Accessibility links

Жаңаөзенде ұсталған Азаттық тілшісі Тойкенге сот айыппұл салды


Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.
Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.

Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салды.

Сот 12 наурызда түскі 12.00 шамасында басталды. Сәния Тойкеннің үстінен полиция толтырған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада оның "полиция талабына бағынбағаны, өзін басқа есіммен таныстырғаны, куәландырудан бас тартқаны" жазылған.

Прокурор Ермек Килибаев судьядан Сәния Тойкенге 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды сұрады. Үш рет үзіліс жариялап, 20 минуттай ақылдасу бөлмесінде болған судья Серік Жұмабаев прокурордың өтінішін толық қанағаттандырды.

Сәния Тойкен де, адвокаты Таңатар Исекешев те сот шешімімен келіспейді.

Тойкеннің айтуынша, 11 наурызда Жаңаөзендегі дәмханалардың бірінің алдынан оны полиция кафедегі жанжалдың "куәгері" ретінде ұстап әкеткен. Оны "ештеңе көрмедім" дегеніне қарамай, қасындағы танысымен бірге көлікке салып полицияға жеткізген. Жаңаөзен полициясының сейсенбіде таратқан хабарламасында Тойкеннің қандай негізбен ұсталып, полицияға жеткізілгені айтылмаған.

Журналист Сәния Тойкен соңғы бір айда осымен үшінші рет ұсталып отыр.

27 ақпанда Жаңаөзенге тұрғындар наразылығынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілері – Тойкен мен видеооператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, Ақтау қаласындағы полиция департаментіне жеткізген. Оларға хаттама көрсетпестен тергеп, алты сағат ұстаған соң босатқан.

Полиция ол кезде "ұстауға Шаудирова есімді азаматтың арызы себеп болды" деген.

12 ақпанда Астанада бірнеше анадан сұхбат алуға олардың үйіне барған Тойкенді полиция басқармасына алып кеткен.

1 наурызда Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир 27 ақпанда Алматы, Жаңаөзен және Орал қалаларында бірнеше журналист пен блогердің ұсталуына байланысты алаңдаушылық білдірген.

ЕҚЫҰ өкілі мәлімдемесінде "журналистердің кәсіби міндетін орындауға кедергі ететін аз уақытқа ұстау тәжірибесіне алаңдайтынын" айтқан. Оның сөзінше, "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG