Польшада "Ұлттық жады туралы" заңға жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай Холокост қырғыны кезінде жасалған қылмыстарға Польшаны жария түрде айыптағаны, Освенцим немесе Майданектегі концлагерьлерді "польшалық" деп атағаны және "бандералық идеологияны" қолдағаны үшін сот үш жыл мерзімге дейін жаза тағайындай алады.
Өткен аптаның соңында Польша Сеймі (парламент) мақұлдаған түзетулерді қаңтардың 31-і түнде сенат та құптады. Президент қол қоғаннан кейін заң өзгертулері түпкілікті күшіне енбек.
Ақпанның 1-і күні таңертең Украина президенті Петр Порошенко "бұл заң Польша мен Украина арасындағы стратегиялық әріптестік принциптеріне үйлеспейді" және "тарихи шындықты анықтау үшін тыйым салу емес, ашық әңгіме мен диалог қажет" деп мәлімдеді. Ал Жоғарғы Радаға (Украина парламенті – ред.) "Радикалдар партиясынан" сайланған депутат Игорь Мосийчук тіпті Украинаның Польшадағы елшісін кері шақыртып алуды ұсынды.
Оқи отырыңыз: Холокост туралы заң жобасы дауға айналды
Бірақ Польшаның Ярослав Качиньский басқаратын "Құқық және әділеттілік" билік партиясы құжатты қабылдатуға күш салып жатыр.
Польша сенаты ұлттық жады институты туралы заңның жаңа редакциясын қарауға Польша мен Израиль сарапшылар топтарының ұйғарымын күтпестен кірісіп кеткен болатын. 31 қаңтарда құжат жобасын сенаттың комиссиялары талқылап, ешбір түзетусіз қабылдады.
Польша сеймі мен сенаты мақұлдаған әрі үлкен резонанс тудырған ұлттық жады институты туралы заңға енгізілуі мүмкін ережелер мәнісі қандай?
"ПОЛЬШАНЫҢ АЖАЛ ЛАГЕРЬЛЕРІ" ЖӘНЕ "БАНДЕРАЛЫҚ ИДЕОЛОГИЯ"
Дауға ұласқан тіркестер дәл қай жерде айтылғанына қарамастан, заң нормалары Польша азаматтарына да, шетелдіктерге де бірдей қолданылады.
Құжатта "Польшаны нацистік Германияға астыртын дем берді, Холокост қырғыны кезіндегі қылмыстарға қатысы бар деп жария түрде айыптағаны" үшін үш жылға дейін түрмеге қамау жазасы қарастырылған.
1939 жылы нацистер Польшаны басып алғаннан кейін ел территориясында салған концлагерьлер туралы айтқан кезде "Польшаның ажал лагерьлері" деген тіркесті жария түрде қолданғаны үшін де жаза қарастырылған. Олардың негізгісі – Освенцим қаласындағы Аушвиц-Биркенау лагері.
Бұған қоса, поляк халқына қарсы геноцид деп танылған Волынь қасыретін (1939 жылға дейін Польша территориясы болған Волынь жерінде тұратын поляктарды 1943 жылы украиналық көтерілісшілер армиясының жаппай қыруы) жоққа шығару және "бандералық идеологияны" насихаттау да қылмыс саналып, ол үшін де түрме жазасы қарастырылған.
Фотогалерея. Нацистік концлагерь тұтқындары:
ИЗРАИЛЬДІҢ АЙЫПТАУЫ ЖӘНЕ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗЕТІН ТОПТАР
Польша парламентінің заңға енгізілетін даулы түзетулерді қабылдауы Израиль мен Украинада оған қарсы реакцияларға ұласты.
Израиль саясаткері, Кнессет (Израиль парламенті – ред.) депутаты әрі "Еш Атид" партиясының жетекшісі Яир Лапид Твиттер парақшасында: "Холокост қырғынына поляктардың қатысы болғанын жоққа шығаруға тырысып жатқан Польшаның жаңа заңын үзілді-кесілді айыптаймын. Холокост – Германияның идеясы екені рас, бірақ жүздеген мың еврей бір де неміс солдатына кезікпей ажал құшты. Ол жақта Польшаның ажал лагерьлері болған, бұл фактіні ешбір заң өзгерте алмайды" деп жазды.
Бұған Польшаның Израильдегі елшілігі дипломаттары Твиттер парақшасында: "Сіздің мына қисынсыз айыптауларыңыз Холокост туралы білімнің тіпті Израильдің өзінде қаншалықты таяз екенін көрсетеді" деп жауап берді.
29 қаңтарда Израиль және Польшаның премьер-министрлері Биньямин Нетаньяху мен Матеуш Моравецкий израильдіктердің шамына тиген құжатқа қатысты келіссөз бастау туралы келіскен. Екі елдің келіссөз жүргізетін топтары дереу диалог бастауы тиіс болған.
ВАРШАВА МЕН КИЕВ ШИЕЛЕНІСІ КҮШЕЙІП БАРАДЫ
Даулы заң Киевтің де шамына тиіп, наразылықты күшейтті.
Украина сыртқы істер министрлігі "Украина тақырыбын Польшаның ішкі саясатында тағы пайдаланып жатқаны және екі елге де ортақ тарихтың қасіретті парақтарын саясиландыру әрекеттері тыйылмай тұрғаны қапаландырады. Тарихи оқиғаларды тағы да сыңаржақ түсіндіруге тырысқан мына әрекетке үзілді-кесілді қарсымыз" деп мәлімдеді.
Украина ұлттық жады институтының директоры Владимир Вятрович Польшаны сөз бостандығы нормасын бұзды деп айыптады. "Польшада мақұлданған "бандеризм" туралы заң Украина үшін емес, Польша үшін қауіпті. Бұл – сөз бостандығынан бас тартып, партиялық цензура енгізуге қарай жасалған үлкен қадам. Заң украиналық авторлар ғана емес, әрекеттерін қылмыс деп санамай УПА (украиналық көтерілісшілер армиясы – ред.) туралы жазған польшалық авторларға да қолданылады" дейді ол.
2015 жылы Польшада "Құқық және әділет" партиясы билікке оралғаннан кейін Польша мен Украинаның арасы ушығып кеткен еді. Мұның бірі себебі – екі елдің баяғыдан келе жатқан қақтығысына түрткі болған жайттарды әртүрлі түсіндіру. Тарихшылар 1943-1944 жылдары халқы аралас болған Волынь территориясында жаппай тазарту жүргізу шараларынан поляктар ғана емес, украиндар да зардап шеккенін ескертеді.