Accessibility links

Алматыда бірнеше белсендіні полиция ұстап әкеткен


Полиция азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуовті әкетіп барады. (Көрнекі сурет.)
Полиция азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуовті әкетіп барады. (Көрнекі сурет.)

Желтоқсанның 16-сы күні Алматыда бірнеше азаматтық белсендіні полиция ұстап әкеткен. Кейбірін Тәуелсіздік монументі жанындағы орталық алаңнан, кейбірін үйінен шыққан соң ұстаған. Бұл туралы "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

Оның Азаттыққа айтуынша, жексенбі күні таңертең Алматы полициясы белсенділер Жасарал Қуанышәлин, Ғалым Ағелеуов, Геройхан Қыстаубаев, Маржан Аспандиярова мен тағы бірнеше адамды ұстаған, кейбірін полиция бөліміне апарған. Төреғожина үйінің сыртында полиция өкілдері тұрғандықтан пәтерінен шыға алмай отырғанын айтты.

- Тәуелсіздік мейрамы күні жай ғана алаңға бармақ болған азаматтарды еш себепсіз көшеден ұстап әкеткен. Мысалы, өзім ешқандай саяси ұйым, партияда жоқ құқыққорғаушымын. Мені неге бұл күні үйімнен шығармай ұстаулары керек? Сонда кей адамдарға алаңға баруға болады да, өзге біреулерге болмай ма? Азаматтарды бұлайша алалау – дискриминацияға жатады, - деді Бақытжан Төреғожина.

Тәуелсіздік күні белсенділер ұсталып, күзет күшейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:10 0:00

Азаттық тілшілері сөйлескен алматылық тағы бір белсенді Сүйіндік Алдабергенов те өзін үйінен шығармай қойғанын айтты. Азаттыққа телефонмен хабарласқан азаматтық белсенді Рысбек Сәрсенбайдың сөзінше, жексенбі күні таңертең жеке жұмысымен үйінен шыққан Маржан Аспандиярованы полиция ұстап, Түркісіб аудандық полиция бөліміне апаратындарын мәлімдеген.

- Маржан маған телефон соғып, өзін полиция өкілдері ұстағанын жеткізді. Үйден шықсам, оны алып кетпек болып тұр екен. Маған да әлдебір қағазды көрсетіп, қол қоюларың керек дедім. "Бұларың заңсыз" деп, қол қоюдан бас тарттым. Сосын "киімін ауыстырып алуға мұрсат беріңдер" деп Маржанды үйге алып кеттім де, "әйелім ешқайда бармайды, қасымда болады" дедім. Олар қазір біздің есіктің алдында отыр, - деді Рысбек Сәрсенбай.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті бүгін ұсталған азаматтар туралы әзірше түсініктеме берген жоқ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қою

​Бүгін, желтоқсанның 16-сы күні Қазақстанда тәуелсіздік декларациясының қабылданғанына 27 жыл толуына байланысты мереке күні. Алматыда таңертең қала әкімі Бауыржан Байбек бастаған бір топ шенеунік, кейбір қоғамдық ұйым өкілдері орталық алаңдағы Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қойды. Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысындағы "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші алдына жиналған жұрт гүл қойып, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресте құрбан болғандарға құран бағыштады.

Тәуелсіздік мейрамына байланысты Қазақстанда биыл желтоқсанның 19-ына дейін демалыс жарияланған.

Қазақстан қоғамында бұл күні тағы екі оқиғаны еске алады. 1986 жылы желтоқсанның 16-сында Мәскеудің Қазақ ССР-і компартиясы басшылығына республикаға белгісіз адамды тағайындау туралы шешімі студент және жұмысшы қазақ жастарының наразылық шеруіне ұласқан. Алматының орталық алаңында екі күнге жалғасқан шеруді билік күшпен басқан. Жүздеген адам қуғын-сүргінге ұшыраған.

2011 жылы желтоқсанның 16-сында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерге байланысты талаптар қойған мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан наразылық шеруіне полиция оқ жаудырған. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғалар кезінде 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG