Accessibility links

Әліпбидің латын графикасындағы апострофты нұсқасы бекітілді


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын бекіту туралы жарлық шығарды.

Ресми баспасөзде 27 қазанда жарияланған жарлықта кириллицадағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге бұйрық берілген. Осыған байланысты үкіметке қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша Ұлттық комиссия құрып, 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруді қамтамасыз ету және жарлықты іске асырудың басқа да шараларын жасау тапсырылды. Жарлыққа қазақ әліпбиінің латын графикасындағы бекітілген нұсқасы тіркелген. Онда қазақ тіліне ғана тән кейбір дыбыстарды апостроф (дәйекше) арқылы белгілеу ұсынылған.

Жарлықтың орындалуын президент әкімшілігі қадағаламақ.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жыл басында жасаған мәлімдемесінде "2017 жылдың соңына дейін латынша қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеу, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің" нақты кестесін жасауды тапсырған еді.

12 қазанда Астанада өткен баспасөз конференциясында Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов пен Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек 32 әріптен тұратын латын әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынған. Онда қазақ тіліне ғана тән кейбір дыбыстарды апостроф (дәйекше) арқылы белгілеу ұсынылған.

Мұның алдында комиссияның қазақ тілінің латын графикасында диграфпен (қосарланған таңба) белгілейтін нұсқасы қатты сынға ұшырап, қабылданбаған болатын.

Назарбаев бұған дейін латын әліпбиіне көшу үрдісі "орыс тілді тұрғындардың, орыс тілі мен басқа да тілдердің құқығына" тимейтінін бірнеше рет айтқан.

XS
SM
MD
LG