Accessibility links

"Жаңаөзенде зардап шегуші" мәртебесін беруді талап етті


Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендер Жаңаөзен қаласы әкімі аппаратының басшысы Бекжан Әуезовпен кездесіп тұр. Жаңаөзен, 14 желтоқсан 2017 жыл.
Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендер Жаңаөзен қаласы әкімі аппаратының басшысы Бекжан Әуезовпен кездесіп тұр. Жаңаөзен, 14 желтоқсан 2017 жыл.

Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп жараланғандар мен оққа ұшқан адамдардың туыстары бейсенбіде Жаңаөзен қалалық әкімдігіне жиналып, жергілікті билікке талаптарын білдірді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиналғандар 12 желтоқсанда Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілевке шұғыл хабарлама жолдағанын айтты. Хабарламада олар екі әкімді 14 желтоқсан күні сағат 10-да Жаңаөзен әкімдігінде БАҚ өкілдері қатысатын ашық әңгімеге шақырған. Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендер "алты жыл бұрын, 2011 жылы ойламаған жерден тап болған проблеманың бір де бірі шешілмегенін" айтып, ол проблемаларын талқылау үшін әкімдерді ашық кездесу өткізуге шақырған.

Бірақ әкімдікке барған 20 шақты адам екі әкіммен де кездесе алмады. Олармен кездесуге шыққан Жаңаөзен әкімі аппаратының басшысы Бекжан Әуезов Маңғыстау облысының әкімі "жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты" кездесуге келе алмағанын, ал Жаңаөзен қаласының әкімі "еңбекке жарамсыздығына байланысты" жұмысқа шықпағанын айтты.

Зардап шегушілер осыған дейінгі жасалған көмекті жоққа шығармайтындарын айтқанымен, оның көбіне бір рет немесе жекелей түрде ғана жасалғанын айтып, көмектің тұрақты, жүйелі түрде көрсетілуін және өздеріне басқа да жеңілдіктер беруін талап етті.

Бекжан Әуезов жиналғандарды олар талап еткендей әкімдіктің акт залына емес, кіре берісте қабылдап, оларға әкімнің жазбаша жауабын оқып берді. Әкімнің жауабында Жаңаөзен оқиғасында оққа ұшқандардың туыстары мен жараланғандарға осы уақытқа дейін жергілікті атқарушы билік пен "Өзенмұнайгаз" компаниясы тарапынан көмек көрсетіліп келгені жазылған. Жауап жазбаға сәйкес, 2012 жылы зардап шеккендердің барлығына 500 мың теңгеден берілген, жараланғандарға денсаулығын түзеп, емделуіне 500 мыңнан төрт миллион теңгеге дейін қаржылай көмек беріліп, Алматыға және Ресейге емдеуге жіберілген.

Бірақ зардап шегушілер осыған дейінгі жасалған көмекті жоққа шығармайтындарын айтқанымен, оның көбіне бір рет немесе жекелей түрде ғана жасалғанын айтып, көмектің тұрақты, жүйелі түрде көрсетілуін және өздеріне басқа да жеңілдіктер беруін талап етті.

- Біз Жаңаөзенде зардап шегуші статусын бекіту мәселесін үкімет деңгейіне көтеріп, нормативті акт қабылдауды сұраймыз. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзенге құқық қорғау органдарының өкілдерінсіз келіп, халықпен кездессін. Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендерді, егер олар еңбекке жарамаса, онда туыстарын жұмысқа орналастырсын. Жараланғандарға, баласынан немесе туысынан айырылғандарға, қатты күйзеліс салдарынан денсаулығынан айырылғандарға медициналық көмек көрсетіліп, емдеу және сауықтыру шаралары жасалсын. Жараланғандар мен қаза тапқандардың балалары бала бақшаға, жоғары оқу орындарына жеңілдікпен қабылдансын. Коммуналдық қызметті пайдалануда жеңілдіктер жасалсын, - деді Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендер.

Олар осы аталған талаптары жазылған хатты аппарат жетекшісі Бекжан Әуезовке тапсырды. Өкіл оны қабылдап алып, талаптары жоғары жаққа жеткізілетініне уәде берді.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ тиіп, жараланғандардың бірі, жиынға келген Нұрлыбек Нұрғалиев Жаңаөзен оқиғасында өздеріне оқ атылып, құқықтары бұзылғанын, бір рет берілген ақшалай көмек денсаулығын қайта қалпына келтіре алмайтынын, денсаулығына күтім қажетін айтты.

Жиналғандар жергілікті билік бұл талаптарын орындамаса, онда Астанаға баруға мәжбүр болатынын айтты.

2011 жылы желтоқсанның 16-ы күні Жаңаөзен қаласында еңбекақы мен әлеуметтік жеңілдіктер туралы талап қойған мұнайшылардың наразылық шеруіне полиция қару қолданған. Полиция оғынан 17 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы туралы Азаттық материалдарын арнайы парағымыздан оқи аласыз.

XS
SM
MD
LG