Accessibility links

АҚШ соты Астананың Ілияс Храпуновқа қарсы арызын қарамады


Интерпол сайтындағы Қазақстан үкіметінің Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпуновқа іздеу салғаны туралы ақпарат.
Интерпол сайтындағы Қазақстан үкіметінің Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпуновқа іздеу салғаны туралы ақпарат.

АҚШ соты Қазақстанның Ілияс Храпуновқа қарсы «шенеуніктердің электрондық поштасын бұзу» ісі бойынша шағымын қабылдамай тастады деп хабарлады Facebook-та «Республика» медиа тобының» бұрынғы құрылтайшысы әрі редакторы Ирина Петрушова. Бұл ақпаратты Азаттыққа Ілияс Храпуновтың Швейцарияда тұратын анасы әрі Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың әйелі Ләйлә Храпунова растады.

Петрушованың жазуынша, Калифорнияның Солтүстік округінің федералдық соты Ілияс Храпуновтың өзіне қарсы Қазақстан билігі түсірген арызды қарамау туралы өтінішін қанағаттандырған. Қазақстан билігі Ілияс Храпуновты қазақстандық бірнеше шенеуніктің электрондық поштасының бұзылуына және ондағы жазбалардың жарияланып кетуіне байланысты сотқа берген.

Ирина Петрушова жазуынша, осы аптада шыққан сот қаулысында Қазақстан билігінің сот қай жерде өтуі тиіс екеніне салмақты уәж келтіре алмаған. Оның сөзінше, Қазақстан билігі АҚШ-та Храпуновқа қарсы арызын қаратуға осымен екінші рет талпынып отыр. Сот алғашқы арызды қарамай қайтарған соң Астана оны түзетіп, қайта берген. Енді Қазақстан үкіметінің талап арызға түзету енгізіп, қайта арыздануына 30 күн уақыты бар.

«Республика» құрылтайшысы Қазақстан билігі биыл қаңтарда Женевада тұратын Ілияс Храпунов пен Польшада тұратын Мұратбек Кетебаевты АҚШ-тың кибер алаяқтық туралы заңын бұзды деп айыптап, Калифорния сотына арызданғанын айтады. Астана Ілияс Храпунов пен Мұратбек Кетебаев 2013 жылы әлдебір израильдік фирманың көмегімен қазақстандық бірнеше шенеуніктің, оның ішінде әділет министрлігінің атқарушы хатшысы мен бас прокурордың орынбасары қолданатын Gmail және Hotmail пошта аккаунттарын бұзған деп біледі. Осыдан соң қазақстандық шенеуніктердің америкалық Curtis, Mallet-Prevost және Colt & Mosle LLP компанияларының адвокаттарымен жазысқан хаттары жарияланып кеткен.

Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 65 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпунов - БТА банкінің бұрынғы басшысы, 2009 жылдан бері шетелде жүрген Мұхтар Әблязовтің құдасы. Әблязовтің қызы Ілияс Храпуновқа тұрмысқа шыққан.

Қазақстан билігі Әблязовті банк қаржысын жымқырды деп айыптап, оны сырттай 20 жылға соттаған. Храпуновқа Қазақстан билігі коррупциялық айыптар бойынша іздеу жариялаған.

Мұхтар Әблязов та, Виктор Храпунов та өздерін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шыққандықтан қудалап отыр деп біледі.

XS
SM
MD
LG