Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы жеті мыңға жуық содырын Тәжікстанмен шекара бойындағы 29 жаттығу базасына орналастырған. Бұл туралы мамырдың 2-сі күні Еуропа одағы мен БҰҰ-ның "Орталық Азиядағы шекараларды басқаруға жәрдемдесу" (ВОМСА) бірлескен бағдарламасының 15 жылдығына арналған шарада Тәжікстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне (МҰҚК) қарасты шекара әскерінің қолбасшысы Раджабали Рахмонали мәлімдеді.
Оның сөзінше, "Талибан" қозғалысы 6825 содырын Ауғанстанның оңтүстігінен солтүстігіне апарған. Қазір олар Балх, Құндыз, Тахор және Бадахшан уәлаяттарында орналасқан 29 жаттығу базасында тұр. Раджабали Рахмонали содырлардың көбі – Орталық Азия елдерінен шыққандар деп хабарлады.
Ауғанстанмен шекарасы ең ұзын (1400 километр) ел – Тәжікстан оңтүстік шекарасына қарулы топтардың шоғырлануына алаңдап отыр. Былтыр қарашаның 30-ы күні Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымының (ҰҚШҰ) ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Минскіде өткен сессиясында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон әріптестерін ҰҚШҰ-ға мүше елдердің оңтүстік шекарасы саналатын тәжік-ауған шекарасын жұмыла нығайтуға тағы шақырған. Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рахмон жиынға қатысушылардың назарын ғаламдық проблемалар мен ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігіне төнетін аймақтық қатерлерге аударып, оған тойтарыс беру үшін бірлескен іс-қимыл шараларын табуды ұсынған.
Тәжікстан МҰҚК-не қарасты шекара қызметінің басшысы Раджабали Рахмонали ауған-тәжік шекарасы Тәжікстанның ғана бас ауруына айналып тұр деп мәлімдеді. Ол елдің оңтүстік шекараларын нығайтуға көмектескені үшін өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға алғыс айтып, Тәжікстан көмекке әлі мұқтаж деп мәлімдеді. Рахмоналидің сөзінше, ВОМСА бағдарламасы іске қосылғаннан бергі 15 жылда Ауғанстанмен шекарасын нығайту үшін Тәжікстанға жалпы сомасы 43 миллион еуроның көмегі көрсетілген.
Еурокомиссия Тәжікстандағы ВОМСА бағдарламасын 2002 жылы бастаған. Бағдарлама Орталық Азияның бес елі арасындағы трансшекаралық ынтымақтастықты жетілдіруге бағытталған.
Сарапшылардың сөзінше, содырлардың тәжік-ауған шекарасында көптеп шоғырлануы Таяу Шығыстағы, оның ішінде территориясының көбі үкімет күштерінің бақылауына өткен Сириядағы жағдайдың өрбуіне байланысты. Бұған дейін ТМД елдері шекара әскерлерінің қолбасшылары кеңесі үйлестіру қызметінің төрағасы генерал-полковник Александр Манилов "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы Сирия мен Иракта талқандалғаннан кейін оның қатарында соғысқан ТМД елдерінен шыққандардың көбі Сириядан кетіп, өзге елдерге, оның ішінде Ауғанстанға ағыла бастаған деп мәлімдеген.
Ауғанстаннан заңсыз тасымалданатын героин мен апиын Орталық Азияның "қара базарлары" арқылы Ресей мен Еуропаға жол тартатын "солтүстік маршрут" тәжік-ауған шекарасы арқылы өтеді.
Тәжікстан МҰҚК-не қарасты шекара әскері бас басқармасының дерегінше, былтыр тәжік шекарашылары Ауғанстанмен шекарада контрабандалық жолмен есірткі тасымалдаған 18 адамның көзін жойып, тағы 20 адамды ұстаған. Тәжік-ауған шекарасында 31 қарулы қақтығыс болған. Тәжікстандық шекарашылар 1700 килограммнан көп есірткі тәркілеп, жүздеген мың адамның өмірін құтқарып қалған.
(Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі Искандер Фируздың мақаласы орысшадан аударылды)