Парламент сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев үкіметтен Қытайдағы этникалық қазақтар "қысым көріп жатыр" деген ақпаратты тексеруді сұрап, сауал жолдады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Сенатор Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында тұратын қазақтардың құқықтары бұзылып жатқаны туралы мәселе шілде айында Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында көтерілгенін, содан бері ол мәселе ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желілерде кең таралғанын айтты.
"Қытайдағы қазақ диаспорасының құқықтары бұзылып жатқаны туралы ақпарат қаншалықты рас? Жалпы, Қытайдағы қазақ даспорасының жай-күйі және олардың құқықтарының қорғалу деңгейі қандай, расымен қысымға ұшырап отыр ма? Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл мәселені талдау үшін қандай жұмыс атқарып жатыр? Қытай тарапымен келіссөз немесе кеңесу жүргізілді ме? Бұл ақпарат расталған болса, құзырлы органдар қандай шара қабылдап жатыр?" деді сенатор.
Бұған дейін Қазақстанға Қытайдан көшіп келген кейбір оралмандар туыстары Шыңжаңда бірнеше айдан бері қамауда отырғанын, олардың бір дерегін біле алмай отырғандарын айтып, алаңдап, сыртқы істер миинстрлігіне шағымданған. Қытайда қамалған туыстарының жай-күйіне алаңдаған оралмандар туралы Азаттық та арнайы жазған.
ВИДЕО: Қытайда қамалған қазақстардың туыстары (24 қазан 2017 жыл)