Алматы қалалық мамандандандырылған ауданаралық әкімшілік соты алматылық Болат Смағұловты төрт тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Оған Әкімшілік кодекстің 667-бап 1-тармағы бойынша ("Полиция талабына бағынбау") айып тағылған.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, 21 қыркүйек күні "рұқсат етілмеген митинг кезінде" арнайы жасаққа қарсылық көрсеткен. Ал айыпталушы "митингіде емес, жұмысқа бара жатқан кезде арнайы жасақ алып кетті" деп санайды. Істі судья Бақыт Еділова қарады.
Алматы тұрғыны Қанат Жақыпов Facebook парақшасында Болат Смағұловты 26 қыркүйекте полиция Алмалы аудандық полиция басқармасына әкеткенін жазған.
21 қыркүйекте полиция елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы белгілеген "митингі орындарында" ресми дерек бойынша шамамен 100 адамды ұстаған. "Рұқсат етілмеген митингіге қатысқан" адамдардың көбі бірнеше сағаттан соң босатылған. Оннан астам адам әкімшілік жазаға тартылған. Оқиға кезінде полицияның бейбіт шерушілерге күш қолданғаны хабарланған.
Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстандағы соңғы ұстаулар мен қамауларды сынап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты саяси реформа жасауға шақырды.
ПІКІРЛЕР