Accessibility links

Қазақстан Азиадада үздік төрттікке енуді жоспарлайды


Қазақстан құрамасы 2014 жылғы жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында. Инчхон, 19 қыркүйек 2014 жыл.
Қазақстан құрамасы 2014 жылғы жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында. Инчхон, 19 қыркүйек 2014 жыл.

Тамыздың 18-і күні Индонезияның Джакарта қаласында 18-жазғы Азия ойындары басталады. Қазақстан Азиадаға 440 спортшы апарады. Бұл – ел құрамасы үшін рекордтық сан. Астана жарыста жүлде алған спортшыларға ақшалай сыйақы бермек.

Қазақстандық дзюдошы Жансай Смағұлов жазғы Азия ойындарына алғаш рет қатыспақ. 73 келі салмақ категориясында күресетін Жансай 2017 жылы өткен Азия чемпионатында қола медаль алған. Биылғы Азия ойындарында алтын алуды жоспарлайды.

- Дайындық жақсы, ойдағыдай өтті. Азия ойындарында алтын алуға мүмкіндік бар. Рио олимпиадасының чемпионы жапониялық Оно Сэхей, оңтүстік кореялық Ан Чангрим, өзбекстандық Гияс Бобоев сынды балуандар – негізгі қарсыластарым. Барымды салып жақсы дайындалдым. Жеребеге де байланысты болады. Азия ойындарынан кейін Әзербайжанда өтетін әлем чемпионатына қатысамын, - дейді дзюдошы.

Жансай Смағұлов Рио олимпиадасында.
Жансай Смағұлов Рио олимпиадасында.

Тамыздың 18-і мен қыркүйектің 2-сі аралығында Джакарта мен Палембанг қаласында өтетін Азия ойындарына Қазақстаннан 600-ге жуық адам барады. Олардың – 440-ы спортшы. 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарына Қазақстаннан 420-ға жуық спортшы қатысқан.

Қазақстан спортшыларының Азия ойындарына дайындығын мемлекет қаржыландырады. Қаржыны Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті мен Мәдениет және спорт министрлігі бөлген. Елдің Ұлттық олимпиада комитетін Forbes журналы жариялаған әлемдегі бай адамдардың тізіміне енген қазақстандық бизнесмен, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев басқарады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГІЗГІ ҚАРСЫЛАСТАРЫ

Қазақстан жазғы Азия ойындарына тәуелсіз ел ретінде жетінші рет қатыспақ. 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында бұл ел 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медальмен Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейінгі төртінші орынды иеленген. Қазақстан Индонезиядағы Азия ойындарында да үздік төрттікке енуді жоспарлайды.

- Төртінші орынға талас қиын болады деп ойлаймын. Азияда спорт қатты дамып келеді. Иран, Таиланд, Үндістан құрамалары да лидерлерге жақындап қалды. Индонезия құрамасы да көп медаль жеңуге тырысады. Өзбекстанның да спорты жақсы дамыған. Жекпе-жек түрлеріне көп үміт артамыз. Жеңіл атлетика, ескек есу, велоспорт, садақ атудан да жүлде күтеміз, - дейді Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің өкілі Елсияр Қанағатов.

Қазақстан - жазғы Азия ойындарында (Суретті бассаңыз, үлкейеді)
Қазақстан - жазғы Азия ойындарында (Суретті бассаңыз, үлкейеді)

Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Азия ойындарында алтын алған спортшыға 10 мың, күміс жүлдегерге 5 мың, қола иеленген спортшыға 3 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.

БОКСШЫЛАР МЕН ДЗЮДОШЫЛАРДЫҢ ЖОСПАРЫ

Қазақстан ауыр атлеттері Азия ойындарына қатыспайды. Бұл спорттан Қазақстан әлемдік жарыстарда көп жүлде алатын. Ал 2017 жылдың қарашасында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 20-дан астам ауыр атлеті допинг қолданғаны үшін Қазақстанды бір жыл жарыстан шеттеткен.

Бұған қоса, Джакартадағы Азия ойындарында бокстан тек жеті медаль жұбы сарапқа салынады. Ұйымдастыру комитеті ойындар бағдарламасынан 81, 91 және +91 келі салмақ дәрежесін алып тастады. Азия олимпиада комитеті мен ұйымдастырушылар бұл шешімді «Азиада бағдарламасын оңтайландыру үшін» қабылдағандарын айтты. Азия ойындарының бағдарламасынан шығып қалған үш салмақта Қазақстан боксшылары фаворит саналған.

Қазақстан бокс федерациясы бұл өзгеріске өкініш білдіріп, Индонезиядағы Азия ойындарында медаль жоспарын өзгертті. Қазақстан бокс құрама бапкері Мырзағали Айтжанов «Азия ойындарында бес медаль алуды жоспарлаймыз. Оның екеуі алтын болуы тиіс» деді. Джакартаға 2017 жылғы әлем чемпионатында алтын алған Қайрат Ералиев пен күміс иеленген Әбілхан Аманқұл барады. Қазақстандық спорт журналисі Тимур Байкетаевтың ойынша, бокс пен ауыр атлетика спортындағы өзгерістер Қазақстанның нәтижесіне әсер етеді.

- Қазақстан тарихта алғаш рет жалпы есепте үздік үштікке енеді деп ойламаймын. Қазақстан спорты Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореядан әлсіз. Үздік үштікке енетіндей ғажайып жеңістер болады деп айта алмаймын. Қазақстанның төртінші орынды сақтап қалуды ойлауы керек. Себебі Индонезия ұйымдастырушы ел ретінде көп медаль алуға тырысады. Басқа елдерде де спорт жақсы дамып келеді. Азия ойындарынан бокс салмағын алып тастауы, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының Азиадаға қатыспауы нәтижеге әсер етеді. Олимпиадада медаль алған қазақстандық боксшылар 91 келідегі Василий Левит және 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов Азия ойындарына тыс қалды, - дейді ол.

Қазақстан дзюдо құрамасы Джакартадағы Азия ойындарында екі алтын, бір күміс, үш қола медаль алуды жоспарлайды. Жүлдеге таласатындардың қатарында Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен Моңғолиядан келген легионер Галбадрах Отгонцэцэг (Рио олимпиадасында қола алған) бар.

2014 жылғы Инчхондағы Азия ойындарына барып, хабар таратқан журналист Асқар Ағатаев Қазақстан Азия ойындарында 20-дан астам алтын алады деп күтеді.

- Cадақ ату, семсерлесу, ескек есу, күрестен біраз алтын медаль күтуге болады. Дзюдо құрамасынан сенсация күтемін. Азия ойындарына дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасын Сидней олимпиадасының қола жүлдегері Айдын Смағұлов дайындады. Ал бокс саласындағы реформадан кейін Қазақстан құрамасы Инчхондағыдай бес алтын алады деп айта алмаймын. Ал жалпы есептегі төртінші орынға Қазақстан мен Иран таласады, - дейді спорт журналисі.

Джакартада өтетін Азия ойындарының деректері (Суретті бассаңыз, үлкейеді).
Джакартада өтетін Азия ойындарының деректері (Суретті бассаңыз, үлкейеді).

Жеңіл атлетикадан Доха, Гуанчжоу, Инчхондағы Азия ойындарының, Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Индонезияға да барады. Жүзуден Рио олимпиадасының чемпионы, Инчхондағы Азиадада үш алтын алған Дмитрий Баландин да Джакартадағы жарысқа қатысады.

200 метрге брасс әдісімен жүзу жарысынан Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.
200 метрге брасс әдісімен жүзу жарысынан Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Ал теннистен Қазақстан құрамасының лидерлері Зарина Дияс, Юлия Путинцева және Михаил Кукушкин ірі коммерциялық жарыстарға қатысу үшін Азия ойындарына барудан бас тартқан. Азиадаға Қазақстан құрамасының екінші нөмерлі теннисшілер барады.

Азиада Азия елдері үшін олимпиада ойындарынан кейінгі ең ірі спорт жарысы саналады. Жазғы Азия ойындары 1951 жылдан бері әр төрт жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG