Accessibility links

"Шейх Халил" сотта тергеу кезінде "қысым жасалғанын" мәлімдеді


Абдухалил Абдужаббаров (арт жақта) пен оның адвокаты Жандос Бұлхайыр сотта отыр. Орал, 1 тамыз 2017 жыл.
Абдухалил Абдужаббаров (арт жақта) пен оның адвокаты Жандос Бұлхайыр сотта отыр. Орал, 1 тамыз 2017 жыл.

Орал қалалық сотында бүгін "діни алауыздық қоздырды" деген айыппен сотталып жатқан Абдухалил Абдужаббаров Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің (ҰҚКД) қызметкерлері тарапынан "қысым көргенін" мәлімдеді.

Қазақстандағы мұсылмандар арасында "шейх Халил" деген атпен белгілі Абдухалил Абдужаббаров соттағы жауап беру кезінде биыл наурызда Орал қаласындағы тергеу изоляторына түскеннен бері өзі отырған камераға ҰҚК қызметкерлері бірнеше рет келіп, аудио жазбаға өзінің "адасып кетіп, тура жолға қайтадан түскені туралы айтуды сұрағанын айтты.

- Олар мені Өзбекстан арнайы қызметі де сұрастырып жатқанын, себебі мен Сауд Арабиясында тұрған кезімде Өзбекстан азаматымен таныс болғанымды айтты. Олар өзбек жағы мені тергегісі келетінін және мені Өзбекстанға екі айға беруі мүмкін екенін айтты. Маған егер олардың талабын орындамасам, онда өзбек жағы менен өздеріне қалаған жауапты алатынын білдірді. Бірақ мені ол жақтан тірі, я өлі қайтаратынын білмейтіндерін ескертті, - деді Абдужаббаров.

Сотталушы сонымен қатар өзін адвокатсыз бірнеше рет тергегенін, бір ай жалғыз кісілік камерада және үнемі бейне бақылауда отырғанын мәлімдеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының тумасы, "терроризмді насихаттады" деген күдікпен іздеу жарияланған Абдухалил Абдужаббаров биыл ақпанда Қазақстанға Сауд Арабиясынан депортацияланған.

Абдухалил Абдужаббаровтың соты 25 шілдеде басталған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG