4 мамырда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Дания Еспаеваны Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы ОСК-ның баспасөз қызметі хабарлады.
ОСК-ның жазуынша, Қазақстанның барлық 17 өңірінен Дания Еспаеваны "президенттікке кандидат ретінде қолдайтын 144 098 азаматтың қолы" жиналған, оның ішінде 139 541 қол жарамды болып танылған.
Қазақстандағы президент сайлауына түсетін алғашқы әйел кандидат Дания Еспаеваны биыл 9 маусымда өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына билікшіл "Ақ жол" партиясы президенттікке үміткер ретінде ұсынған.
Бұған дейін ОСК "Нұр Отан" партиясы сайлауға үміткер ретінде ұсынған Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен "Ұлы дала қырандары" қозғалысы ұсынған үміткер Сәді-Бек Түгел, "Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы" ұсынған Амангелді Таспиховті президенттікке кандидат ретінде тіркеген.
"Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев 3 мамырда "сайлауалды кезеңде Тоқаев президенттік өкілетін атқара береді, заңда үгіт-насихат кезеңінде өкілетті тоқтату туралы талап жоқ" деген.
Биылғы ерте сайлауға елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден барлығы 9 үміткер ұсынылған еді. Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.
Ал Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы), Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) тіл сынағын тапсырып, сайлаушылардан қол жинауға рұқсат алған.
Кезектен тыс президент сайлауына кандидат тіркеу 11 мамырда аяқталады.
Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялап, сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.
Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.
1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.
ПІКІРЛЕР