Accessibility links

Тәжікстанда қаза болған шетелдік саяхатшылардың аты-жөні жарияланды


Памирдің әсем табиғатын тамашалауға шыққанда шабуылдан қаза тапқан шетелдік саяхатшылардың велосипедтері. Даңғара ауданы, Тәжікстан, 29 шілде 2018 жыл.
Памирдің әсем табиғатын тамашалауға шыққанда шабуылдан қаза тапқан шетелдік саяхатшылардың велосипедтері. Даңғара ауданы, Тәжікстан, 29 шілде 2018 жыл.

Тәжікстанның оңтүстігіндегі табиғаты әсем таулы аймақта велосипедпен кетіп бара жатқанда қастандық құрбаны болған төрт шетелдіктің кімдер екені туралы ақпарат жарияланды.

Шетелдік саяхатшы жеті азамат Тәжікстанды аралап жүргенде кездесіп, Памирдің әсем табиғатын бірге тамашалау үшін таудың етегімен велосипедпен жолға шыққан.

Шілденің 29-ы күні Тәжікстан астанасы Душанбеден оңтүстікке қарай 150 шақырым қашықтықта саяхатшыларға тұтқиылдан шабуылдаған қылмыскерлер әуелі оларды көлікпен қағып, кейін машинадан түсіп, пышақтап тастаған. Шабуылдан голландиялық психолог, жер шарын аралауға шыққан екі америкалық және бір швейцариялық – барлығы төрт адам ажал құшқан. Қалған үшеуі жарақат алған.

Оқи отырыңыз: Тәжікстанда шетелдік саяхатшыларды көлікпен басып кетті

ДАИШ ["Ислам мемлекеті" экстремистік тобының арабша қысқарған атауы – ред.] ұйымы бұл шабуылды өздері ұйымдастырғанын мәлімдеп, шілденің 31-і күні видео жариялады. Онда экстремистік топтың қара туының астында отырған бес ер адам ДАИШ-ке қосылғандарын айтады және "дінсіздер басып алған" Тәжікстан мемлекетін сынайды.

Тәжікстанда велосипедпен саяхаттап жүрген шетелдіктерге қарсы шабуылға жауапкершілікті алатындарын мәлімдеген адамдар жарияланған видеодан скриншот.
Тәжікстанда велосипедпен саяхаттап жүрген шетелдіктерге қарсы шабуылға жауапкершілікті алатындарын мәлімдеген адамдар жарияланған видеодан скриншот.

Бірақ Тәжікстан үкіметі олардың мәлімдемесіне сенбейді. Душанбе бұрын билікке ықпалы болған, 2015 жылы авторитарлық режим тыйым салған Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясын айыптайды.

Кедей мемлекеттің экономикасын көтеру үшін туризмді дамытқысы келетін Тәжістан билігіне бұл шабуыл үлкен соққы болып тиді. Табиғаты әсем Тәжікстан мен көршілес Қырғызстанға биыл велосипедпен серуендеушілер және өзге де туристер көптеп келіп жатыр: кей мәліметтер бойынша, 2017 жылғымен салыстырғанда олардың саны 400 пайызға артып, 900 мың адамды құраған.


Шабуылға тап болған жеті велосипедшінің арасында үш жұп пен бір француз азаматы болған. Тәжікстандағы Франция елшілігі әлгі азаматының аты-жөнін ашып айтпады. Екі америкалық – Джей Остин мен Лаурен Геогеган – жұмыстарын тастап, әлемді велосипедпен аралауға шыққан саяхатшылар екен. Бір жыл бұрын олар Африкада болған, кейін Еуропаны шарлаған, биыл Орталық Азияны аралауды бастаған. Тәжікстанға келер алдында олар Қазақстан мен Қырғызстанда болған. Остин сапарынан алған әсерін және түсірген суреттерін блогында жариялап отырған.

Тәжікстанды велосипедпен аралап жүрген шетелдіктер. (Әлеуметтік желідегі сурет.)
Тәжікстанды велосипедпен аралап жүрген шетелдіктер. (Әлеуметтік желідегі сурет.)

Шілденің 29-ында Тәжікстанда жасалған шабуылда опат болған және жараланған шетелдік саяхатшылар туралы деректер:

ДЖЕЙ ОСТИН

АҚШ тұрғын үй және қаланы дамыту департаментінде жеті жыл еңбек еткен 29 жастағы ер адам кейін ол жұмысын тастап, әлемді аралауға шыққан. Ол блогына былай деп жазған: "Велосипедпен саяхаттау – ең қауіпсіз саяхат түрі. Қандай жаңалық естісеңіз де, жер шары керемет, қамқорлыққа толы, ұрланған саяхатшылар мен таяқ жеген велосипедшілер өте сирек кездеседі... Біз үшін ең қауіпті адамдар – автокөліктегі кісілер. Джей Остин – шілденің 29-ындағы шабуылда қаза тапқандардың бірі.

ЛАУРЕН ГЕОГЕГАН*

Вашингтон тұрғыны 29 жастағы Лаурен Геогеган Джорджтаун университетін бітірген. Оңтүстік Калифорния тумасы Капитолий белесінде жұмыс істеген. Геогеган мен Остиннің simplecycling.org блогында Лауреннің велосипедпен бес жыл бұрын ғана әуестене бастағаны айтылады. Бірақ әйел "тиімді серуен, қолжетімді саяхат, сергек көңіл-күй, таза ауа, қорғаусыз жүру, қоғаммен араласу, жақындық пен велосипед тебуден ләззат алу" тәрізді факторларды қатты ұнатып қалған. Әлемнің түрлі елдеріне саяхат жасаған Остиннің біраз сапарында Геогеган онымен бірге жүрген. Лаурен Гегогеган да шабуылдан опат болды.

РЕНЕ УОККЕ МЕН КИМ ПОСТМА

Нидерланд елінің азаматтары 56 жастағы психолог Рене Уокке Тәжікстанда ежелгі серігі, 58 жастағы Ким Постмамен бірге серуендеп жүрген. Олар Таиландтан Иранға саяхаттап бара жатқан. Уокке мен Постма бұл жолы Ауғанстан арқылы өтпей, өздері қауіпсіз санаған Тәжікстан арқылы өтуді ұйғарған. Інісінің айтуынша, Постмамен бірге көп жерді шарлаған Уокке әлемнің 130 мемлекетін аралаған кәнігі саяхатшы екен.

Уокке мен Постма Амстердамда су бетіндегі үйде (хаусбот) тұрған, мінез-құлқы қиын балаларды асырап алып, тәрбиелеген, оларды тұрақты баспана тапқанша асырап жеткізген. Уокке шабуыл салдарынан қаза тапты. Постма Душанбе ауруханасында жатып, ем алып шықты. Тәжікстандағы Германия елшілігінің дерегі бойынша (Душанбеде Нидерланд елшілігі жоқ), қазір сол қаладағы конақүйде демалып жатыр.

МАРКУС ХУММЕЛ МЕН МАРИ-КЛЕР ДИМЕНД

Швейцариялық велосипедшілер – Цюрих кантонының тұрғындары 62 жастағы Хуммел мен 59 жастағы Дименд "Арман орындалады" деген блог жүргізеді. Олар ежелгі Жібек жолымен Қытайдың Сиань өлкесінен Қырғызстанға келе жатқан. Шілденің 25-і күні олар блогтарына "Тәжікстанда тыныштықтан ләззат аласың, табиғаты керемет, Памир өзеніне қарап, Ауғанстан жақтағы алқаппен келе жатырмыз" деп жазған. Хуммел шабуыл кезінде мерт болған, Дименд аман қалып, Душанбе ауруханасына жеткізілген.

ГИЙОМ КАЗАБАТ

Француз азаматы жеті адамдың топтың соңында келе жатқан. Кей мәлімет бойынша, шабуыл кезінде ол жеңіл жарақаттаныпты. Тәжікстандағы Франция елшілігі ол туралы қосымша ақпарат бере алмады.

*ТҮЗЕТУ: Геогагеннің биографиялық дерегі мен фамилиясына өзгеріс енгізілді.

(Пит Баумгартнердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG