Accessibility links

Помпео Пхеньянға сапары "сәтті" болғанын айтты


АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

Жексенбі күні Пхеньянда Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынмен кездескен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бұл жолғы сапарын "сәтті" деп атады.

Ол америкалық делегацияны қабылдағаны үшін Солтүстік Корея басшылығына алғыс айтып, тараптардың "Сингапур саммитінде жасалған келісімдер бойынша прогреске жетуді жалғастырып жатқаны" туралы мәлімдеді. Бұл туралы Помпео Twitter әлеуметтік желісінде жазған.

Помпео Солтүстік Кореяға АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның жаңа кездесуіне дайындық мақсатымен барған. Пхеньяннан кейін ол Сеулге барып, Солтүстік Кореяға сапарының нәтижесі туралы Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен бөліседі.

Әуелде Помпео Пхеньянға тамыз айында бармақшы болған, бірақ Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын доғаруына қатысты іс-шараларына көңілі толмайтыны себепті Вашингтон ол сапарды кейінге қалдырған.


Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Корей түбегін ядролық қарудан арылту тұрғысынан Ким Чен Ынмен кездесуін бірнеше рет сәтті деп атаған. Бірақ АҚШ Пхеньян ядролық қарудан толық арылмайынша осы елге салынған санкцияның күшін жоюдан бас тартқан. БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Солтүстік Корея сыртқы істер министрі Ли Ен Хо Пхеньянның ұлттық қауіпсіздігіне АҚШ тарапынан қауіп-қатер төнбейтіндігіне көз жеткізгенше ядролық қарудан бас тартпайтыны туралы мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG