Accessibility links

Маңғыстауда Жаңаөзен қырғыны құрбандарына ас берді


Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына ас әзірлеп жатқан адамдар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 9 желтоқсан 2017 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына ас әзірлеп жатқан адамдар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 9 желтоқсан 2017 жыл.

Бүгін Маңғыстау облысындағы Теңге ауылында 2011 жылғы желтоқсанда Жаңаөзен қаласында үкімет күштері ереуілде тұрған мұнайшыларға оқ атқанда қаза тапқандарды еске алды.

Жаңаөзен қаласынан 12 шақырым жердегі Теңге әулиенің басында өткен шараға 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде оққа ұшқан адамдардың туыс-жақындары, Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендер мен куәгерлері және өзге де адамдар қатысты.

Жиналған жұрт жылдағы дәстүр бойынша Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына құран бағыштап, ас берді.

2011 жылы Жаңаөзенде бірнеше айға жалғасқан ереуілге қатысқандар желтоқсандағы қанды оқиғадан кейін, 2012 жылы "ӨзенМұнайГаз" кәсіпорны құрамында құрылған "Бұрғылау жұмыстары басқармасына" жұмысқа алынған болатын. Бүгінгі еске алуды сонда істейтін жұмысшылар өз қаржысына өткізіп жатыр деп хабарлады Азаттыққа шараны ұйымдастырушылардың бірі, бұрынғы мұнайшы, зейнеткер Аманияз Мұрынбаев.

2011 жылы Жаңаөзен қаласында полиция жалақыны көбейтіп, әлеуметтік жеңілдіктер беру туралы талаппен бірнеше ай бойы ереуілде тұрған мұнайшылар мен қала тұрғындарына қарсы қару қолданған. Ресми дерекке сәйкес, 16 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жараланған. Ертесінде жаңаөзендіктерді қолдап осы облыстағы Шетпе станциясының тұрғындары темір жолдағы пойыздарды бөгемек болған. Шетпедегі толқу кезінде тағы бір адам оққа ұшқан.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиғаны түсірген әуесқой видеосы:

2012 жылы "Жаңаөзен ісі" бойынша "өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен жергілікті абақты басшысы, бірнеше полиция қызметкері, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімі, мұнай компаниясы менеджерлері сотталды.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ұрлау" және "тонау" баптары бойынша айыпталған 37 мұнайшының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілді.

Үштен жеті жылға дейін түрме жазасы кесілген 13 адам өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Сонымен бірге Жаңаөзен оқиғасына байланысты оппозициялық саясаткер "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен жеті жарым жылға сотталды.

Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты.

2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы туралы Азаттық материалдарын арнайы парағымыздан оқи аласыз.

XS
SM
MD
LG