Accessibility links

Айықтыру мекемесіндегі кісі өлімі бойынша сот үкімін өзгертпеді


Сот кезінде көрсетілген видеода қол-аяғы байлаулы Николай Кривенконың Астанадағы медициналық және әлеуметтік сауықтыру орталығында тірі отырғаны бейнеленген. Астана, 27 қазан 2017 жыл.
Сот кезінде көрсетілген видеода қол-аяғы байлаулы Николай Кривенконың Астанадағы медициналық және әлеуметтік сауықтыру орталығында тірі отырғаны бейнеленген. Астана, 27 қазан 2017 жыл.

Астана қаласының соты қала тұрғыны Николай Кривенконың Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығында (МӘОО) қаза табуына қатысты іс бойынша үкімге берілген апелляциялық шағымды қанағаттандырудан толықт бас тартты. Сотталушылар жаза мерзімін қысқартуды, материалдық және моральдық шығын көлемін азайтуды сұраған.

Астананың Алматы аудандық соты қарашаның 3-і күні Николай Кривенконың қазасына қатысты іс бойынша бір полицей мен МӘОО-ның үш қызметкерін соттаған. Патруль қызметінің сержанты Берік Мырзабеков "билікті немесе қызмет бабын асыра пайдаланды" және "жәбірленушінің абайсызда өліміне әкеліп соқтырған денсаулығына ауыр зардап келтірді" деп айыпталып, он жылға сотталған. МӘОО-ның фельдшері Саят Сатын мен санитарлары Фархат Қамбетов және Сұңғат Темірғалиев "жәбірленушінің абайсызда өліміне әкеліп соқтырған денсаулығына ауыр зардап келтірді" деп айыпталып, әрқайсысына сегіз жыл бас бостандығынан айыру үкімі кесілген.

Судья бұдан бөлек сотталушылардан Николай Кривенко отбасының пайдасына 2,5 миллион теңгеден астам қаржы өндіруді міндеттеген.

Биыл 15 наурызда 29 жастағы Николай Кривенконы полиция ұстап, МӘОО-ге жеткізіп, орталық дәлізінде оны өлімші етіп ұрып-соққан. Кривенко сол күні МӘОО камерасында көз жұмған. Бұл іс бойынша сотта айықтырғышта Кривенконы полиция мен орталық қызметкерлерінің тепкілеген сәті түсіп қалған бейне бақылау камерасындағы таспа көрсетілді.

Оқыңыз: Айықтыру мекемесіндегі "оқыс" қаза бойынша сот өтіп жатыр

26 қазанда Қазақстанның Азаптауға қарсы коалициясы бас прокурорға Кривенконың өліміне қатысты хат жазып, билікті айыптауды Қылмыстық кодекстің 141-бабының 1-бөлігі бойынша "азаптау" айыбына қайта дәрежелеуді сұраған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG