Accessibility links

Астанада өрттен мерт болған сәбилерді жерледі


Жеке үйдегі өрттен мерт болған бес баланы жерлеу рәсімі. Астана, 5 ақпан 2019 жыл.
Жеке үйдегі өрттен мерт болған бес баланы жерлеу рәсімі. Астана, 5 ақпан 2019 жыл.

Астанада жеке үйдегі өрттен мерт болған кәмелетке толмаған бес баланы жерледі. Аязды күні Көктал-1 шағын ауданында далада өткен қоштасу рәсіміне жүздеген адам жиналды. Негізінен қарапайым тұрғындар қатысқан азалы шарада ресми тұлғалардан ешкім байқалмады.

Өрт салдарынан ажал құшқан бір отбасындағы бес қыз баланың жаназасы шығарылғаннан кейін оларды қала маңындағы зиратқа жерлеуге алып кетті.

Жерлеу рәсімінен Азаттықтың тікелей трансляциясы:

Қазақстандық басылымдар премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың сейсенбі күні үкімет отырысын Астанада жеке үйдегі өрт салдарынан бес баласынан айырылған отбасыға көңіл айтудан бастағаны туралы хабарлады.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында Шыңғыстау көшесіндегі жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған.

Оқи отырыңыз: "30 шаршы метрдегі өртті 1 сағаттай сөндірген"

"Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған" деп хабарлады Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Аягөз Фазылова. Туыстарының сөзінше, балалардың анасы содан үш күн бұрып жұмысқа шыққан, әкесі көлік жөндеу орталығында жұмыс істеген.

Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Жүргенбаеваның айтуынша, бұл шаңырақ көпбалалы отбасы ретінде есепте тұрған.

Өрттен соң Астана әкімі Бақыт Сұлтанов шұғыл кеңес өткізіп, аудан әкімдерінен полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп дереу қаладағы жеке тұрғын үйлерді аралап шығуды және әр үйдің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді талап еткен. Әкім "Бұл сіздердің қателіктеріңіз" деп төтенше жағдайлар қызметін сөккен.

Астана әкімдігі сайтындағы мәліметте қала бойынша тіркелген өрт оқиғаларының 50 пайызға жуығы жеке секторда, соның ішінде 65 пайызы жеке меншік тұрғын үйлерде болғаны көрсетілген. Өткен жылы Астанада 699 өрт тіркеліп, он адам мерт болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG