Accessibility links

Орамал таққан 22 оқушының ата-анасына айыппұл салынды


Оқушы қыздарын ата-аналары сабаққа апара жатыр. Көрнекі сурет.
Оқушы қыздарын ата-аналары сабаққа апара жатыр. Көрнекі сурет.

Шымкентте мектепке діни киіммен барған 22 оқушының ата-анасына айыппұл салынды. Бұл туралы Азаттыққа Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы Жанар Алтаева айтты.

Жанар Алтаеваның сөзінше, 2017-2018 оқу жылында 148 оқушы мектепке діни киіммен келген.

Түркістан облысы білім саласындағы бақылау департаменті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына ("Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу") сай 22 ата-анаға айыппұл салып, жеті ата-анаға ескерту берген. Алтаеваның сөзінше, осы 29 баланың төртеуінің ата-анасы баласының орамалын шешуге келіскен.

Шымкент қалалық білім басқармасының дерегінше, қазір 148 оқушының ішінде 89 оқушының ата-анасы балаларының орамалын шешуге әлі қарсы болып отыр.

Оқи отырыңыз: Орамал дауы үдеген жыл

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы 2017 жылы күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кей мектеп әкімшіліктері мен ата-аналар арасындағы "орамал дауына" себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.

Биыл оқу жылының соңында Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ақтөбе облысында орамал таққаны үшін мектепке бара алмаған және келесі сыныпқа өтпейді делінген оқушылардың мәселесі қарастырылатынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG