Accessibility links

Джалалуддин Хакканидің қалдырған "мұрасы"


"Хаккани желісі" экстремистік тобының негізін қалаған Джалалуддин Хаккани. Пәкістан, 22 тамыз 1998 жыл.
"Хаккани желісі" экстремистік тобының негізін қалаған Джалалуддин Хаккани. Пәкістан, 22 тамыз 1998 жыл.

Ауғанстанда ең қандықол экстремистік топты құрған Джалалуддин Хаккани қайтыс болды. Оның артында әлі ондаған жылдар бойы зардабы қалатын, қан сасыған "мұрасы" қалды.

Ауғанстандағы ең қауіпті қарулы ұйымдардың бірі – "Хаккани желісі" деп аталатын топты құрған Джалалуддин Хакканидің созылмалы дерттен қайтыс болғаны туралы қыркүйектің 4-інде "Хаккани желісінің" одақтасы "Талибан" қозғалысы хабарлаған.

Ауғанстандағы ең қандықол экстремистік ұйымның негізін қалаған Джалалуддин Хаккани шау тартып, мүгедек болып, жүріс-тұрысы қиындаған бірнеше жылдан бері істен шеттеген еді. Хаккани 1980 жылдардағы ауған соғысы кезінде моджахедтер көсемдерінің бірі болған. 2001 жылы АҚШ әскері басып кірген соң ол "Хаккани желісі" деген ұйым құрып, аса ірі қанды шабуылдар ұйымдастырумен айналысты. Ол "күрестің" тоқтап қалмауына ертерек қам жасап, билікті ұлы Сираджуддинге берген. Сираджуддин Хаккани қазір ауғанстандық "Талибан" басшыларының бірі.

Джалалуддин Хакканидің ұлы Сираджуддин Хакканиге іздеу жариялаған АҚШ федералдық тергеу бюросының ақпараты.
Джалалуддин Хакканидің ұлы Сираджуддин Хакканиге іздеу жариялаған АҚШ федералдық тергеу бюросының ақпараты.

Сарапшылардың айтуынша, Джалалуддин Хакканидің "мұрасына", оның тобының әскери әлеуеті мен стратегиясына еш қауіп төніп тұрған жоқ.

ТАҢДАП ШАБУЫЛДАУ СТРАТЕГИЯСЫ

"Хаккани желісі" – қалада жанкештінің көмегімен жарылыс ұйымдастырумен атышулы топ. Олар ұйымдастырған шабуылдар кесірінен көбінесе бейбіт тұрғындармен қоса ауған қауіпсіздік күштерінің әскерилері және шетелдіктер қаза болған.

2017 жылғы мамырда Кабулда болған жойқын шабуылды "Хаккани желісі" ұйымдастырды деген күдік бар. Сол жолы жүк көлігінің жарылуы кесірінен 150 адам ажал құшқан. Ал Сираджуддин жарылысқа бұл топтың қатысы жоқ деп мәлімдеген.

Шетелдіктерге бағытталған ірі шабуылдардың көбін осы ұйым жасады делінеді. Мәселен, 2009 жылы Хост аймағында АҚШ Орталық барлау басқармасының базасына жанкешті жасаған шабуылдан жеті агент қаза тауып, алтауы жарақат алған.

"2001 жылы АҚШ әскері басып кірген соң Пәкістандағы тайпалар арасында қолдауға ие болған Хаккани тобы "Талибанның" стратегиясын өзгертуге ат салысқан, соның арқасында олар Пәкістаннан ауған жеріне келіп, ірі шабуылдар жасаған", – дейді Лондондағы Chatham House сараптама орталығының маманы Хамид Хакими.

"Жанкештілер тобының іс-әрекеті арқылы талибандықтар үрейлі имидж қалыптастырды. Хакканимен одақтаспайынша, жан-жақты партизан соғысын жүргізіп, шабуылдар ұйымдастыру мүмкін болмас еді", – дейді Хакими.

1996 жылы Кабулда "Талибан" қозғалысы билікке келген соң Хаккани министр қызметін атқарған. АҚШ елшілігі 1998 жылы жинап, кейіннен жариялаған ақпарат бойынша, Ауғанстанға фундаменталды сүнниттік Ислам дінін алып келіп, азамат соғысында жеңіске жеткен талибандықтар соғыс өнерін жақсы меңгерген Хакканиді жоғары бағалаған.

Ол – "Талибанға" қосылып, олардың басшысы молда Мухаммед Омармен жақсы қарым-қатынас орнатқан жалғыз моджахед болса керек.

"АРАБ СОДЫРЛАРЫНЫҢ ЖАҚЫН ДОСТАРЫ"

2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін "Хаккани желісіне" атышулы "Әл-Қаида" террорлық ұйымы көп ықпал ете бастады.

"Хакканидің ерекшелігі сол – ол Ауғанстаннан тысқары шетелдік террорлық ұйымдармен, соның ішінде "Әл-Қаидамен" ерекше қарым-қатынас орнатты", – дейді Ауғанстанның бұрынғы елшісі, сарапшы қызметін атқарып, Ауғанстан басшыларына кеңесші болған Омар Самад.

Хост уәлаятында "Хаккани желісінің" мүшелері деген күдікпен ұсталғандар. Ауғанстан, 5 ақпан, 2012 жыл.
Хост уәлаятында "Хаккани желісінің" мүшелері деген күдікпен ұсталғандар. Ауғанстан, 5 ақпан, 2012 жыл.

"Жанкештілер көмегімен шабуыл жасап, "жихадты" ақтап алатындармен соғыстың жаңа әдістерін үйреніп, бірлесе дайындалу үшін осы байланыс маңызды болды", – дейді Самад. Оның айтуынша, бұл тәсіл Ауғанстанға сырттан келген, 2001 жылға дейін ауған жерінде терроршылар оны мүлде қолданбаған.

Ауғанстанды совет әскері оккупациялаған 1980 жылдары Хаккани араб тілін білетінін пайдаланып, араб жихадшыларымен жақсы байланыс орнатқан. Олардың арасында соғыс кезінде осы аймаққа келген Осама бен Ладен де болған.

Исламшыл идеологияны насихаттау мақсатында Хаккани бен Ладеннің ақшасына Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шекарада ондаған діни мектеп ашқан. Сондай-ақ ол араб содырларын дайындайтын лагерлер тұрғызған, елде "Талибан" билікте болған кезде бұл лагерлерді "Әл-Қаида" пайдаланған.

Ауғанстан мен Пәкістанда әлі күнге жасырынып жүрген содырларды, соның ішінде "Әл-Қаида" басшысы Айман әз-Зауахириді Пәкістанның тайпалық аудандарында "Хаккани желісі" қорғап отыр деген болжам бар.

АҚШ елшілігінің жария болған дипломатиялық материалдарында Хакканидің "араб және Пәкістан исламшыларының жақын досы" болғаны айтылған.

"ПӘКІСТАННЫҢ СЕНІМДІ ҚҰРАЛЫ"

"Хаккани желісі" көптен бері Пәкістанның тасадағы әскери истеблишментімен және оның әйгілі "Ведомствоаралық барлау қызметімен" байланыста деген күдікке ілініп келеді. 1980 жылдары Пәкістанмен байланыс орнатуға Хакканидің өзі жауап берген, сол тұста ол Пәкістан басшылығы мен АҚШ Орталық барлау басқармасы берген қаржылай және әскери көмекті қабылдап алушылардың бірі болған.

Ауғанстан Совет одағы оккупациясында болған кезде Вашингтон Хакканидің әскери саладағы жетістіктерін жоғары бағалаған. Конгрессмен Чарли Уилсон оны "қайырымды адам" деп атаған. Ол Ақ үйде де болған, ал АҚШ президенті Рональд Рейган оны "азаттық жолындағы күрескер" деп сипаттаған.

Ауғанстанды "Талибан" билеп тұрған кезде Джалалуддин Хакканидің (оң жақта) Пәкістанға сапарында түскен суреті. 19 қазан 2001 жыл.
Ауғанстанды "Талибан" билеп тұрған кезде Джалалуддин Хакканидің (оң жақта) Пәкістанға сапарында түскен суреті. 19 қазан 2001 жыл.

Адмирал Майк Муллен Ауғанстандағы шетелдің және үкімет әскеріне қарсы соғысып жатқан топтарды паналатқан "Хаккани желісін" Пәкістан барлаушыларының "сенімді қолы" деп атаған.

2012 жылы Вашингтон "Хаккани желісін" террорлық ұйым деп таныды. Болжам бойынша, топ мүшелері 2001 жылдан бері Пәкістанның мазасыз тайпалық аудандарында әрекет етіп келеді.

"Соңғы қырық жыл бойы "Хаккани желісі" Пәкістан үшін сенімді құрал әрі құнды актив болып келеді. Сондықтан да Пәкістан әскерилері АҚШ қанша қысым жасаса да, бұл топтың мүшелерінен ешқашан бас тартқан емес", – дейді Кабулда тұратын саяси сарапшы Харун Мир.

Оның айтуынша, Хаккани "1980 жылдардағы қарсылықтың қаһарманы, ал кейіннен өз еліне кесірін тигізіп, Пәкістанның дегенін істеген сенімді орындаушы ретінде есте қалады".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG