Accessibility links

Трамп Ким Чен Ынмен Вьетнамда кездесетінін айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның алғашқы кездесуі. Сингапур, 12 маусым 2018 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның алғашқы кездесуі. Сингапур, 12 маусым 2018 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын биыл ақпанның соңында Вьетнамда тағы жүздеседі. Бұл туралы Трамп сейсенбіде конгресте жолдау жасағанда мәлімдеді.

Екі басшының екінші саммитіне дайындық жүріп жатқаны туралы бірнеше айдан бері айтылып жүр. Осыдан бірнеше апта бұрын Солтүстік Кореяның жоғары лауазымды шенеуніктерінен тұратын делегация Вашингтонда АҚШ президентімен келіссөз өткізгеннен кейін екі ел басшыларының кездесу ақпанның соңында өтуі мүмкін деген ақпарат тараған еді.

Президент Трамп алдағы кездесудің нақты қай қалада өтетіні туралы айтпады. CNN дерегі бойынша, келесі саммит Вьетнам астанасы Ханойда немесе Дананг қаласында өтуі тиіс.

Конгресте жолдау жасаған Трамптың сөзінше, егер 2016 жылы өткен сайлауда өзі президент болып сайланбағанда және Солтүстік Кореяға қатысты жүйелі саясат жүргізбегенде АҚШ қазір ол елмен "көлемді соғыс" жүргізіп жатуы әбден мүмкін еді. Трамптың пікірінше, Ақ үй әкімшілігінің дипломатиялық күш-жігерінің арқасында Солтүстік Корея денуклеаризация жасауға келісіп қана қоймай, ядролық қару және зымыран сынағынан бас тартып, тұтқындағы АҚШ азаматтарын босатқан. Трамп алда әлі "көп жұмыс" барын айтты.

АҚШ-тың Солтүстік Корея бойынша арнайы өкілі Стивен Бигун осы аптада Пхеньянда алдағы саммитке дайындық жайлы келіссөздер өткізбек.

Трамп пен Ким Чен Ын 2018 жылы маусымда Сингапурда алғаш рет кездескенде Корей түбегін ядролық қарудан толық арылтуға дайын екендерін мәлімдеп, тиісті декларацияға қол қойған еді. Бірақ бұл бағытта әлі күнге дейін нақты қадам жасалған жоқ.

Фотогалерея: Трамп пен Кимнің алғашқы кездесуі. (12.06.2018)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG