Жағыпаров.

Қарағанды облысы Жезқазған қаласында тұратын азаматтық белсенді Берік Жағыпаровты «жала жапты» деген айып бойынша қудалау сот әділеттілігін теріс пайдалануға жатады және ондайды тоқтату керек дейді Amnesty International. Халықаралық құқық қорғау ұйымы бұл туралы мәлімдемені жезқазғандық белсендінің ісі бойынша сот процесі басталған жұма күні жасаған.

«Amnesty International «жала жабуды» қылмыс түріне жатқызуға принципті түрде қарсы. Сонымен бірге Қазақстанда азаматтық белсенділерді қудалау оқиғаларының көбеюі бізді алаңдатып отыр. Жағыпаровқа үш жылға түрмеге қамалу қаупі төніп тұр, бұл жол беруге болмайтын жаза ғана емес, одан азаматтық позициясы үшін кек алу екені айқын» деп мәлімдеген Amnesty International ұйымы директорының Еуропа және Орталық Азия бойынша орынбасары Денис Кривошеев.

Берік Жағыпаровтың үстінен қылмыстық іс қозғауға «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының талабы түрткі болған. Кәсіпорын өз қарамағындағы «Жомарт» кенішінде «жұмысқа қабылдау, ауысу бағаларының құпия прейскуранты бар» деген әлеуметтік желіде жариялаған жазбасымен Жағыпаровтың «компанияның ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін» айтып, оны жазалауды сұраған.

«Жағыпаров – ұзақ уақыттан бері биліктен өз кәсіподағын мойындата алмай жүрген белсенділердің бірі. Ол Қазақстанда қудалауға ұшыраған кәсіподақ белсенділерінен жалғыз адам емес. Соңғы айлардағы оқиғалар билік тәуелсіз кәсіподақтарды жойып, олардың жетекшілерін түрмеге қамап еңбек құқтарына қарсы мақсатты түрде шабуыл жасап жатыр деп топшылауға мәжбүр етеді» деп мәлімдеген Кривошеев.

Биыл қаңтарда Маңғыстау облысындағы мұнай саласында қызмет көрсететін Oil Construction Company кәсіпорны кәсіподағы мүшелерінің аштық акциясын ұйымдастырушылардың бірі, кәсіподақ белсендісі Нұрбек Құшақбаев сәуірде сот үкімі бойынша «заңсыз ереуілге шығуға арандатты» деген айыппен екі жарым жылға сотталған. Қазір Астанада тергеу абақтысында қамауда отырған осы кәсіподақтың жетекшісі Әмин Елеусіновтің ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG