Accessibility links

Антониу Гутерриш: "Антисемитизм қайта бас көтерді"


Освенцимдегі крематорий. Шілде айы 2007 жыл
Освенцимдегі крематорий. Шілде айы 2007 жыл

Бүгін – Холокост құрбандарын еске алу күні. 1945 жылғы 27 қаңтарда совет әскері нацистердің ең ірі лагері – Освенцимдегі (Аушвиц-Биркенау) тұтқындарды босатқан. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер мен олардың жақтастары алты миллионға тарта еврейді өлтірген. Тарихшылардың ұзақ жыл бойғы еңбегіне қарамастан қасірет құрбандарының көпшілігі туралы ақпарат жоқ.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2005 жылы қараша айындағы шешімімен халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күні белгіленген. Қаңтардың 27-сін таңдау себебі – 1945 жылы сол күні совет әскері нацистердің ең ірі концентрациялық лагері Аушвиц-Биркенауды (Освенцим) азат еткен. Холокост (грек тілінен аударғанда "өртеу құрбаны") – германиялық нацистердің 1933-1945 жылдары жүргізген еврейлерді жою операциясы. Түрлі дерек бойынша 12 жыл ішінде алты миллионға жуық еврей өлтірілген.

Аушвиц (Освенцим) концлагерінің қақпасы.
Аушвиц (Освенцим) концлагерінің қақпасы.

Холокост құрбандарына арнап Иерусалимдегі Еске алу тауында "Яд Ва-Шем" мемориалдық кешені (1953 жылы негізі қаланған) және әлемдегі адам ең көп баратын орындардың бірі – Вашингтондағы Холокостты еске алу музейі, басқа бірнеше елде соған ұқсас музейлер бар.

"ЖАҒДАЙ НАШАРЛАП БАРАДЫ"

Осы күндері әлемнің көп елінде Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу шаралары өтіп жатыр. Жақында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен Нью-Йорктағы Парк-авенюде орналасқан тарихи синагогада Холокост құрбандарын еске алу рәсімі өтті. "БҰҰ антисемитизммен және идеологиялық өшпенділіктің кез келген түріне қарсы күресте алдыңғы орында тұрады" деді БҰҰ Бас хатшысы.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Гутерриш өткен жылы Питтсбургтегі синагогалардың бірінде еврейлерге жасалған шабуылды еске салды. Онда қарулы адам "еврейлердің бәрі өлім құшсын!" деп айқайлап, келген жұртқа оқ атқан, соның кесірінен 11 адам мерт болды.

Гутерриштің айтуынша, бұл – АҚШ тарихындағы антисемитизмге негізделген ең қанды шабуыл, айуандық қылмыс болды.

БҰҰ мәліметі бойынша, 2017 жылы АҚШ-та антисемитизм негізіндегі шабуылдар саны 57 пайызға көбейген. Еуропада еврейлердің 28 пайызы түрлі формадағы кемсітуге ұшыраған.

"Антисемитизм қайта бас көтерді, жағдай нашарлап барады" деді Антониу Гутерриш. Оның айтуынша, нацистердің символдары мен ұрандары әлі де таралып жатыр, ал белсенділер жүздеген неонацистік ұйымдардың бар екенін айтады.

"Еврейлерге өшпенділік бар жерде мұсылмандарға қарсылық сияқты нәсілшілдіктің басқа формалары да байқалады" дейді БҰҰ Бас хатшысы. Оның айтуынша, өшпенділік идеясы ірі партиялардың саяси платформаларына еніп жатыр. "1930 жылмен арадағы ұқсастықты ұлғайтып көрсетпеуіміз керек. Дегенмен бұл ұқсастықты көзге ілмеуге де болмайды" деді Гутерриш.

ВИДЕО: Вашингтондағы Холокостты еске алу музейі (Орыс тілінде)

Хранители истории Холокоста
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00

БҰҰ-ның ресми сайтының хабарлауынша, Парк-авенюдағы синагоганың бас раввині Артур Шнайжер Холокостты басынан өткерген, ал оның туыстары Освенцимде өлтірілген. Өз сөзінде Шнайдер антисемитизмнің еврейлерге ғана қарсы бағытталмағанын айтты.

"Антисемитизм – қоғамның басқа барлық азшылық өкілдеріне деген көзқарасының көрсеткіші. Бір қоғам туралы көп білгілеріңіз келсе, көпшіліктің азшылыққа қалай қарайтынына назар аударыңыз" деді Шнайдер.

ОСВЕНЦИМ – ХОЛОКОСТ СИМВОЛЫ

Нацистік Германия мен оның жақтастарының 1933-1945 жылдардағы алты миллион еврейді қудалап, өлтіру саясатын "Холокост" деп атайды.

Сол кезде Еуропада тұрып жатқан еврейлердің үштен екісі Холокост кезінде ажал құшты, олардың жартысына жуығы совет тұтқындарымен, сығандармен, мүгедектермен, диссиденттермен және гомосексуалистермен бірге Польшадағы өлім лагерьлеріне қамалды.

Польшада орналасқан Аушвиц (Освенцим) лагерінің негізгі қақпасы.
Польшада орналасқан Аушвиц (Освенцим) лагерінің негізгі қақпасы.

Түрлі статистика бойынша Освенцимде (Аушвиц-Биркенау) 1,5-нан 4 миллионға жуық адам мерт болған. Освенцим Польшаға немістер басып кіргеннен бір жыл өткен соң, яғни 1940 жылы жұмыс істей бастады. Еврейлермен қоса онда 85 мың поляк, 20 мың сыған, Еуропа елдерінің басқа 12 мың азаматы және Совет одағының шамамен 15 мыңға жуық әскери тұтқыны өлтірілген.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшада нацистердің алты лагері жұмыс істеген. Олар: Хелмно, Белжец, Треблинка, Собибор, Майданек және Аушвиц-Биркенау.

Освенцимнен азат етілген тұтқындар
Освенцимнен азат етілген тұтқындар

Аушвиц-Биркенау – Краковтан батысқа қарай 60 километр жердегі Освенцим қаласының маңында 1940-1945 жылдары жұмыс істеген немістердің концентрациялық және өлім лагерьлерінің кешені. Лагерь жұмыс істеген кезде онда 1,5 миллионға жуық адам өлтірілген. Олардың миллионға жуығы – еврей. Аушвиц-Биркенау Холокосттың басты символдарының біріне айналған. Лагерьді 1945 жылғы 27 қаңтарда совет әскері азат еткен.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанға 1941 жылдың тамызынан 1942 жылдың қаңтарына дейін 386 мың адам эвакуацияланған, олардың арасында еврейлер де болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG