Accessibility links

"Жаңа Қазақстан" саясатқа араласуды көздейді


Оңнан солға қарай: Айдос Сарым, Раусл Жұмалы және Әміржан Қосанов "Жаңа Қазақстан форумы" қоғамдық ұйымы құрылғаны туралы баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 17 мамыр 2018 жыл.
Оңнан солға қарай: Айдос Сарым, Раусл Жұмалы және Әміржан Қосанов "Жаңа Қазақстан форумы" қоғамдық ұйымы құрылғаны туралы баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 17 мамыр 2018 жыл.

Алматыда бір топ белсенді "Жаңа Қазақстан форумы" қоғамдық ұйымы құрылғанын жариялады. Олар "Қазақстан билігімен диалог құру жолын таңдайтынын" мәлімдеді. Бұл ұйымға "билік тапсырмасымен құрылған болуы мүмкін" деп күдікпен қарайтындар да бар.

Алматыда мамырдың 17-сі күні "Жаңа Қазақстан форумы" жайлы өткен баспасөз мәслихатына қатысқан саясаткерлер мен саясаттанушылар Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы, Айдос Сарым жаңа ұйымның атынан сөйледі. Жиында олар "Жаңа Қазақстан форумы" қоғамдық ұйымы құрылғанын жариялады.

"БИЛІК ТЕ, ОЛИГАРХ ТА САТЫП АЛА АЛМАЙДЫ"

Спикерлердің айтуынша, форум әзірге "заңды тұлғалардың қауымдастығы" деген құқықтық статус бойынша мемлекеттік ресми органға тіркелуге талпынады. Өйткені, олардың сөзінше, форум құрамында "Ұлт тағдыры", "Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры", "Болашақ" жастар қозғалысы тәрізді бірнеше қоғамдық ұйым бар.

Форум мүшелерінің айтуынша, жаңа ұйымның мақсаты - "Қазақстандағы саяси процестерге белсене араласу, оған объективті баға беру".

Расул Жұмалы
Расул Жұмалы

- Радикалды мәлімдеме жасап, халықты көшеге шақыратын, заңсыз әрекеттерге баратын қауымдастық емес, ең алдымен, бұл – балама ой-пікірдің алаңы, ағартушылықпен айналысатын, заңдарға объективті баға беретін интеллектуалдық орта болуы тиіс, - дейді форум мүшелерінің бірі Расул Жұмалы.

Жиын барысында белсенділерге: "Жаңа Қазақстан форумы" биліктің тапсырмасымен құрылған ұйым емес пе, басқа оппозициялық ұйымдармен байланысы қалай болмақ?" деген сұрақ та қойылды.

Әміржан Қосанов
Әміржан Қосанов

Саясаткер Әміржан Қосановтың сөзінше, мұндай сауал Қазақстан қоғамында жиі қойылады. Ол қазір Қазақстанда "экономика ғана емес, саясат та олигархиялық топтардың қолына өтіп бара жатқанын", сондықтан қоғамда жаңадан құрылған ұйымды "биліктің не қандай да бір олигархиялық топтардың тапсырысы" деп қабылдау орныға бастағанын айтады.

- Арамызда қоғамдық саяси өмірде танымал азаматттар бар. Бәрімізді сатып алу мүмкін емес. Я билік, я олигарх сатып ала алмайды. Егер біз экономикадағы монополияға қарсы болсақ, оппозицияда неге монополия болуы керек? Қазақстан халқының келешек сайлауда таңдау мүмкіндігі болсын, - дейді Әміржан Қосанов.

Айдос Сарым
Айдос Сарым

Саясаттанушы Айдос Сарымның пайымдауынша, Қазақстанның қазіргі саяси кеңістігі "советтік кезеңдегі ақ пен қызыл тартысына ұқсап бара жатыр".

- Қазір таңдау азайды. Не билік жағында, не "Әблязов жағында" болуың керек сияқты. Форумның міндеті екеуімен де келіспейтін азаматтарды топтастыру. Қоғамда қалыптасқан саяси монополияны осылай бұзғымыз келеді, - дейді ол.

