4 тамызда түстен кейін Нұр-Сұлтанда Есіл жағалауында астаналық екі белсенді қауіпсіздік сертификатына байланысты кезек-кезек жалғызбасты пикет өткізді. Бірінші болып плакатын жайған белсенді Бэлла Орынбетова "мемлекет қауіпсіздік сертификаты арқылы азаматтардың жеке өміріне араласқысы келеді, мәселе тек сөз бостандығы ғана емес, қаржылық қауіпсіздік, деректердің қолды болмауы сияқты түрлі салаларға да әсері бар" деді.
- Онсыз да БАҚ-та цензура бар. Енді азаматтық журналистика ретінде дамып келе жатқан әлеуметтік желідегі белсенділікті де шектегісі келеді. Кеше Нұр-Сұлтанда әлеуметтік желілерге VPN-сыз кіре алмадық. Тіпті Google-дың өзін пайдалану мүмкіндігінен айрылдық. Біз мемлекеттің адамдардың жеке өміріне араласуына, жеке кеңістігіне қол сұғуына қарсымыз, - деді Бэлла Орынбетова.
Азаттық тілшісі оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:
Ол бұған дейін қауіпсіздік сертификатына байланысты Нұр-Сұлтанда митинг өткізу туралы әкімдікке өтініш берген, бірақ жергілікті билік рұқсат бермеген.
"Илон Маск құтқарыңыз" деген жазуы бар плакат ұстаған Бэлла Орынбетова қазақстандықтарда америкалық кәсіпкердің "еркін интернетпен қамтамасыз ету" туралы мәлімдемесінен үміт күтуден басқа амал қалмаған шығар деп топшылайды.
Бэлладан соң қолына "Сертификат - жеке кеңістігіме қолу сұғу" деп жазылған плакат ұстаған Мұратбек Кәрім есімді азамат пикет өткізді. Ол өзінің графика дизайнымен шұғылданатынын айтып, қауіпсіздік сертификаты жұмысына кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.
- Қауіпсіздік сертификаты міндетті емес дейді. Бірақ іс жүзінде соны орнатуға мәжбүрлеп жатыр. Әлеуметтік желілерге кіре алмай жүргенімізге екі күн болды. Бірақ ешкім үндемейді. Меніңше, әрбір адам бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Бұл әзірге Нұр-Сұлтан қаласында тестен өтіп жатыр. Алдағы уақытта бүкіл республикаға тарайды. Сондықтан бұл республикадағы әрбір азаматқа қатысты. Қауіпсіздік сертификаты БҰҰ-ның интернет бостандығы туралы резолюциясына қайшы. Мұндай нәрсе өзін демократиялы ел деп санайтын мемлекеттерде жоқ. Тек Түркіменстан, Солтүстік Корея сияқты елдерде болмаса" деді Мұратбек Кәрімов.
Кейіннен бұл акцияға алматылық белсенді Оразай Қыдырбаев та қосылды. Facebook-тағы парақшасына ол мынадай сурет жариялап қойды.
Биыл шілденің ортасынан бері қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан "интернетке кіру мәселесі туындамас үшін" арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған.
Сертификаттың ресми атауы - QazNet Trust Network. Операторлар мұны "кибер шабуылды алдын алу шарасы" деп атайды.
Қарай отырыңыз: "Қауіпсіздік сертификаты қауіпсіз бе?" (Шілде айы, 2019 жыл).
Билік "сертификаттың кибершабуыл мен теріс контенттен қорғайтынын, оны орнату туралы түпкілікті шешімді әр азамат өзі қабылдайтынын" айтумен келеді. Бірақ QazNet сертификатынан бас тартқандар көптеген әлеуметтік желі мен пошта жүйесіне кіре алмағанын айтып шағымданған.
Биліктің сертификатты жаппай енгізу талпынысынан кейін Нұр-Сұлтан жергілікті және халықаралық ұйымдар мен белсенділердің сынына қалды.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік сертификаты неге күмән туғызады?
Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер сертификаттан орнатқан соң "билік цензураны күшейтеді" деп қауіптенеді. Олар "билік осы сертификат арқылы әркімнің жеке ақпаратын бақылап отырғысы келеді" деп топшылайды. Кейбір белсенділер билік бастамасына наразылық білдіріп, астанада жалғыз адамдық акция өткізген.
Халықаралық ұйымдар мен басылымдар да Қазақстан билігін сынға алды. "Журналистерді қорғау комитеті" халықаралық журналистерді қорғау ұйымы сертификат орнату ұсынысын "азаматтарды бақылауда ұстау мүмкіндігін күшейтуге талпынысы" сияқты көрінетінін айтады. Комитет жариялаған блогавторы Мадлин Эрп Нұр-Сұлтанның вебтрафикті қадағалау әрекетін "цензура мен аңдудың жаңа бір түрі" деп атаған.
Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының әлемдегі интернет еркіндігінің деңгейі туралы есебінде Қазақстан 2018 жылы 65 елдің ішінде 46-орында тұрған. Freedom House Қазақстанды "әлеуметтік желілер мен коммуникациялық платформаларды жиі бұғаттайтын" елдер қатарына жатқызады.
ПІКІРЛЕР