Қазақстан парламенті сенатының мүшесі Нұрлан Қылышбаев 26 қазанда үкімет жетекшісінің атына жолдаған депутаттық сауалында Қытайдағы "этникалық қазақтардың құқықтары шектелетіні" туралы ақпаратты тексеруді сұраған. Депутат Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақ ұлты өкілдерінің заңды құқықтары шектеліп отырғаны туралы мәселе биыл жазда Дүниежүзілік қазақтар құрылтайы кезінде көтеріліп, сонда бері бұл ақпарат әлеуметтік желілер арқылы көпке тарағанын еске салған.
"Қытайдағы қазақ диаспорасының құқықтары шектеліп отырғаны туралы ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Жалпы алғанда, Қытайдағы қазақ диаспорасының жағдайы қалай, олардың құқықтарының қорғалуы қандай деңгейде? Қазақстан сыртқы істер министрлігі тарапынан бұл мәселені талдау үшін қандай жұмыстар жүргізілді? Бұл өзекті мәселе бойынша Қытай жағымен келіссөздер немесе кеңесулер өткізілді ме? Бұл ақпарат расталған жағдайда мемлекеттік құзырлы органдар қандай шаралар қабылдамақ?" деген депутаттың сауалын келтірген Tengrinews агенттігі.
ОРАЛМАНДАР ШАҒЫМЫ
Алматыда тұратын Гүлшира Еркешқызы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде бес ай бұрын тұтқындалған інісі Серік Еркешұлы жайлы осы уақытқа дейін еш хабар ала алмай отырғанын айтады.
- Қытайда діни білім алған, Шыңжаңда имам болып заңды түрде жұмыс істеп жүрген інімді Үрімжіге жиынға шақырып, сол жерден қамауға алыпты. Қазір оның қайда екенін де, оған қандай айып тағылғанын да біле алмай отырмыз, - деді Гүлшира Еркешқызы Азаттық тілшісіне.
Өзін Насихат Әдиұлымын деп таныстырған жетпіс жастағы тағы бір оралман Қытайда 2014 жылы үш жылға сотталған ұлы Нұрбақыттың жаза мерзімі аяқталғанымен әлі күнге дейін қамауда отырғанын айтты.
- Ол Мори ауданындағы қазақтардың жер дауына қатысты арызын Пекинге апарған. Мемлекеттің жер пайдалану мақсатына бөлген ақшасы жергілікті жерде талан-таражға түскені туралы мәселе көтеріп барған ұлымды сол жерде ұстап, жеті ай тергеп, үш жылға соттап жіберді. Жаза мерзімі 2017 жылы 17 наурызда біткенімен әлі күнге дейін оны абақтыдан шығармай отыр, - деген ол баласының қандай айып бойынша сотталғанын білмейтінін айтады.
Гүлшира Еркешқызы мен Насихат Әдиұлы Қытайдан атамекенге қоныс аударған бір топ оралманмен бірге қазанның 24-і күні Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігіне барды.
ВИДЕО: Қытайда қамалған қазақтардың туыстары (24 қазан 2017 жыл)
Қоғамдық белсенді Қыдырәлі Оразұлының Азаттыққа айтуынша, министрлік өкілі оралмандарды жекелей қабылдап, Қытайда қамауда жатқан туыстарының дерегін білуге жәрдем сұраған арыз-шағымдарын Астанаға жеткізу үшін жинап алған.
- Сыртқы істер министрлігінің өкілі Қытайдағы қазақ елшілігі арқылы бұл мәселені шешуге ықпал ететінін айтты. Мұнан басқа, Алматыдағы өкілдік туыстары Қытайда қамауда отырған азаматтардың арыз-өтініштері бойынша сыртқы істер министрлігі арқылы Қытай елшілігіне хат жіберетін болды. Біздегі тізім бойынша 47 адамның Қытайда қамауда отырғаны анық. Бұл олардың азғантай бөлігі ғана, - деді Қыдырәлі Оразұлы Азаттыққа.
Бұл мәселеге қатысты Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдерімен сөйлесу мүмкін болмады. Министрлік баспасөз қызметінің әлеуметтік желілердегі аккаунттарына жолдаған Азаттықтың жазбаша сауалдарына осы мақала жарияланған сәтке жауап келген жоқ.
23 қазанда Астанада БАҚ өкілдерінің сауалына жауабында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов:
- Бізге ресми мәлімет түссе біз міндетті түрде Қытай тарапымен, өзіміздің сыртқы істер министрлігінде немесе басқа мекемелердегі әріптестерімізбен [бұл мәселені] көтереміз. Өзіміздің қазақ диаспорасының шетелдегі мүдделерін, олардың құқықтарын қорғау – бұл біздің тікелей міндетіміз, - деп мәлімдеген.
ВИДЕО: Қазақстан СІМ Қайрат Әбдірахманов Қытайдағы қазақтар туралы (23 қазан 2017 жыл)
"ТАЯҚ ҰСТАТЫП, САЯСИ НАУҚАНҒА ЖІБЕРДІ"
Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық районы Қорғас ауданындағы Мұқыр ауылында туып-өскен, 2003 жылдан бері Алматыда тұратын Қазақстан азаматы Фарида Жалғасбек Азаттыққа жолдаған хатында биыл жазда Шыңжаңда екі рет болған кезде көргені туралы жазыпты.
"Қытайдан зейнетақы алатын жұбайымды қайта-қайта шақырып қоймаған соң баруға тура келді. Сол жақта тұратын әкем жіберген шакырту бойынша виза алып, мамыр айында Шыңжаңға бардық. Бізді барлық жерде тексеретін аппараттан өткізді. Әр ауылға кіретін тек бір ғана жол қалдырған да, басқа жолдың бәрін жауып тастапты. Машина, сөмкелерді міндетті түрде тексереді. Барлық жерде бейнекамера орнатылған. Адамдар діни сипаттағы сөздерді айтудан қалыпты" деп жазады Фарида.
Ол Қытайда тұратын, Қазақстанмен екі арада сауда-саттықпен айналысатын ағасының (аты-жөнін атамауды өтінді – Азаттық.) паспортын сәуірде билік орындары ауылдың өзге тұрғындарының құжаттарымен бірге жинап алып, қайтармағанын айтады.
"Шілдеде күйеуім екеуміз Қытайға екінші рет барғанымызда ағам жұбайыма өз атынан бір телефон нөмірін алып берген. Ол жақта он бес күндей болып, Қазақстанға оралдық. Бір күні Қытайдан хабарласып, күйеуімнің жеке куәлігінің көшірмесін сұратты. Кейін білгенімдей, әлгі телефон нөмірінен мәселе шығып, ағамды ұстап, тергеуге алыпты" дейді Фарида.
Ол 12 қазанда Қытай билік орындары ағасын ұстап, екі күн тергеп, үшінші күні "саяси тәрбие" науқанына алып кеткені туралы хабар келгенін айтады.
"Оған ешкімді жолықтырмайды екен. Енді оны босата ма, жоқ па деп алаңдап отырмын" деп жазады Фарида Жалғасбек.
Оралман Азаттыққа хатында Қытайда "мемлекет бюджетінен айлық алатындарды 24 немесе 48 сағат әскери киім киіндіріп, қолына таяқ ұстаттырып, кезекшілікке қоятыны" туралы жазған.
Азаттық тілшісіне Шыңжаңдағы этникалық қазақтар мәселесіне байланысты Қытайдың жергілікті ресми органдармен сөйлесу мүмкін болмады. Қытайдың Алматыдағы консулдығының өзін Мөлдір деп таныстырған қызметкері Азаттыққа комментарий беруден бас тартты.
Қытайда шетелге шығып келген немесе Қазақстан жайлы көп айтқан кей азаматтарды үш күннен екі айға дейінгі мерзімге "саяси тәрбие орталықтарына" жіберетіні туралы бұған дейін Азаттыққа Қытайдан қоныс аударған оралмандар айтқан болатын.
Қазақстанға Қытайдан көшіп келген оралмандардың туыстары Шыңжаңға қыдырып барғанда ұсталып, сотталғаны, үй-ішінің оларға қандай айып таққанын біле алмай отырғаны туралы Азаттық бұған дейін жазған. Биыл маусымда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада өткен Дүниежүзі қазақтары құрылтайында диаспора өкілдерінің бірі Қытайдағы қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы мәселе көтерген.
ВИДЕО: Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты (23.06.2017)
Қазақтар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Іле-Қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларына, Алтай, Тарбағатай аймақтарына, бұлардан басқа тағы бірнеше қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, бұл елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.