Видео: "Жаңа Қазақстан форумы" билікпен диалог құрмақ

"Жаңа Қазақстан форумы" билікпен диалог құрмақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

"ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ" ТІРКЕМЕСЕ БИЛІККЕ СЫН"

Биыл сәуірде қазақстандық бір топ белсенді Брюссельде "Жаңа Қазақстан" форумын өткізген. Жиын барысында олар Еуропарламент өкілдерімен кездесіп, Қазақстандағы билік транзитін талқылаған. Форумның алғашқы отырысына ұзақ жылдан бері шетелде тұрып жатқан, Қазақстан соты 2001 жылы "коррупциялық қылмыс жасады" деген айыппен сырттай 10 жылға соттаған бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің қатысуы да жұртшылық назарын аударған. Қажыгелдин сот үкімінің "саяси астары бар" деп мәлімдеп, өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

Алдымызда билік транзиті тұр. Ол қалай өтеді? Негізгі мәселені кабинетте отырған төрт-бес адамның шешуіне жол бермей, қоғам осындай қоғамдық ұйымдар арқылы қатысуы керек

"Жаңа Қазақстан форумы" әзірге заңды тұлғалардың ассоциациясы болып тіркелмек. Алайда қазіргі билік саяси мақсаты бар ұйымды тіркейтініне күмәнмен қарайтындар да бар. Расул Жұмалының айтуынша, "қарапайым қоғамдық ұйым ретінде тіркемесе билікке сын болады".

Айдос Сарым болса "жаңа ұйым билік тіркеуге алмаса да жұмыс істей береді" деп санайды.

- Өйткені алдымызда билік транзиті тұр. Ол қалай өтеді? Негізгі мәселені кабинетте отырған төрт-бес адамның шешуіне жол бермей, қоғам осындай ұйымдар арқылы қатысуы керек, - дейді ол.


Азаттық тілшісімен сөйлескен астаналық азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы соңғы жылдары саяси ұйым құруға талпыныстың көбейе бастағанын, бірақ билік өзіне қауіпті ұйымдардың тіркелуіне жол бере қоймайтынын айтады.

- Партия түрінде емес, қоғамдық бірлестік болып тіркелуі ғажап емес. Өйткені олардың тіркеуден өтуге кейбір мүмкіндіктері бар. Тіркеліп, жер мәселесін, білім мәселесін көтеріп жатса, іске сәт, - дейді ол.

"ТІРКЕЛМЕГЕН ҰЙЫМДАР"

Мақсат Ілиясұлы мен өзге белсенділер құрған "Алаш жолы" қоғамдық бірлестігі 2017 жылы шілдеде ресми тіркелгенімен, қарашада Астанадағы Есіл сотының шешімімен тіркеудің күші жойылған. Өздерін "жер тағдыры үшін күресетін халықшыл ұйым" ретінде сипаттайтын белсенділер мамырдың 10-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында өткен "наразылық акциясына қатысқан кейбірі әкімшілік жауапқа тартылғанын" айтады.

Фотогалерея: Наразыларды жаппай ұстаған күн (10 мамыр 2018 жыл)

Ресми Астана "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, қуғындағы экс-банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ымырасыз сынаушы Мұхтар Әблязов мамырдың 10-ы күні билікке "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін" және "Азаптау тоқтатылсын!" деген талаптармен бірнеше қалада биліктің рұқсатынсыз өткен "наразылық шерулерін ұйымдастырушысы – мен" деп мәлімдеген. Билік сол жолғы наразылық акциясына шыққан ондаған адамды ұстап, кейбірін бірнеше тәулікке әкімшілік қамауға алған, өзгелеріне айыппұл салған.

Оқи отырыңыз: Саяси тұтқындарды босатуды талап еткендерді полиция ұстады

Бұған дейін Мұхтар Әблязов "Алаш жолы" қозғалысына және "Жаңа Қазақстан форумына" сенімсіздік білдірген.

Қазақстан соты өткен жылы маусымда БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша айыпты деп танып, сырттай 20 жылға соттаған. 2009 жылдан бері шетелде тұратын Әблязов өзіне тағылған айыптарды терістейді және олардың "саяси астары бар" деп мәлімдейді.

Осыдан бірнеше ай бұрын астаналық блогер Сырым Әбдірахманов әлеуметтік желіде "халықшыл" "Алаш" партиясын құру үшін бастамашыл топ жасақтауға кіріскені туралы мәлімдеген. Ол Facebook әлеуметтік желісіндегі постында: "Жаңа Қазақстан Брюссельде емес, Жаңа Қазақстан қазақ елінде, халықпен бірге құрылып жатыр" деп жазған болатын. Азаттық тілшісі Сырым Әбдірахмановтан ол құрмақшы болған жаңа ұйым жайлы білуге тырысқанымен, белсендімен байланысу мүмкін болмады.

Қазақстанда қазір ресми тіркелген алты саяси партия бар. Оның үшеуі – президент Назарбаев лидері болып саналатын "Нұр Отан" партиясы және билікті қолдайтын "Ақжол" партиясы мен "Қазақстан халықтық коммунистік партиясы" 2016 жылғы сайлауда парламенттен орындар иеленген.

Қалған үш саяси ұйым – "Ауыл", "Бірлік" және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялардың қоғамда белсенділігі байқалмайды.

XS
SM
MD
LG